ӘЛЕУМЕТТІК ЖОБА: НАҚТЫ ІСТЕР КӨРІНІСІ
Облыс әкімдігінің ұйымдастыруымен жыл сайын өтіп келе жатқан көрме-жәрмеңке жұмысына облыс әкімінің орынбасары Шыңғыс Мұқан қатысты. Бұл шараның үкіметтік емес ұйымдарға берері мол екендігін, жыл бойы өткен жобалардың талқыланып, жетістіктерін бөлісіп, кемшіліктерін білуге арналған алаң болатындығын айта келіп, демократиялық қоғамның басты көрсеткіштерінің бірі болып саналатын үкіметтік емес ұйымдарға үкімет тарапынан да, коммерциялық ұйымдар тарапынан да кең қолдау бар екендігіне баса тоқталды. Әсіресе, үкіметтік емес ұйымдардың мамандандырылуы халыққа да, мемлекетке де тиімді болатындығын қаперге берді. Сөйтіп, жәрмеңке-көрме жұмысына сәттілік тіледі.
Коммерциялық емес ұйымдардың жұмысы жылдан-жылға жанданып келе жатыр.Өткен жылы олардың қызметі үшін 130 млн. теңге қаржы бөлінсе, үстіміздегі жылы 181 млн. теңге бөлініпті. Былтырғы ұсынылған 60 жобаның саны биыл 110-ға жеткен. Осы салыстырмалықтың өзінен аталған институттың белсенділігі анық байқалады. Бүгінгі шараға он алты қоғамдық білестік пен үкіметтік емес ұйым қатысыпты. Олардың барлығы да ұсынылған жобалары бойынша түсінік беріп, өз бастамаларының маңыздылығы туралы ойларын ортаға салды.
Шара соңында тәуелсіз комиссия шешімімен үздік деп танылған жобаларға дипломдар мен бағалы сыйлықтар табыс етілді. Бірінші орынды Қазақстанның тәуелсіз ұрпағы қоғамдық бірлестігінің төрағасы Ұлықбек Тінәлиев иеленсе, екінші орын «Мүгедек әлемі» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Гүлбаршын Нұржігітоваға, үшінші орын «Барыс» денсаулық клубы қоғамдық білестігінің төрайымы Үздік Молдағалиеваға берілді.
«Жүректен жүрекке» еріктілер тобы мен Жылыой ауданынан келген «Жылыой-Азимут» қоғамдық бірлестігінің атқарушы директоры Есенқұл Жиенқұлов Алғыс хаттармен марапатталды. Ал, әлеуметтік үлгілі жобасы үшін «Атырау – маленькая страна» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Ерлан Күмісқалиевке де сый-сияпат ұсынылды.
Ағиба Қатешова.