Жарнама
Қоғам

Әлеуметтік желінің әлеуетке әсері

Интернет — бұл сіз кез келген нәрсені таба алатын өлшемсіз виртуалды кеңістік. Осыдан жарты ғасыр бұрын әлеуметтік желіні ешкім түсінген жоқ және әлеуметтік маңызы бар нәрсеге айналады деп те ойламаған. Қазір әлеуметтік желілердің қоғамдағы рөлі қандай маңызды болса, жеке өмірімізде де сондай маңызға ие болып жатыр.

Әлеуметтік желілер бүгінде қарым-қатынас, ақпарат алмасу және бүкіл әлеммен өзара әрекеттесу мүмкіндіктерін ұсынады. Бүгінде көптеген компания өз өнімдері мен қызмет аясын кеңейтіп, тұтынушыларды тарту үшін әлеуметтік желілерді пайдаланады, сондықтан тұтынушылар жаңа өнімдер, акциялар және арнайы ұсыныстар туралы ақпаратты тез арада ала алады. Әлеуметтік желі тұтынушыларға тауарды зерттеп көруге, ол туралы пікірлерді оқып, сараптама жасауға көп септігін тигізеді.

Әлеуметтік желі — өзіңді жарнамалаудың және жеке брендті дамытудың маңызды құралы. Жазбаларды, фотосуреттер мен бейнелерді жариялау мүмкіндігінің арқасында барлық қолданушылар өз ойларын, шығармашылық идеяларын жариялап, үлкен аудиториямен бөлісе алады. Әрине, бұл — жаңа мүмкіндіктер мен табыс табу үшін таптырмас құрал екені анық. Алайда, таяқтың екі ұшы болатыны да белгілі. Көп жастар қазір әлеуметтік желіге тәуелділіктен зардап шегеді, олар шынайы әлемде өмір сүрмей, смартфонның ар жағына кіріп кетеді. Бойында ашушаңдық, сабырсыздық пайда болып, жүйке жүйесіне де әсер етеді. “Әлін білмеген — әлек” демекші, пайдасы бар дүниені де орнымен қолдана білген абзал. Әлеуметтік желіні шектен тыс жауапсыз пайдалану адамдардың психикалық және эмоционалды денсаулығына, сондай-ақ тұтастай алғанда қоғамдық қауіпсіздік үшін ауыр зардаптарға әкелуі мүмкін.

Қорыта келе, әлеуметтік желіні саналы түрде пайдалана білген адам үшін оның берер пайдасы өте көп. Тұрақты табыс, жақсы орта, сені қолдайтын оқырман, идеяларыңды іске асыратын серіктестерді табуыңа болады. Осының өзінен-ақ әлеуметтік желінің біздің өмірімізге және жалпы қоғамға үлкен әсер беріп жатқанын түсінеміз.

Эльенора ҚАНАТ,

Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университеті IV курс студенті

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button