Әлеуметтік желінің әуресі мен сәулесі
Алдыңғы аптада белгілі саясаттанушы Ерлан Қарин еліміздегі ВКонтакте әлеуметтік желісін бұғаттап не тежеп тастауды ұсынды. ҚР Президенті жанындағы Стратегиялық зерттеулер институты директорының өз сөзімен беретін болсақ: «Соңғы оқиғалар кезіндегі жағдайларда, Фейсбук емес, ең алдымен, ВКонтакте желісін я тежеу, я мүлде тоқтату керек. Негізі барлық жөнсіз, мәнсіз, қауіпті бәлекеттің бәрі сонда», — дейді. Саясаттанушының бұл пікірі жұртшылық арасында әжептәуір дау туғызды. Бірқатар белгілі адамдар бұл желінің, шынында да, қоғам үшін қауіпті екендігіне алаңдаушылық білдірсе, енді біреулер ВКонтакте желісінің берері көп дегенге саятын көзқарастарын жасырмады. Хош, сонымен ел санасын екіұдай қылып, бірін-бірі жоққа шығарған пікірлердің астарында қандай үлкен өзекті мәселе жатыр? Әсіресе, Ақтөбеде болған лаңкестік оқиғалардан кейін мемлекеттің қауіпсіздігі туралы ой осыған жетелейді. Ақтөбелік лаңкестердің ВКонтакте желісіндегі парақтарын анықтаған кезде, олардың «Қаракөздер» (Черноокие) деген топта болғандығы белгілі болды. Жалпы, жиһадшылардың дені «қарулы қақтығыста қаза тапсақ, жұмаққа, осы хор қыздарына барамыз» деп сенеді-мыс… 9 млн. адам желіге телміреді
Ғаламтор дамыған сайын жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай қаптаған әлеуметтік желілердің пайдасы мен зияны туралы мәселе көпшілік талқысына біраздан ұсынылып келеді. Статистикалық деректерге қарағанда, аталмыш желілерді елімізде 9 миллионға жуық адам белсене қолданады екен. Ал, олардың әрқайсысы кем дегенде екі-үш әлеуметтік желіге тіркелген. Оған деген тәуелділік тек жастар емес, ересектердің де санасын шырмағалы біраз болды. Әсіресе, Қазақстанда Фейсбук және ВКонтакте желілері өте танымал және қолданылуы жөнінен көш бастап келеді. Белгілі қоғам қайраткерлері мен шығармашылық адамдары, ұлт зиялыларының біразы тіркелген Фейсбук желісін «элиталық пікір алаңы» деп те жатады. ВКонтакте желісі жүйелі ақпарат жинақталған көптеген парақшаларға бай. Дәл осы желіде қазақ әдебиеті, қазақтың ән, күй, би өнерін насихаттайтын, қазақ футболы, спорты туралы жүйелі ақпарат тарататын (5-6 ірі парақшалар), қазақ тарихына қатысты ақпараттар жиналған 260 мыңдық парақша, барлық сала туралы дерек те, білім де алуға мүмкіндік ашатын пабликтер мыңнан асып жығылады.
Әлия ДӘУЛЕТБАЕВА.
Толық нұсқасын газеттен оқи аласыз.