
Әлеуметтік нысандар фототілші көзімен (ФОТО)
Бүгінде «Теңізшевройл» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің қаржылай қолдауымен үкіметтік емес ұйымдар бірнеше әлеуметтік жобаны жүзеге асыруда. Солардың қатарында Жылыой ауданының орталығы – Құлсары қаласында ашылған мүгедектік арбасын қолданушыларға арналған оңалту лагерін айтуға болады. Жаңа орталық алаңның аумағынан бой көтерген ғимаратта орналасқан лагерьде түрлі жарақаттың салдарынан мүгедек арбасына таңылған жандар белсенді өмір сүруге бейімделеді.
Лагерьдің басты артықшылығы – мұнда білім беру саласында және айрықша қажеттіліктері бар адамдарды оңалту кезінде ұстанатын бүкіл әлемге танымал «теңбе-тең» тәсілі қолданылады. Бір ерекшілігі, бұл жердегі жаттықтырушылар да осы жобаның игілігін көрген адамдар. Олар да мүгедек арбасын пайдаланады. Екі жыл бойына Беларусь елінен келген тәжірибелі нұсқаушы-реабилитологтардан тәлім алып, қазірде сол өздерінің үйреніп, меңгерген әдістерімен, жиған тәжірибелерімен бөлісуде.
Бұдан бөлек, аудандық орталық аурухана базасында республикамыздың отбасылық дәрігерлер қауымдастығының оқытушылары осындағы дәрігерлер мен медбикелерге, психологтар мен әлеуметтік қызметкерлерге дәріс беріп, біліктіліктерін арттыруға арналған курстар өткізуде.
Ауданның Жаңа Қаратон ауылындағы №22 және №23 жалпы білім беретін мектептерінде арнайы қажеттіліктері бар балаларға арналған толық жабдықталған кабинеттер де ашылды. Бұл жұмыстарды әлеуметтік инвестициялық бағдарлама аясында жүзеге асырған «Ой-Сана» психологтар қоғамдық бірлестігі. Мақсаты – педагогикалық қауымдастықтың кәсіби құзыретін арттыру арқылы аймақтағы инклюзивті білім беруді дамыта отырып, мүмкіндігі шектеулі балаларға қолайлы орта қалыптастыру.
Әлеуметтік бағдарламалар аясында жүзеге асқан игілікті істердің бір парасы облыстық «Атырау» газетінің фототілшісі Ерлан АЛТЫБАЕВТЫҢ түсірген суреттерінде көрініс тауып отыр.




