ӘЛЕУМЕТТІК ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ БАҒДАРЛАМА
АЛҒАШҚЫ АДЫМДАР
Жалпы, әріге көз жүгіртер болсақ, бірлескен кәсіпорын алғашқы құрылған кезден бастап-ақ өзі жұмыс жасап жатқан өңірдің тыныс-тіршілігіне бірден белсене араласып кетті. ТШО шаңырақ көтерген сонау 1993 жыл Жылыойда алапат су тасқынымен есте қалды. Жем арнасынан асып, кең далаға сыймай, елді мекенге лап қойды. Құлсарының өзінде бес жүз шамалы үй құлап, мыңдаған адам баспанасыз қалды. Міне, сонда зардап шеккендерге алғашқы жәрдем мұхиттың ар жағынан жеткен-ді. Қызметіне енді ғана кірісіп жатқан инвестор табиғаттың тосын соққысына тап болғандарға азық-түлік пен киім-кешек, өзге де тұрмысқа қажетті нәрселерін әкелген. Мұнымен ғана шектелмей, аудан орталығынан барлық жағдайымен жиырма үй тұрғызуға қаражат бөлген. Осы үйлер Құлсарыда қазір де cыңғырлап тұр.
Сол 1993 жылы бірлескен кәсіпорын жергілікті жұртшылыққа жәрдем ретінде 50 млн. АҚШ долларына тең «АтырауБонусҚоры» атты бағдарламаны қолға алды. Бес жылға созылған осы жоба нәтижесінде Атырау қаласы мен Жылыой ауданында ондаған әлеуметтік нысандардың материалдық-техникалық базасы нығайтылды, жаңа ғимараттар бой көтерді.
Осы бағдарлама мәреге жеткенде инвестор да мұндай шараның қажеттілігін, оның жергілікті ахуалды сауықтырумен қатар, компанияның беделін көтеруге де септігін тигізетіндігін түсінді. Соның нәтижесінде 1998 жылы «АтырауБонусҚорының» орнына ерікті «Игілік» бағдарламасы қабылданды. Ол жұмысын бастаған 1999 жылы бастапқы бюджеті 4 млн. АҚШ доллары болса, біртіндеп өсіру арқылы 2003 жылға дейін сегіз миллионға жеткізілді. Содан кейінгі үш жылда 12 млн. АҚШ долларына көбейтілді. Ақыры бүгінгі 20 миллионды құрап отыр. Жалпы, журналистерге таратылған баспасөз мәлімдемесіне қарағанда, ТШО өзі құрылған сонау 1993 жылдан бері облыстағы әртүрлі әлеуметтік жобаларға барлығы 860 млн. АҚШ долларынан астам қаражат жұмсаған екен. Турасын айтқанда, аз қаржы емес.
Оның бер жағында «Теңізшевройл» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі соңғы кезде әлеуметтік бағдарламаларды жүзеге асыратын үкіметтік емес ұйымдармен әріптестік байланыс орнатып, оларды қаржылай қолдауды жүзеге асырып келеді. Бұл ретте бағдарлама жетекшілері өздері атқарған жұмыстары жөнінде міндетті түрде есеп береді. Міне, осындай шара мемлекеттік құрылымдар мен үкіметтік емес ұйымдар өкілдері, ТШО қызметкерлері мен журналистердің қатысуымен ұйымдастырылды.
БІРЛЕСкен ІС БЕРЕКЕЛІ
Бағдарлама жетекшілерінің есеп беру жиналысын кіріспе сөзбен ашқан «Теңізшевройл» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің үкіметпен және жұртшылықпен байланыс жөніндегі бас менеджері Рзабек Артығалиевтың айтқанындай, компания тарапынан қаржыландырылып отырған әлеуметтік инвестиция мақсаты – үкіметтік емес ұйымдардың өңірдегі өзекті проблемаларды шешуге бағытталған игі жобаларын қолдау. Бұл бағдарламалар өміріміздің сан саласын қамтуы ықтимал. Осы орайда білім беру мен денсаулық сақтау, мүмкіндігі шектеулі жандар мен ата-анасыз өсіп жатқан балаларды қорғау, ауыл кәсіпкерлерін сауаттандыру, т.б. бар.
ТШО қолдауына кез-келген үкіметтік емес ұйым ие бола алады. Тек ережеге сәйкес сұранысын уақытында және талапқа сай тапсыруы тиіс. Одан әрі бірлескен кәсіпорынның барлық бөлімдерінің өкілдері қатысқан отырыста ең қолдауға лайық деп танылғандары іріктеледі. Сайып келгенде, осындай демеу арқылы азаматтық қоғамды дамытуға серпін беріледі.
Бірлескен кәсіпорынның оңды ісіне облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Әсия Қыстаубаева да лайықты баға берді. Жалпы, Елбасының Қазақстан халқына биылғы Жолдауында да азаматтық қоғамды жетілдіруге бағытталған нақты тапсырма бар. Онда «Мемлекеттің үкіметтік емес сектормен және бизнеспен өзара іс-қимылының жаңартылған тәсілдері керек» делінген. Демек, алдағы уақытта қоғамдық ұйымдар өздерін таныта білуі, елімізде қордаланған өзекті проблемаларды шешуге сүбелі үлес қосуы тиіс.
Өткен жылы үкіметтік емес ұйымдарды қолдауға облыстық бюджеттен 170 млн. теңге бөлінді. Бұл бағдарламаның жүзеге асуына ішкі саясат басқармасынан басқа жастар саясаты, мәдениет, т.б. мемлекеттік құрылымдар қатысты. Бір қуанарлығы – бүгінде бірқатар аудандар да қаржы бөліп, үкіметтік емес ұйымдардың белсенділігін арттыруда.
Әйтсе де, мұндай ұйымдарды бюджеттен тыс қаржыландыруға да болады. Мұның заңға қайшылығы жоқ. Міне, осы тұрғыдан таразылағанда, ТШО тәжірибесі өзгелерге үлгі боларлық. Бірлескен кәсіпорын тарапынан көрсетіліп отырған көмек нәтижесінде Жылыой ауданында үкіметтік емес ұйымдардың белсенділігі еселеп артты, тіпті жаңадан ашылғандары да бар. Кейбірінің қызметі бірқатар байқауларда аталып та жүр. Мәселен, Құлсарыдағы «Жылыойдемеу» үкіметтік емес ұйымының мүмкіндігі шектеулі балалармен жұмысы республикалық деңгейде лайықты бағасын алды. Сайып келгенде, мұның бәрі – бірлескен істің берекелі нәтижесі. ТШО талпынысын мемлекеттік құрылым өкілі осылай бағалады.
ЖЕТІМДЕРДІ
ЖЫЛАТПАЙЫҚ,
ЖАМАҒАТ!
Одан әрі әлеуметтік инвестиция бағдарламаларының жетекшілері өздері атқарған жұмыстары жөнінде есеп берді. Турасын айталық, жиналғандарды «Қазақстанның тәуелсіз жастары» үкіметтік емес ұйымының жетекшісі Ұлықбек Тінәлиев қолға алған «Жаңа өмір» жобасы қызықтырды.
Иә, ел еңсесін көтеріп, өрлеу сатысына аяқ басқанда республикада жетімдіктің зарын тартып жүргендер қатары да кеміді. Мұндай оң үрдіс бізде де байқалады. «Ақ бота» балалар үйі жабылды. Түрлі себептермен ата-анасыз қалған жастарды өз отбасында тәрбиелеуге ұмтылушылар саны артуда. Расында да, сәбилердің жанарларын жаутаңдатып, төрт қабырғаға қаратып қойғаннан ұтарымыз бар ма? «Жетім көрсең, жебей жүр» деген қағиданы ұстанған халық емеспіз бе, қалайша оларға жүрегіміз сыздамайды?
Міне, көңілі дархан, пейілі кең қазағымыз кішкене бүлдіршінді де, ересек жасөспірімді де жатсынбай, өз балаларымен бірге бағуға белін бекем буып отыр. Тек соларды қалай жаңа ортаға үйретуге болады? Бұған дейін ата-ананың аялы алақанын көрмегендер өзге ортаға дағдыланып кетер ме екен?
«Жаңа өмір» жобасы осы мәселені шешуге арналған. Балалар құқығын қорғау департаментімен, С.Қазыбаев атындағы мектеп ұжымымен бірлесіп іргелі істерді қолға алыпты. Мәселен, әр адам бала асырап алуға өзі дайын ба? Психологиялық тұрғыдан даярлығы жеткілікті ме? Балалар үйінен шыққан бүлдіршін жаңа ортаға бейімделе алмай, кейін қайтып келсе, бұл – ең алдымен, сәбиге соққы. Түрлі себептермен өз әке-шешесінен бір айырылып, екінші отбасына тағы орныға алмау – жеңіл нәрсе емес. Қанша дегенмен, базардан сатып алған зат емес, келген баланы кейін апарып тастау – оған ата-ана болам деп талпынған жандарға да ауыр. Сондықтан, екі жақтың да жауапкершілігі жоғары. Осы орайда психологиялық және педагогикалық тұрғыдан жан-жақты кеңес беретін орталық құрылыпты. Оның оң нәтижесі боларына жиналғандар үлкен үміт артты.
Сайып келгенде, жасөспірімдер үйінен шыққан бозбалалар мен бойжеткендер өмірдің сан жұмбағымен жеке қалады. Дұрыс бағыттайтын адамдар кездеспесе, теріс жолға түсіп кетуі де әбден мүмкін. Бүгінде дәстүрлі емес дін жолында жүргендердің көбі солардың санатынан екендігі айтылуда. Қылмыс жасаушылар да бар. Ал, бағдарламаның оңтайлылығы шағын ғана деректі фильмде де көрініс берді. Тек бұрын бала асырап алу құпия тәрізді еді, ендеше неге жария көрсетіп жүрміз?
Осы орайда Атырау қаласы әкімінің орынбасары Гүлмира Шәкірова ортаға оралымды ой тастады. Жасыратыны жоқ, балалар үйінде тәрбиеленушілердің жатар орны да, ішер асы да, киер киімі де мемлекет есебінен. Өздері шөптің басын сындырмайды десе де болғандай. Бұл олардың бойында масылдық пиғылды оятпай ма? Ертең барған үйінде жұмысқа жұмсаса, оны құлдыққа салғандай көрмей ме? Ендеше, осы балаларды еңбекке баулыған жөн. Бұл олардың алдағы уақыттағы өміріне де керек. Отбасын құрмай ма? Бала-шағасын асырамай ма? Әйтпесе, үйреніп қалған дағдымен мемлекет көмегіне иек артып жүре береді.
Әйтсе де, жетімдерді жылатпайық, жамағат. Оларды бауырымызға тартып, жүрегіміздің жылуын сыйлайық. Осы тұрғыдан таразылағанда, «Жаңа өмір» жобасы жұртшылыққа ұнады. Мұны кейін пікірталасқа қатысқандар да құптады. Тек бір ғана тілек – қағазға қатырып жазғандардың өмірде нақты іске асуы. Әйтпесе, осы жоба нәтижесінде қанша бала мен оларды асырап алушыға көмек көрсетілгені, нәтижесі қандай болғандығы айтылмай қалды.
…Әлеуметтік инвестицияның орындалуына арналған жиналыста өзге жоба жетекшілері де атқарған жұмыстарынан есеп берді. Олардың кейбірі көңілден шықса, бірқатарының әлі де шикілігі байқалды. Әйтсе де, бір нәрсе анық – бірлескен кәсіпорынның жергілікті жұртшылықтың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған ниетін дұрыс түсініп, бөлінген қаражатты соңғы теңгесіне дейін мақсатты жұмсау шарт.
Меңдібай СҮМЕСІНОВ.
Суреттерді түсірген Әнуар ӘБІЛҒАЗИЕВ.