Жарнама
Қоғам

Әлемнің рухани мұрасы: Астанада «Турин Кебіні» мен «Қасиетті кітаптар» көрмесі ашылды

Бүгін Астанадағы Бейбітшілік пен келісім сарайының төрінде екі бірегей халықаралық көрме – «Турин Кебіні» мен «Қасиетті кітаптар» атты рухани экспозициялар өз жұмысын бастады. Бұл тағылымды шара Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VIII съезі аясында өтуде.

img 0103


Қос көрме – адамзат өркениетінің рухани тамырына үңілетін терең таным алаңы. Нақ осы жерден діни конфессиялардың тарихи мұрасы мен адамзатқа ортақ құндылықтары жайлы мол мағлұмат алуға болады. Көрменің басты мұраты түрлі сенім иелерінің өзара түсіністігін, дінаралық сыйластықты және рухани кеңістікті ұлықтау.
Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева көрменің ашылу салтанатында сөйлеген сөзінде ұсынылған жәдігерлердің жай ғана тарихи естелік емес, бүкіл адамзаттың рухани-мәдени мұрасын арқалаушы екенін атап өтті.
– Біз «Турин Кебіні» мен «Қасиетті кітаптарды» көне дәуірдің бір үзігі ретінде ғана емес, ұлы оқиғалардың куәсі, күллі адамзат баласына ортақ руханият пен өркениетке апарар алтын көпір ретінде қабылдауымыз қажет. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев діннің әрқашан білім мен ізгілік бастауы болғанын атап өткен еді. Расында, Құран мен Інжіл, Тәурат пен өзге де киелі кітаптар бейбіт өмірдің, гуманизмнің қайнары, — деді министр.
Конфессия өкілдері де Қазақстанның дінаралық келісім мен бейбітшілікті сақтаудағы рөліне жоғары баға берді.
– Бұл көрменің дәл осы елде түрлі дінге құрметпен қарайтын, татулықты ту еткен Қазақстанда өтуі өте орынды. Қасиетті Тақтың атынан Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғысымды білдіремін, — деді Қазақстандағы Апостол Нунцийі, Архиепископ Георг Панамтхундила.
Оның пікірін Астанадағы Әулие Мария Рим-католик архиепархиясының Архиепископ-метрополиті Томаш Бернард Пета да қолдады.
– Бұл көрме еліміздегі діни бостандықтың айғағы. Киелі жәдігерлердің Қазақстанда кеңінен таныстырылуы халықтың бірлікке ұмтылысын, түрлі діндер арасындағы өзара құрмет пен ынтымақтастықтың өміршеңдігін көрсетеді. Көрменің сәтті өтуі халқымыздың руханиятына қосылған мол үлес, — деді ол.
Қазақстан Православ шіркеуінің басшысы, митрополит Александр «Турин Кебіні» көрмесінің ғылыми құндылығына тоқталып өтті.
– Бұл бірегей жәдігер христиан әлемінің асыл мұрасы. Ол ғасырлар бойы зерттеушілердің де, зияратшылардың да назарынан түспеген. Кебінді көбіне «бесінші Інжіл» деп те атайды. Мұндай көрмені Астанада өткізу үлкен мәртебе, — деді ол.
«Kirche in Not» қорының атқарушы президенті Реджина Линч те өз сөзінде «Турин Кебіні» әлемде ең көп зерттелген артефактілердің бірі екенін атап өтті. Аңыз бойынша, бұл кебінмен шамамен 2000 жыл бұрын айқышқа шегеленген Иса Мәсіхтің денесі оралған деседі.
Айта кетейік, бұл жәдігердің Қазақстандағы алғашқы көрсетілімі. Көрмеде кебіннің дәлме-дәл көшірмесі, 27 тақырыптық ақпараттық панель, тарихи артефакттер, бейнематериалдар мен брошюралар ұсынылды.
Ал «Қасиетті кітаптар» көрмесі түрлі діндердің қасиетті жазбалары мен қолжазбаларына негізделген. Бұл діни дәстүрлер мен мәдениеттердің рухани тереңдігін танытатын маңызды платформа. Экспозицияда VII ғасырдағы Құран қолжазбасы, XIX ғасырдағы Інжіл нұсқалары, Кенесары ханның Құраны, Талмуд пен Тора сынды құнды жәдігерлер жұрт назарына ұсынылды. Жалпы саны 50-ге жуық сирек қолжазба мен қасиетті мәтіндер.
Адамзат өркениетіндегі діни кітаптардың мәдени, тарихи һәм рухани мәніне терең бойлағысы келетін көрермендер көрмені 25 қыркүйекке дейін тамашалай алады.
Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі таратқан ресми мәліметтерге сүйенсек, бұл қос көрме – Қазақстанның әлемдік деңгейдегі рухани диалогқа қосқан жарқын үлесінің бір айғағы. Руханиятты ардақтаған елдің келешегі де кемел болары сөзсіз.

Майра ЕРҒАЛИ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button