Әлемді мойындатқан математик немесе Смағұлов теориясы
Қазір ғылыми атақтың иесі көп, бірақ нағыз ғалым аз. «Неге?» деген сұрақ мені көп мазалайды. Менің түсінігімде ғалым – ғылыми әдіс-тәсілдер арқылы адамзат білімін жетілдіру мен молайтуға үлес қосқан жан. Өйткені, ол жүйелі түрде деректер мен дәйектерді жинап, қорыта отырып қайта-қайта нақтылап, жаңа әрі сенімді білімге қол жеткізеді. Ол – сондай нағыз ғалым!..
1949 жылдың наурызында Балқаш жағалауындағы Көккөлде туған Шалтай математика ғылымы арқылы өз ұлты мен туған Отанын әлемге танытты. Қазақстанның батыс аймағына, соның ішінде мұнайлы Атырау өлкесіне зор сүйіспеншілікпен, айрықша көңіл бөлген Шәкең мұнай-газ саласы мен өңір экологиясына ғылыми сараптамалар жасады. Ол өзінің бір топ жас ғалым-ізбасарларымен бірге өлкенің көмірсутегі шикізатын өндіру және одан алынатын өнімдердің компьютерлік технологиясы мен компьютерлік модельдеу процесін, қысымы мен тұтқырлығы жоғары мұнай өнімдерін құбыр жолымен тасымалдау сияқты өте күрделі ғылыми математикалық жобаларды зерттеу және өндіріске енгізу мақсатында өлшеусіз мол тер төкті. Мұнай-газ өндіру орындарына бақылау, талдау және болжау, көпфазалық компьютерлік бағдарламалар арқылы сүзу процестерін сандық пішімдеу жасайтын компьютерлік бағдарламалар арқылы ақпараттық жүйелер жасап, барлық жүйелердің дербес жұмыс істеуін айқындап, оны біртіндеп жетілдіріп отырудың кең көлемді жоспарын да жасады.
Осы жұмыстардың нәтижесінде дүниеге келген «ИСАР» автоматтандырылған жүйесінің кен орындарында, оның ішінде Маңғыстау облысының Жетібай мұнай кәсіпшілігінде қолданылуы, осыған дейін қолданып келген Англияның «Tiegress» автоматтандырылған жүйесіне қарағанда анағұрлым дәл мәліметтер беретіндігі іс жүзінде дәлденді. Бұл жүйе қазір Қазақстандағы «Құмкөл-Лукойл», «Торғай-Петролиум», «Қаражанбас», т.б. көптеген мұнай-газ өндіру орындарында кеңінен қолданылып келеді. Қазақ ғалымы Ш.Смағұлов ашқан бұл жаңалық отандық ғылымның, әсіресе, математикалық модельдеу, есептеу математикасының, механика салаларының күшті қарқынмен дамып келе жатқанының нақты дәлелі, айқын көрінісі. Ал мұны «Шалтай ғылыми мектебінің» жемісі, жетістігі демей не дейміз!
Физика-математика ғылымдарының докторы, профессор, көптеген беделді шетел ғылыми инженерлік академияларының толық мүшесі (академигі) Шалтай Смағұлов Қазақстанның мұнай-газ өндіру өнеркәсібінің дамуына қосқан өте зор еңбектері үшін 1994 жылы ғылым, техника және білім салаларындағы Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атанды.
Батыр тұлғалы дембелше келген, жүзі сүйкімді де қызылшырайлы, айтары аз болса да сөзін әсем ишаратпен әсерлеп сөйлейтін, шалт қозғалып, мығым жүретін азамат болатын. Жастайынан асау Іленің ағысымен алысып, Балқаштың тау толқындарына қарсы ескек есіп, қайсарлық пен қажырлылықты бойына сіңіріп өскен Шалтайға осынау өр мінез өлкенің табиғатынан жұғысты болғандай. Оның осы ерек бітім-болмысы өзіне жарасып, айналасындағы дос-жаранын да асқан бір сүйіспеншілікпен өзіне тарта түсетін.
Ол студент кезінде-ақ болашағынан зор үміт күттірген, табиғи талант иесі екенін байқатып жүрді. КСРО Ғылым академиясы ұйымдастырған жас ғалымдардың ғылыми конкурсында Ш.Смағұловтың үздік шығып, бірінші орынды жеңіп алуы сол кезде Одақ көлемінде өте жоғары көрсеткіш болатын. Тағы бір есте қалған жайт, Шалтай диплом жұмысын қорғау сәтінде Шалтайдың мемлекеттік комиссияның төрағасы, физика-математика ғылымдарының докторы, профессор Т.И.Зеленякпен пікір таластырып, оны жеңіп шыққан жүрекжұтқандығы бүкіл Новосібір академиялық қалашығына аңыз болып тарап кетті. Соның арқасында 1972 жылы Новосібір университетін бітірген болашақ ғалым академик Н.Н.Яненко басқарған ғылыми-зерттеу институтына қызметке алынды. Жұмысқа құлшына кіріскен Ш.Смағұлов ғылыми проблемаларымен айналыса жүріп, сол кездегі Қазақстаннан келген жастардың ғылымға қызғушылығын оятып, не ғылыми жетекшілер тауып беріп, өзі ғылым кандидаты бола жүріп-ақ көптеген жас талапкерге жетекшілік жасады. Оның Новосібір академқалашығындағы үйі шартты түрде айтсақ, Сібірдегі ғылыми орталық іспетті, күні-түні ғылымға ынталы жастардың тынымсыз еңбегі, ізденісі мен зертеу жұмыстарының ұясына айналды. Қазақстан Республикасы ҰҒА академигі, физика-математика ғылымдарының докторы, профессор Тынысбек Кәлменовтың сөзімен айтсақ, «бүкіл Сібір академқалашық орталығы Шалтайды, Шалтай оларды танитын…»
ҚазМУ ректоры, академик Өмірбек Жолдасбеков Шалтай Смағұлұлын 1984 жылы жұмысқа шақырып, ең үлкен құрылымдардың бірі – Дифференциалдық теңдеулер, қолданбалы математика және компьютерлік технология кафедрасының меңгерушісі етіп тағайындады. Келе сала, қабілетті жастарды өз айналасына жинап, ғылыми семинарлар өткізе бастаған ол университетке жаңа әлемдік ғылыми-техникалық прогресс, тың бағдарламалар әкелді. 1986-1989 жылдары қасына өзі баулыған дарынды жас ғалымдарды топтастырып, оларды топ-тобымен Мәскеу, Новосібір сияқты Одақтағы басқа да белгілі ғылым орталықтарына жібере бастады. Сол кездегі абырой-беделінің күшті болғаны соншалық, «Шалтайдан келдік» дегендерді бірден ғылыми орталықтарға қабылдай беруші еді. Мұндай ғылыми мектеп ашу – ғылыми жетекшінің асқан дарындылығы, ұйымдастыру қабілетімен қоса, оның парасаты мен адами көрегендігін керек ететін шаруа. Бауырмал, әр адамның бойынан жақсылық іздеп, ешқашан тәккапарлық танытпайтын қарапайым қазақ жігітін табиғи талант пен қажымас еңбек, тұңғиық білімінің құдіреті зор беделге ие етті!
Өткен ғасырдың 90-жылдары қоғамдағы дағдарыс әркімге әр түрлі ой салды. Ғылым мен білімге құмар, ізденіс жолында жүрген жастар абдырап қалды. Нағыз мамандар базар жағалап кетті. Сол тұста Шәкең аспиранттарына қолданбалы математика жетістіктері мен жобаларын өндіріске енгізу арқылы қаржы табудың жолдарын үйретті. Өзі бастап, Қазақстан математика саласында бірінші болып, ғылыми жобаларды, оның ішінде қолданбалы математика жетістіктерін өндіріске енгізіп, көптеген гранттар мен ғылыми жобаларды жеңіп алды. Бір сөзбен айтқанда, шәкірттеріне математикалық ғылыми жоба-жетістіктерімен де мол ақша табуға болатынын көрсетті. Бұл математиктер үшін үлкен жаңалық еді…
Осылайша, Шалтай Смағұлұлының бұл саладағы ғылыми еңбектері өтпелі кезеңнен де еңсесі биік, зор абыроймен сүрінбей өтті. Ол математикалық проблемаларды тереңнен қозғауға ұмтылып, бірден әлемдік матемтикадағы ең қиын, ең күрделі, қазірге дейін толық шешімі табылмай келген Навье-Стокс дифференциалдық теңдеулер жүйесі шешімінің әр түрлі қасиеттерін, жаңа әдістемелерін тауып, қолдана келе, Навье-Стокс проблемасын теориялық тұрғыдан да, қолданбалы ғылым саласы бойынша да зерттеді. Сол арқылы әлемге әйгілі Смағұлов теоремасын дәлелдеп, Смағұлов әдісін жариялады. Сөйтіп, бұл нәтижелер математика ғылымының алтын қорына енді.
Тек Навье-Стокс проблемасын түбегейлі шешіп, ғалымдарды өте қиын проблемадан құтқарғысы келген талантты ғалымның ойын сұм ажал толық аяқтатпады. Оның алған ғылыми нәтижелері әлемдегі есептеу математикасының негізін қалаушы, атақты академик, Еңбек Ері Александр Андреевич Самарскийді де таңғалдырды. Себебі, бұл теңдеулер шешімінің ең бір күрделі саласы – «тұтқырлы, сығылмайтын сұйықтар қозғалысының зерттелуімен» әлем математиктерінің айналысып жатқан кезі еді. Солардың ішінде тайталаса шұғылданған екі бағыт ерекше көзге түсті. Бірі – әлемге әйгілі деңгейдегі аса көрнекті француз ғалымы, академик Жак-Луи Лионс мектебі, екіншісі – Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының «Шалтай Смағұлов ғылыми мектебі» еді. Тайталас нәтижесінде КСРО ҒА-ның Сібір бөлімшесі ұйымдастырған кеңес-француз ғылыми басқосуға арнайы келген академик Жак-Луи Лионс қазақ ғалымы Шалтай Смағұловтың жеңісін мойындап, бірге жұмыс істеуге шақырғаны да анық.
Кезінде Шалтай Смағұлұлы ғалым ретінде «Байқоңыр ғарыш айлағынан зымыран ұшырудың қоршаған ортаға, ауа және жер бетінің ластануына, озонның құнсыздануына әсерін бағалау», «Арал аймағының қоршаған ортасының аэродинамикалық мәселелерін сандық моделдеу» атты Ресей-Қазақстан бірлескен қос жобасының бағдарламасы бойынша ғылыми кеңесіне де басшылық етті.
Математикалық пішімдеу мен есептеу математикасы ғылыми мектебінің негізін салушы, Қазақстанда математикалық физиканың сызықсыз теңдеулерін зерттеген тұңғыш ғалым Шалтай Смағұлов әлемде алғаш рет тұтқыр жылу өткізгіш газдың Лагранж айнымалары бойынша өрнектелген теңдеулерінің орнықты және жинақты, «Смағұлов схемасы» деп аталатын айырымдық макетін тұрғызды.
Әлемдік дәрежедегі математик Шалтай Смағұлұлы ғылым мен білім беру жүйесіндегі қолданбалы және есептеуіш математиканың ең көкейтесті мәселелері бойынша 60-тан астам ғылым кандидатын, 10-нан аса ғылым докторын дайындап шығарды. Олар тек қазақстандықтар емес, араларында бүгінгі ТМД елдерінің өкілдері де бар еді. Отандық және шетелдік ғылым баспаларында 120-дан астам ғылыми еңбегі жарияланып, 7 монографиясы жарық көрді.
Шалтайдың есімін әлемнің маңдайалды математиктері құрметпен атайтын. Оның математика саласындағы еңбектерін академиктер М.Лаврентьев, С.Христианович, Н.Яненко, Г.Марчук, Е.Шемякин, Л.Овчинников, С.Гадунов, тағы басқалар жоғары бағалады, өзі де олармен терезесі тең, бір қатарда тұрды.
Жастарды ғылымға баулыған тәлімгер, ұлы азамат, нағыз патриот, ұлтжанды адамның шынайы болмысы Шәкеңдей-ақ болар. ХХ ғасырдағы әлемдік математиканың жарқын тұлғасы Шалтай Смағұловтың ғаламдық математикалық ой-танымының қазынасына айналған ғылыми мұрасы – келешек ұрпақ игілігі.
Ия, ерен құлшыныстың иесі, жүрегі ізгіліктің ұясы, көкірегі ұлы идеялар көрігі, ой-санасы адамдықтың көркі, жан-жағына шуақ шаша жарқылдай жүріп, бастағы ақыл-ойдың қысымы жүректі шыдатпай бір-ақ күнде, елу үш жасында құйрықты жұлдыздай ағып түсті. Ол математика әлеміндегі мәңгілік тұлғаға айналғалы қашан!..
Нәбидолла ҒАББАС,
ҚазҰМУ-дың механика-математика факультетінің 1972 жылғы түлегі,
Мұнай-газ және теміржол саласы есептеу орталықтарының бұрынғы басшысы
Коллажды жасаған Айнагүл ЖОЛДЫБАЕВА