ӘЛЕМДІ ӘНМЕН ТЕРБЕТКЕН…
Күрең күз. Сағынышқа толы әндер. Мың бұралған би. Мұның барлығы да «Қазақ вальсінің королі» атты кеште көрініс тапты. «Ақ бантикпен» мектеп бітіргелі отырған оқушылар «Ақ ерке – Ақ Жайықтың» жағасында шалқып, «Бақыт құшағында» балқып, «Қайықтаның» сазында тербелді.
Шығармалары халық жадында сақталып қана қоймай, қазынаға айналған сазгер Алматыда үйсіз, жұмыссыз қиналып жүрген кезінде анасы Сақыпжамалдың қайтыс болғаны туралы ауылдан хабар алады. Бұл 1958 жыл болатын. Үйіне жететін ақша таба алмай қатты қиналған Шәмші Қалдаяқовтың «Ана туралы жыр» әні осы кезде туған еді. Бүгінгі кеште бір қолымен әлемді, бір қолымен бесікті тербететін жандарға арналған «Ана туралы жырды» 12 «А» сыныбының оқушылары әуелетіп, көптің көңілін бір серпілтіп алса, лирика тұнып тұрған «Сағынышым менің» туындысын орындаған 12 «В» сыныбының оқушылары көпшіліктің талғам тамырын тап басты.
Шәмші әндері уақытқа да, шекараға да бағынбайды. Осы орайда, 12 «D» сыныбының өнерпаздары ән көгінің сұңқары Шәмшінің заман мен адам таңдамайтын керемет «Ақ сұңқар», 12 «Е» сыныбының шәкірттері «Арыс жағасында» атты әндерімен көпке әдемі әсер қалдырды. Осылайша бұл күні Шәмші әндері қайта жаңғырды.
Көпшілік ретро әндерден сезімнің сұлулығын да таба алды. Жас таланттардан құралған «Ерке Наз» бишілер тобы да мың бұралып, әуен ырғақтарымен астасқан әсем билерімен көрерменнің көз қуанышына айналды. Бал қорытындысында бітіруші түлектердің арасындағы үздік деп танылған жұптардың ішінен шараның ханзадасы мен ханшайымы таңдалды.
Рита ЖАЙҒАЛИҚЫЗЫ.