Маржан ЕРШУ:«Көктемдей жылы үнің бар, Ериді көзімнің қары…»

Кеудемде – от,

Көзім – жалын.

Сезінбеймін жел ызғарын.

Өзегімді өртей өтіп

Тепкілеші теңіз-дарын.

Табиғатпен егіз жаным,

Әзір аман! Сезім! Халім!

Асқар таулар ұғыңдаршы

Айтылмаған сөзім барын.

Үмітіме үкі тағып,

Келем таңды күтіп алып.

Пейілімді ағартады

Ай бетінің сүті тамып.

Аямасын бағын Құдай,

Жоғалмаспын қағынғыдай.

Ақша бұлтқа оранамын

Анам берген жамылғыдай.

Түн. Мінезін құбылтады,

Түс көріппін бүгін тағы.

Қыдыр атам аян беріп

Құс жолымен қыдыртады.

Ұнатамын сұрапылды,

Табам содан мұратымды.

Көсегемді көгерте гөр

Жасаған-ай! Рахымды!

Қара жерде – қалы кілем,

Тозаңданса қағып ілем.

Өлеңімді көкке жазам

Жұлдыздардың жарығымен!..

 

Көп ішінде. Қалың ойда. Көңілім,

Көше кездім тек өзіңді ойладым.

Арманыммен қауышпастай өмірім

Жұттым үнсіз сезімімнің қаймағын.

Келдің жаным, көңіліңнен күй арнай,

Маған жазған Тәңірімнің сыйы боп.

Жүрегім де өз кеудеме сыя алмай

Тілсіз, мұңсыз сүйіп ед.

Ай дөңгелеп келе жатыр тұнық күн,

Дидарыңнан нұр тарайтын секілді.

Жанарыңның жарқылынан сыр ұқтым

Тостым сосын ақ самалға бетімді.

Қызық еді. Сол жымиған сәттерің,

Үмітімді үкіледің үсірмей.

Сол бір шағым, мөлдір шағым тәтті еді

Таңғажайып түсімдей…

* * *

Қайран уақыт!

Қандай қатал!

Сүйіктімді қартайтатын.

Күндер зулап жанға батар

Қайырылмас шалқайса тым.

Өмір-көштің дүрмегінде,

Қара шашы ағарады.

Әжімдер ол маңдайдағы

Тұңғиық ой-санадағы.

Кәрілікке пенде қонып,

Өткізеді қанша айды да,

Дос-жаранға кенде болып

Таяқ ұстап шаршайды ма?

Құмар қанып ішпес, сірә,

Шарап толы кесені де.

Ұнжырғасы түспес бірақ

Көңіл жылап кешегіге.

Қызыл күннің қызуы кем,

Кең маңдайын қақтар өңін.

Сезінбеген сезімімен

Махаббатын жоқтар еді.

Өткен дәурен тамаша ма?

Көз алдында кімдер тұрар.

Адамға емес, оңашада

Өзіменен-өзі жылар.

Қайрат кеміп, семіп жағы,

Күрсіне ме, кім біледі.

Көңілімдегі елес-бейне

Бір жылатып, күлдіреді…

* * *

Таудай үміттім,

Тарыдай үгіттің.

Жүрегім – уысында

Үміт пен күдіктің.

Таңым тарылып,

Тұман жарығым.

Жасыммен бүркедім

Үнсіздік қалыбын.

Жанарым жұмылмай,

Түнімде ой бақтым.

Үрдің қызындай

Ашылмас жұмбақпын.

Гүлдей реңім,

Көзбен күлемін.

Айғызы қайғының

Ақ қағаз – жүрегім.

Азабы, соры не?

Бәрінен жеріне.

Сырымды желге айттым,

Жел мұңды біле ме?!

Жалғыз ой. Жалғыздың

Сыңары сол шығар.

Бойымда қан қызды

Көмілдім. Аршып ал!

* * *

Терезеңнен қарадың ба көшеге,

Жаңбыр жауған бүгін және кеше де?

Желмен ұшқан жапырақты көрдің бе

Ақ жүрегін сұр асфальтқа төсеген?

Жанарынан жасын емес, мұң тамған,

Тұла бойы сағынышпен қымтанған.

Желмен ұшқан жапырақты көрдің бе,

Қауырсындай қанатынан сыр тамған?

Өкпек желге әлсіз басын иіп құр,

Ұмсынғандай аңсай ма екен биіктік?!

Желмен ұшқан жапырақты көрдің бе,

Тұла бойға бар мінезі сыйып тұр?

Қабақ тіктеп, айналаға қараған,

Кеудесінен бір үзік ән тараған.

Желмен ұшқан жапырақты көрдің бе,

Тіршілік боп қалықтап тұр ауада?..

* * *

Сол күнді,

сосын сені сағындым,

Көргім келеді тағы.

Күлкің де бөлек жан ең ғой

Көңілдің бағы.

Көктемдей жылы үнің бар,

Ериді көзімнің қары.

Көнетін жақсы-жаманға

Мен де бір жақсының нары.

Жібектей жұмсақ шашыңды

Сипайды сәуірдің таңы.

Өртейді ыстық демің

Өзіңсің – өмірдің балы.

* * *

Маған ақшам кешінде.

Жасыл балконнан күлімсірейді күн игі,

Күндерден соң күн туады жаңадан.

Жанған аппақ маңдайым

Сенің қолыңның көлеңкесінен суиды

Таңданам!

Сен – көркемсің! Келгендей ертегіден,

Сана – жүрегім не дейді: Үнсіз тыңдармын.

Аппақ гүлдер жарасады тереземе

Ауылынан алыс мұңдардың.

Ұйқысыз түндерде жұпарын сездім гүлдердің

Ал, қиялымда: Жаныңда үнсіз тұрғанмын.

Айналада сүттей ай туғанда –

Басыңды иіп суға қарашы, жаным,

Сонда сенің: жастығың, мөлдір көзің, аппақ арың.

Сосын мені тыңдашы.

шаршаған ойдан –

 кеудеңе қойсам басымды

Сенімді сезінер ме екем?

Әлде, тыя алмай жасымды

Кейін шегінер ме екем?

Маған ақшам кешінде,

Кеселерге бұлақтардан су құйылғандай.

Бірақ қай кесе, қай бұлақ?

Терезе алдында отырдым абдырап

Ал, анау жапырақ ән салып тұрғандай

Самалмен жадырап…

* * *

Түнде түс көрдім.

Хауыздың шетінде отырған екенбіз,

Ең таза, тұнықта – екеуміз.

Суда ашылар гүлге ұқсас екенбіз,

Су дауысындай ән салдық екеуміз.

Рахат сезімнің құшағында екенбіз,

Өмірдің ғажайып нүктесі – екеуміз.

Кеңістік, Жерден де хабарсыз екенбіз,

Киялмен ұшамыз көкте де екеуміз.

Кенет… басталды басқа әуен,

Суға аққан ып-ыстық жас көрем.

Ішімізге – судың салқындығы енді,

Көзімізге – судың тереңдігі тұнды.

Ақылды жанға ұқсас екенбіз,

Осы біз қандаймыз? Қайтейік екеуміз?

Судай тереңбіз, салқынбыз екеуміз,

Өң түгіл, түсте де сағынып жүреді екенбіз.

* * *

Отыз бес жастамын,

Өмір қас-қағым.

Үлкендік ауылына

Жол бастадым.

Айнада – шимай жүз,..

Бұл адам мен емес, иланғыз!

Ақ шашым көбейген,

Достарым азайған

Мен – жалғыз!

Тастың сырын да кеш білдім,

Күн сайын ескірдім.

Дауыл есіріп, нөсер құйғандай

Жүрегім – алапат көшкінмін.

Өртті күндерім! Айқайлы!

Мені адамдар енді байқайды.

Орда бұзар отыз бес жасым

Жүзімнен әр тайды,

Сол – қайғы.

Өткен жыл парағын ашсам,

Қуаныш, сосын, мұңым бар,

Таңдайда қалса шырын-бал

Ащы-тәттімді ұғыңдар.

Құлаққа дауыс келгендей, сірә,

Жаназа үні. Өлген кім?

Арманы менен қайғысы жоқ деп

Айта алмас едім өлгеннің.

Өлім де әжімдей бетке қонған,

Қашарсың қайда қаңғырып.

Шағынып едім тауға барып,

Дауысым жатты жаңғырып…

* * *

Ішім терең үңгірдей,

Сыртым  суық,  әлде мұң.

Дауыс шықты күңгірлей

Көзде – шаттық, әлде дым?!

Ішім – жаным үңгірге,

Үңіле алсаң бір күні.

Таудай ауыр ойлар бар,..

Сосын тағы бұлақтардың сыңғыры.

Лебізін тыңдай қалсаң –

Қан-тамыры діріл қағар.

Әндері бар жанға жағар,

Ал, көздері –

Көздері оның әрі жұмсақ

Бір қатал…

* * *

Бір жапырақ ет секілді,

Қып-қызыл оттай жүрегім.

Сенде тағдырым,

Махаббат, өрлігім,

Ізгілік – тілегім

Ақын жүрекпен

Өмір сүремін.

Өзіңсің, Қожам да, Ием де,

Тоңам ба, күйем бе?

Талса да білегім,

Тоқтама жүрегім.

Ақын жүрекпен

Өмір сүремін.

Сүріндім, құладым,

Кімдерге ұнамай, кімге ұнадым?!

Тірлік дегеннің

Тоқтамас сынағы

Өзіңді тыңдасын –           

Көзім мен құлағым.

О, менің кішкентай жүрегім!

Киелім!

Өлең боп өріліп,

Өлең боп төгіліп

Қиын сәттерде

Мені сүйедің!..

Жүрегім – реңім, лебім…

* * *

Аппақ қарды көргенімде,

Топырақты ойлап мұңайдым.

Ақ пен қара –Жер өңінде

Екі түсте – тұр айбын.

Ақша қарлар – аппақ сезім,

Жаныңа нұр төгейін.

Аппақ дала. Сен және Өзім

Әнімді айтып берейін.

Күндер өтер, құстар жетер,

Алмасар сан түстер де.

Ойлап мені сағынарсың

Жырым еске түскенде.

Сен оқыр деп,

Жаздым жырды.

Аппақ қардың бетіне.

…Көзім жасы тамып кетті-ау

Ақ қағаздың шетіне…

* * *

Тулайды толқындар шулайды аһ ұрып,

Дөңбекшіп дөңгелер ашуын шақырып.

Ентігіп алқынар жартасты шалқалап,

Аунақшып аунайды ақ көбік сапырып.

Тынбайды толқындар тістесе тартысып,

Өр ағыс кеудесі жалынға шарпысып.

Бір уақ жайдары, мәз-мәйрам күйге енер,

Сылқылдап күлгендей, сыңғырлап шолпысы.

Толқиды, шалқиды толқындар тербеліп,

Зулайды, қулайды ағындай сенделіп.

Тыныштық сүймейтін беймаза өңдері

Ағасы секілді толқынның мендегі.

Толқын-жыр толықсып төгілсе жүректен,

Жапырақ сыбырын, дірілін жыр еткен.

Туласын толқын-жыр тамырды қуалап

Жасындай жарқ етіп,

Жартасты бұз екпін!

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз