Алдыңғы кезекте — ұлттың денсаулығы
Турасын айту керек, елімізде вирусқа шалдыққандар саны азайғанмен, қауіп әлі де сейіле қойған жоқ. Біз енді ғана есімізді жиып, еңсемізді түзеп жатырмыз. Сондықтан, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың шешімімен карантин шаралары тағы екі аптаға созылды. Мен бұл шешіммен толықтай келісемін. Өйткені, тәулік бойы тыным таппай жұмыс істеп жатқан дәрігерлерге де оңай тиіп жатқан жоқ.
Шын мәнінде, қай мемлекет үшін де ең бастысы — халқының, ұлтының денсаулығы. Демек, бірінші байлығымызды сақтау үшін әлі де карантин талаптары мен санитарлық ережелерді ұстануымыз керек. Адам саулығынан артық ештеңе жоқ. Басымыз ауырып, балтырымыз сыздағанда жанымызды шүберекке түйіп, тездетіп сауығып кетуімізді тіледік. Ендеше, өзіміз үшін әлі де сақтық шараларына жауапкершілікпен қарауымыз қажет. Біз қарапайым санитарлық нормаларды ұстану мен карантиннің арқасында эпидемиологиялық ахуалды тұрақтандыра алдық. Сол себепті, Майқы би айтқандай, «ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол іздейік».
Нұрлы Әйтиева, Атырау облыстық мәслихатының депутаты