Алдымда – толған мақсат, толған таңдау…
Кез келген мектептің жас ұрпақты тәрбиелеуде алатын орны ерекше. Олардың жан-жақты дамуын, адам болып қалыптасуын, жақсы мен жаманды айыра білуін, ойын ашық айтуын — бәрін-бәрін мектепте үйретеді.
Мен де «қашан осы мектепті бітіремін?» деген сұрақты өз-өзіме жиі қоятынмын. Енді бүгін, міне, мектебіме кері оралып келмейтініме, партада отырмайтыныма, ұстаздардан дәріс алмайтыныма сене алмай отырмын. Мектепті үлкен отбасыға теңесек, үйретуден жалықпайтын ұстаз — біздің ақылшымыз, екінші анамыз, ал, сыныптастарымыз — ең жақын досымыз. Биыл біз күміс қоңыраудың сыңғырын соңғы рет естідік. Алтын ұямен қимастық сезіммен қоштасып отырмыз. Мектеп қабырғасында өткізген әрбір күн, әрбір қырық бес минуттық сабақ балалық шағымның балғын кезеңі болып қала бермек. Білім ордасы маған үлкен өмірге жолдама берді. Енді алдыма үлкен мақсаттар қойып, биік асуларды бағындырып, елімнің мақтан тұтар азаматы болғым келеді. Бұл — менің мәпелеп өсірген ата-анамның, ақылшы ұстаздарымның алдындағы борышым.
Әсемгүл ЖАМБЫЛОВА.
Атырау қаласы.