Алаяқтарға алданбаңыз!
Автокөлік иелерінің бірі әлеуметтік желілерде бопсалаушының хатын жариялапты. Атап айтқанда, белгісіз біреу жүргізушінің ереже бұзған сәтін түсіріп алғанын алға тартып, одан ақша талап еткен. Төлемеген жағдайда фотоны полицияға жіберетінін айтып қорқытқан…
Осы орайда, Ішкі істер министрлігі автокөлік иелерін алаяқтарға алданып қалмауға шақырады. «Егер сіз осындай заңсыз әрекеттерге тап болсаңыз, ішкі істер органдарына хабарласуыңыз қажет» дейді Әкімшілік полиция комитетінің баспасөз хатшысы Ирина Лукьянина-Костерева. Бұған дейін Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов құқықбұзушылық туралы фотосуреттер мен видеожазбалар жіберген қазақстандықтарға ақы төленетінін мәлімдеген болатын. «Сыйақының» мөлшері айыппұлдың 40 пайызын құрайды. Ал, жартысы мемлекетке және қалған 10 пайызы бағдарламаны әзірлеушіге кетеді. Мұндай тәжірибе Канада, АҚШ және Австралияда бар екен.
Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ