Жарнама
Қоғам

Алатооның ар жағында нағашым

Қазақстан халқының бірлігі мерекесі мен үшін «құрмет» ұғымымен ассоциацияланады. Себебі, бұл мейрам – қазақ халқының өзге ұлт өкілдерін кең байтақ жеріне сыйғызып, оларға құрметпен қарай алғанының дәлелі. Дәл сондай көрініс менің қанат қағып ұшқан ұямда да бар. Өйткені, менің әкем Тәкежан Мәңгібаев қырғыз ұлтының қызын аяулы жар етіп қалап алған.

Анам Наргүл Сұлтанова 1996 жылы Ақмола қаласындағы (қазіргі Астана қаласы) жоғары оқу орнын аяқтап, ұлты қазақ құрбысымен Атырауға келеді. Осы жақта саудамен айналысып жүріп, ортақ достары арқылы әкеммен танысыпты.

Қазақ пен қырғыздың бір туған бауырластығы рас қой, атам да, әкемнің бауырлары да бұл некеге оң көзқараспен қарайды. Оның үстіне анам оған дейін қазақ тілін әжептәуір үйреніп алған. Түр-сипатында да, тілінде де қазақ қызынан айырмашылық таппайсыз. Келін болып түскен жылдары анам тағамға түрлі көкөніс қосып дайындаса керек. Соны көрген атам «мен сиырмын ба шөп-шалам жейтін» деп бір күлдіргені бар екен. Бірақ дайын тағамның дәмін татып көріп, «шөп-шалам» қосылған астың осындай дәмді болатынына көзі жеткен соң анам дайындаған тағамдарды сүйсіне жейтін болыпты. Марқұм атам ол кездері мал шаруашылығымен айналысатын. Сиыр саууға келінінің қолының ептілігін көріп, риза болады.

Отбасындағы тәрбиенің әсері ме, ата-анамыздың қалай танысқанын, қызық оқиғаларын сұрауға батпаушы едім. Сол кездегі оқиғаларды өсе келе ағайындарым әңгіме барысында айтып қалатын. Бұл – соның мен білетін бірсыпырасы ғана. Сол себепті бірін білсем, бірін білмеймін, тіпті қазір де сұрауға бата алмаймын.

Әлі күнге дейін анамның нан жаю тәсіліне тамсана қараймын. Оның айтуынша, жеңгелері «істегенің маған жақсы, үйренгенің өзіңе жақсы» деп, ас үйдің шаруасын жасатып қояды екен. Әкемнің әулетінде бәрі анамның жайған нанды әлі күнге дейін мақтап отырады.

Кішкентай кезімнен нағашыларымның айылына (ауыл) анаммен бірге қыдырып барамыз. Қалада өскеннен бе, мен үшін нағыз ауыл – нағашыларымның елі іспетті. Бойжеткен соң анам мені апаруын азайтып, інімді ертіп кететін. Айылды қатты сағынғаным соншалық, жиырма жасымда бір өзім Қырғыз еліне жол тарттым. Ол жақтағы жеңгелерімнің аяғы аяғына жұқпай, шауып жүріп тірлік еткенін көріп, қырғыздардың қыз баланы шаруаға ерте жастан араластырып тәрбиелейтінін байқадым. Соның арқасында анамның қазақ еліне жақсы келін болып жүргенін байқадым.

Ал мені «қазақ қыз келді» деп ерекше құрметпен күтіп алатын. Нағашы атам мен әжемнен бастап, анамды танитындардың бәрі қонақтап, сый-құрмет көрсететін. Сондай қамқор көңілдерін сағынғаннан болар, өзім іздеп бардым. Осы сапарымда ата-әжемді соңғы рет көру бұйырған екен. Сол кісілердің тәрбиесімен анам да бір қазақтың тамырын жайып, екі елді құдандалы етіп, сыйластықтарын арттырып отыр. Шалғайда тұрып жатқан қазақ жиенінен басқа өзінің сегіз перзентінен тараған жиырма шақты немере мен жиені болса да, інім екеуімізге деген ықыласы ерекше. Соңғы рет барған сапарымда қолымызға ақша ұстатып, бар ілтипатымен шығарып салып еді. Олардың дүниеден озған кезі елдегі пандемиямен тұспа-тұс келіп, ақырғы сапарлары мен қаделеріне де жол түспеді.

Өзім тұрмыс құрған соң байланысым да бұрынғыдан гөрі сиреп қалды. Әйтсе де, алыста жүріп-ақ анамнан Алатоо баурайындағы нағашыларымның жаңалықтарын естіп, кәдімгідей қуанып, бауырларыма тілеулес болып отырамын. Балалық шағымдағы жазғы демалысым өтетін нағашыларымның айылын ерекше сағынышпен еске алып, толқып қалатын кезім де болады. Алдағы уақытта да жиен деген елге құрметі ерекше туыстарымның ауылына жолымның түсуін армандаймын.

Әрине, әр елдің салты басқа болатыны анық, бауырлас ұлт болса да, қазақ пен қырғыздың салт-дәстүрінде ерекшеліктер бар. Анамның енді үйренген, тіпті білмейтін, кейде қырғыздың салтына салып істейтін әрекеттеріне әкем түсіністікпен қарайды. Мұны өзге ұлт өкіліне, олардың дәстүріне құрметпен қарағаны деп ұғынамын.

Қазақ-қырғыз бауырлас ел екені ертеден әмбеге аян. Содан болса керек, шекаралас жатқан қос мемлекет кез-келген жағдайда иық тіресіп, саяси мәселелерде де бір-біріне тілеулес екенін көзіміз көріп те жүр.

Малика ТӘКЕЖАНОВА

Related Articles

2 Comments

  1. Тамаша! Қандай әдемі сурет бейленеді.

  2. Малика Такежан кызынын кыргыз нагашы журтына арналган макаласы оте керемет жазылган Бес жулдыз коямын

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button