Алаштың сенімді сардары
Әлихан Бөкейханов өзінің кадет партиясынан ат құйрығын үзуін «қазақ қауымы үшін өмірлік маңызды үш мәселе жөнінен – аграрлық, ұлттық-мемлекеттік құрылыс және дін мәселесі бойынша келіспегендіктен» деп түсіндіргені баршаға аян. Осы басты мәселелер мен олармен тығыз байланысты басқа да күрделі проблемаларды талқылау үшін «бүкілқазақтық съезд шақыру дұрыс» деп ашық мәлімдейді.
Әлихан Бөкейхановтың бұл мақсатын жүзеге асыруда оған сенімді қолдау көрсеткен қазақ зиялыларының белгілі шоғырының қатарынан Халел Досмұхамедов те табылды.
Жалпықазақ съезі 1917 жылғы 21-26 шілдеде Орынбор қаласында өтті. Съездің біз үшін маңызы – Алаш қозғалысының көрнекті қайраткері, біздің жерлесіміз Х.Досмұхамедов съездің төрағасы болып сайланып, оны бастан-аяқ басқаруы. Мәжілістерді жүргізе отырып, Халел Досмұхамедов жоғарыда көрсетілген күн тәртібіндегі мәселелер бойынша тиісті шешімдер қабылдауға бар күш-жігерін салды.
Съезд делегаттары өздерінің төрағасы Халел Досмұхамедовтың іскер басшылығымен күн тәртібіндегі жер туралы мәселені аса ұқыптылықпен, әрі жан-жақты талқылады. Бірінші Жалпықазақ съезі өзінің күн тәртібіндегі аса маңызды мәселелердің бірі – қазақ саяси партиясын құру мәселесін талқылау. Жаңадан құрылған партия «Алаш» деген атқа ие болды. Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынұлы сияқты қазақтың ұлттық-демократиялық интеллигенциясының көсемдері басқарған «Алаш» партиясының құрамына әуел бастан-ақ ғылыми-техникалық, педагогтік және шығармашылық бағыттағы зиялылардың белгілі өкілдері – Х.Досмұхамедов, М.Тынышбайұлы, Ж.Досмұхамедұлы, Міржақып Дулатұлы, Ш.Құдайбердиев, Мағжан Жұмабаев, Ғұмар Қараш, Сұлтанмахмұт Торайғырұлы, Халел Ғаббасұлы, Әлімхан Ермекұлы және басқалары кірді. Олардың басым көпшілігі 1917 жылдың жазында қалыптасқан жағдайда социалистік идеологияны, таптық принциптерге негізделген күрес бағдарламасын қабылдаған жоқ. Өйткені, «Алаш» партиясы қайраткерлерінің пікірінше, сол кездегі қазақ қоғамы тұтас алғанда оған дайын емес еді. Сондықтан да, олар өз күресін жалпыұлттық мүддеге негізделген «қазақ халқын отарлық езгіден құтқару үшін» деген ұранның астында жүргізуге бағыт алды. Бұл бағытты жүзеге асырудың басты құралы бірінші Жалпықазақ съезінде дүниеге келген «Алаш» партиясы болу керек деп түсінді.
1917 жылғы 21-26 шілдеде Орынбор қаласында өткен бірінші Жалпықазақ съезінде «Алаш» партиясының құрылуы (дәлірек айтқанда, партияны құрылды деп жариялау), сөз жоқ, қазақ халқы өміріндегі елеулі оқиға болды, өйткені, ол тұңғыш ұлттық саяси ұйым еді. «Алаш» партиясы халықтың келешек тағдырын анықтауға тікелей қатынасы бар жалпыұлттық мәселелерді саяси күрестің күн тәртібіне қойып, оларды шешу жолында айтарлықтай қызмет атқарды. Бұл, ең алдымен, партияның бағдарламасының жобасын дайындаудан, қазақ ұлттық мемлекетін құру ісіне белсенді түрде кірісуден, қазақ қауымынан Құрылтай жиналысына депутаттар ұсынып, оларды сайлау ісіне қажырлылықпен атсалысудан аса айқын көрінді. Бұл әрекеттердің барлығы 1917 жылдың екінші жартысында жасалды. 1917 жылғы шілде айынан бастап «Алаш» партиясы сол кездегі мүмкіндіктер аясында саяси күреске белсене араласа бастады. Бұл күрестің түпкі мақсаты қазақ халқын отарлық езгіден құтқару мен буржуазиялық үлгідегі оның мемлекеттігіне қол жеткізу болды. Басқа сөзбен айтқанда, «Алаш» партиясы сан ғасырлар бойы Ресей империясының отары болып келген Қазақстанды тар шеңбердегі таптық тұрғыдан емес, керісінше, жалпыұлттық мақсат мүдделер негізінде дербес ел етуге ұмтылды. Осы кезге дейін жарық көрген еңбектерде «Алаштың» әлеуметтік тегі туралы мәселеге байланысты ортақ тұжырым қалыптасқан. Зерттеушілердің бірі «Алаш» ұсақ буржуазияшыл партия десе, екіншісі либералдық-байшылдық пен ұсақ буржуазиялық демократиялық партия деп бағалады, ал, үшіншісі «Алашты» партия деуден гөрі қоғамдық-саяси қозғалыс деп анықтауды жақтайтынын білдірді. «Алаштың» әлеуметтік тегі туралы пікірдің осылайша әрқилы болуы заңды да, өйткені, оның құрамында алғашқы кезде бай, жартылай феодалдық топтардың, «ақсүйектердің» (төре әулетінің) өкілдерімен қатар, қазақ топырағының «әртектілерінің» (разночинцы), еңбекші шаруалардың өкілдері болды. Олардың басым көпшілігі қазақ қауымының қай тобынан шыққанына қарамастан, негізінен қазақтың ұлттық интеллигенциясының өкілдері еді. «Алаштың» идеологиясы отарлыққа қарсы бағытталған жалпыұлттық идеядан туындады. Сондықтан да, «Алашты» Қазақстанды капиталистік қатынастарға ыңғайлауға ұмтылған, негізінен ұлттық интеллигенция өкілдерінен тұратын, идеологиясы отаршылдыққа қарсы бағытталған ұлттық-демократиялық саяси ұйым деп анықтауға болатын еді.
Бірінші Жалпықазақ съезі өзінің басты назарын Қазақстанның саяси жағдайы мен өлкенің әлеуметтік-экономикалық даму мәселелеріне аударды және осы проблемаларды Уақытша үкіметтің ішкі және сыртқы саясатымен тығыз байланыста қарастырды.
Осылайша, бірінші Жалпықазақ съезінде «Алаш» партиясы құрылғандығын жариялау оның дәстүрлі ұғымдағы саяси партия болып қалыптасуының алғашқы және аса маңызды қадамы болды. «Алаш» партиясының құрылуы – Х.Досмұхамедов төрағалық еткен осы съезде қол жеткен үлкен жетістік» деп айтуымызға әбден негіз бар.
Әділбек ӨМІРЗАҚОВ,
республикалық «Мерейлі мекен» қоғамдық-саяси
журналының тілшісі.