АЛАШ ИДЕЯСЫ БАҒАСЫН АЛДЫ МА?
Түркістандық идеология – түркі идеясы емес
Тұрсын ЖҰРТБАЙ, жазушы, алаштанушы-ғалым:
Қазақ ұлтының алдында қазір алаш ардагерлерінің еңбектерінің ішіндегі идеясын алып, тұжырымдап шығару міндеті тұр. Тіл туралы жазғандарын тілшілер, әдебиет жөніндегісін әдебиетшілер, тарих жайлы айтқандарын тарихшылар жан-жақты зерттеп, қазақтың ұлттық идеясына алып келу – парызымыз. Шыны керек, әлі күнге дейін біз олардың сотталғанын, қудаланғанын, түрмедегі өмірлерін айтумен жүрміз. Бұл да керек. Бірақ олардың әрқайсысын көлеңкеден алып шығып, жан-жақты зерттеп, талдап, елге ұсына білуіміз қажет. Біз сонда ғана ұлттық идеямызды негіздейміз.
Бұл – ұлттық берекенің емес, алашты ірітудің саяси айласы. Түркістандық идеология – түркі идеясы емес, ол өзінің маңызын жойған, уақытша саясат арқылы жүзеге асырылуға ұмтылған мемлекеттік құрылым. Ортақ Түркістан мемлекетін құру идеясын ұсынған большевиктер. Оның авторлары – Ленин, Троцкий, Сталин, солар жіберген Кеңес үкіметінің өкілдері – Түркістан коммунистік партиясының бірінші хатшысы, Түркістан атқару комитетінің төрағасы, «Мусбюро», «Түркістан комиссиясы», жергілікті ұлт өкілдерінен Тұрар Рысқұлов, Усманқожаев, Қожаев және Мінәуар Қари, Мұстафа Шоқай. Бір сөзбен айтқанда, идеяның авторлары мен орындаушылары осылар.
Әрине, Мінәуар Қари мен Мұстафа Шоқай большевиктерсіз Түркістан мемлекетін құруды көздеді. Мұны түсіну үшін сол тұстағы партиялық құжаттарды парақтап шықса жетіп жатыр. Кексе тарихшылар партиялық құжаттарды жатқа біледі, ал бөзөкпе тарихшылар — саяси сауатсыздық пен тарихи сауатсыздықты жою мектебінен өтпегендер.
Бір тарихшы профессор бауырымыз ғалымдар кеңесінде «Алаштың қателігі — Түркістан идеясын мойындамағаны» деп сөйлеп тұрды. Шыдамадым, өз пікірімді білдірдім. «Егер Алаш партиясы, яғни, «Алашорда» үкіметі Түркістан идеясын мойындайтын болса, онда қазіргі тәуелсіз Қазақстан мемлекеті болмаған болар еді. Ал, Қазақ мемлекетінің Т.Рысқұлов пен С.Қожанов, М.Шоқай ұсынғандай, жалпы Орта Азия мемлекеттерінің құрамында, бес облыстың көлемінде өмір сүріп жатқанын қайтіп көз алдыңызға елестете аласыз? Және сол кезеңдегі тарихи, саяси, шекаралық жағдай қандай еді?» — деп сұрақ қойдым. Үндемеді.
Шынтуайтына келгенде, ол кезде солтүстік алты облыс — Семей, Қарағанды, Ақмола, Көкшетау, Кереку, Қызылжар Батыс Сібірге, ал солтүстік батыстағы — Торғай, Қостанай, Орал облыстары Орынборға, Алматы, Тараз, Шымкент, Қызылорда, Атыраудың жартысы, Маңғыстау түгелдей Түркістанға қарайтын. Міне, қазақ жері өстіп үшке бөлініп жатты.
Ал, «Алашорда» автономиясы сол кездегі Торғай, Қостанай, Орал, Орынбор аймағын ғана қамтыды. Осыны ескере келе «Алаш» басшылары тәуелсіз Қазақ мемлекетін құруды ұлттық және саяси мақсат етіп қойды. Бұны ұсынып отырған Бөкейханов. Егер де Тұрар Рысқұлов айтқандай, Түркістан мемлекеті құрылатын болса, онда осы күнгі Қазақстанға қандай сыбаға бұйырар еді, шығыстағы, солтүстіктегі, батыстағы облыстар қайда қалар еді? Өздеріңізге мәлім, біз өзбектен «Түркістан» деген атауы ғана бар, он-он бес үйден құралған ауылды қайтарып ала алмай қойдық. Ал, бес облысты олар бере ме бізге?! Батыс Қазақстансыз қандай Түркістан мемлекеті болуы мүмкін? Сондай-ақ, Батыс пен Шығысты Сібір мемлекеті, яғни, Ресей мәңгі бақи бізге бермес еді. Міне, түркістандық идея дегеннің астарында осындай тарихи кілтипан жатыр.
Бөкейхановтар айтысып-тартысып отырып, бөлшектенудің аз-ақ алдында қалған қазақ жерін біртұтас орда болатындай етіп, 1920 жылы 24 тамыз күні Лениннің қолымен мәңгілік бекіттірді ғой. Сонда бұл да қателік пе?
Жеке бастарына келетін болсақ, Әлихан мен Мұстафа аға мен інідей, ұстаз бен шәкірттей болған. 1914 жылы Бүкілресейлік Мұсылмандар мәжілісінің қарсаңында Санк-Петербургта оқып жүрген Мұстафа Шоқайды Әлихан Бөкейханов шақыртып алып: «Сен қоғамдық іске аралас, қазір мұсылмандар құрылтайы өткелі жатыр, соған құжаттарды даярлас. Сол жиында тұңғыш рет тәуелсіздік жөнінде мәселе көтеріледі. Соған көмектес», — деп іс-қағаздарды әзірлеуге тартқан еді. Мұстафа Шоқай – бірегей, үлкен тұлға. Халықаралық деңгейдегі ірі саяси қайраткер. Бірақ, біз тұлғалардың еңбегі мен орнын дұрыс ажырата білуіміз керек. Өйткені, онда ұлт тағдыры жатыр.
Тереңінен танитын кез келді
Аққали АХМЕТ, тарих ғылымдарының докторы, доцент:
2017 жылы Алаш үкіметінің құрылғанына жүз жыл толады. Бұл – мемлекеттік деңгейде атап өтілуі тиіс үлкен дата. Алаш партиясы, Алаш ордасы туралы Тұрсын Жұртбайдың, Мәмбет Қойгелдиевтің еңбектері бар. Бірақ, қазір алаш идеясына бір жақты пікір айтылып жүр.
Әлеуметтік мәселе, экономика, президенттік басқару, ұлыстарды ұлтқа бөлмей, ортақ теңдік беру жайттары алаш идеясында ерекше көрініс тапқан еді. Алаш идеясы негізінен мемлекет тұтастығына назар аударған болатын. Өкінішке орай, біз алаштың көрнекті тұлғаларын насихаттаумен ғана шектеліп жүрміз. Ол да керек болар. Бірақ, алаш идеясының мән-маңызын тереңінен ашу міндеті де бар. Сондай-ақ, алашордашыл қарапайым тұлғаларды да танып-білетін кез келді. Болашақта Атырау облысындағы алашордашыл азаматтардың қызметі, еңбегі жөнінде кітап шығаруды ойлап жүрмін. Меніңше, бұл мәселе де алаш идеясын жаңа белеске көтеретін сияқты.
Шындығына келгенде, алаш қайраткерлерінің еліміздің шекарасын бекіту, ел астанасын орталықтандыру, ағартушылық саладағы еңбектері ұшан-теңіз. Рас, Кеңес үкіметі бір кездері Алашорданы таратып жіберді. Бірақ, оның құрамындағы қайраткерлер Кеңес үкіметінің құрамында жүріп те халық үшін, ұлт болашағы үшін жұмыс істеді. Қазақтың мәдениетін, қазақтың руханиятын жаңа белестерге көтерді.
Бұл – ғылымды адасушылыққа апаратын көзқарас. Әлихан Бөкейхановтың да, Мұстафа Шоқайдың да тарихта алатын өз орны бар. Және оны дауға айналдырудың керегі жоқ. Менің түсінігімде Бөкейхановтың ел дамуындағы, Алашорда үкіметінің құрылу, қалыптасу кезеңіндегі рөлі ерекше. Мұстафа Шоқай – ел болашағы үшін күресін шет мемлекетте жүргізе білген қайраткер.
Ерекше атап өтерлігі сол, Шоқай кеңес үкіметінің тікелей қазақ ұлтына қарсы бағытталған қиянатын шетел баспасөзінде ашық жариялады, мәселеге әлемдік қауымдастықтың назарын аударта білді.
Бөкейханов та, Шоқай да қазақ руханияты, әдебиеті, мәдениеті саласына өз қолтаңбасын қалдырды.
1937–1938 жылдары 66 мың адам жапа шегіп, 22 мың азамат атылып, 44 мыңы түрмеге жабылды. Кей деректерде 1937–1938 жылдары 135 мың қазақ интеллигенциясы саяси репрессия зобалаңының құрбаны болып атылғаны айтылады.
Жазып алған
Баян ЖАНҰЗАҚОВА.