Жарнама
Қоғам

АЛАСАРМАЙТЫН ТҰЛҒА

 

Текей Қарамырзаұлы саналы ғұмырын отандық ғылымға арнаған жан. Көптеген ғылыми жаңалықтарын қолданысқа енгізген ғалым қашан да ізденуден жалыққан емес. Жаңалыққа жаны құштар профессор-ғалымды тұтас ұжым, шәкірттері ерекше құрмет тұтады.

Ол 1930 жылы Гурьев облысының Жылыой ауданы, Айранкөл ауылында қарапайым шаруалар отбасында дүниеге келген. Жастайынан елгезектігімен, зеректігімен көзге түскен балаң жігіт Қосшағыл мұнай-кен орнындағы орта мектептің жетінші сыныбын бітіргеннен кейін Гурьев мұнай техникумына оқуға түседі. Қиын кезеңдерге қарамастан, техникумға оқуға түсуге қол жеткізген шаруа баласы білімін И.М.Губкин атындағы Мәскеудің Еңбек Қызыл Ту Орденді мұнай институтында жалғастырып, оны 1951 жылы үздік бітіріп шығады.

Осылайша, бір кездері арман қуып Мәскеуге аттанған балаң жігіт елге үлкен мамандықтың иесі болып оралады. Сөйтеді де, еңбек жолын өзінің кіндік қаны тамған Жылыой жерінде, яғни, Құлсары мұнай өнеркәсібі басқармасынан бастайды. Учаскенің инженер-экономисі атанған Текей Қарамырзаұлы өз ісіне тындырымды маман ретінде сол кездегі басшылықтың назарына ілігеді. Кейін осы басқарманың басқару аппаратындағы жоспарлау бөлімінің инженер-экономисі болып, абыроймен еңбек етеді. 

1957 жылы облыстың өндіріс саласында өзгеше бір өрлеу болады. Гурьев халық шаруашылығы кеңестік жоспарлау бөлімі құрылып, ел өмірінде ерекше жаңалықтар орын ала бастайды. Текей Қарамырзаұлы осы жылдары құрылысы жобаланған Гурьев химия зауытының болашақ өндірістік жоспарын алғаш дайындаған маманы болды. Сөйтіп, өз заманында облыстың ғана емес, тұтас ел экономикасының күретамырына айналған зауыттың өндірістік қуатын арттыру жолында үлкен еңбек сіңіреді. Осы жылдары Текей Қарамырзаұлының ғылымға деген қызығушылығы арта түсіп, облыс экономикасын дамыту бағытындағы ғылыми мақалаларды жариялай бастайды.

Кеңес Үкіметі тұсында ғылыми зерттеу, іздеу институттарына ерекше маңыз берілгені белгілі. Ондағы мақсат – шикізат елі атанған Қазақстанның байлығын мейлінше пайдалану болатын. Осылайша, 1960 жылы «Қазақстанмұнайгеофизика» тресі құрылды. Біліктілігімен танылған Текей Қарамырзаұлы сол трестің экономикалық бөліміне басшылыққа тағайындалды. Бұл кезеңде де ғалым жұмысты ұтымды ұйымдастыруымен, ізденіске, жаңалыққа деген құштарлығымен ерекшелене білді. Арада төрт жыл өткенде Қазақ ССР Ғылым академиясына  жұмысқа шақырылып, Геологиялық ғылыми институтының экономикалық талдау жасау секторының жетекшісі болып, жүктелген міндетті абыроймен атқарды.

Осы институтта жүріп, «Маңғыстау түбегінің жер асты суларын пайдаланудың экономикалық тиімділігі» тақырыбындағы ғылыми еңбегін дайындап, экономика ғылымдарының кандидаты дәрежесін қорғап шықты. Оның әр  жылдары жазылған «Іле Алатауы және Қырғыз Алатауы бөктеріндегі жер асты суларын пайдаланудың экономикалық тиімділігі», «Жамбыл және Шымкент облыстарының жер асты суларын пайдалануға экономикалық баға беру», «Қазақстан жер асты суларын пайдалануға экономикалық баға беру» тақырыбындағы ғылыми жұмыстары өз заманында үлкен сұранысқа ие болды. Осындай ізденіс нәтижесінде Текей Қарамырзаұлына 1993 жылы экономика ғылымдарының докторы атағы берілді.

Атырауда орналасқан «Аймақтық экономикалық ғылыми- зерттеу орталығының» қалыптасу және даму жолында да Текей ағайдың қолтаңбасы жатыр. Осы орталықтың директоры болып тұрған тұста көптеген нәтижелі жұмыстар жүргізіліп, ғылыми жаңалықтар қолданысқа енгізілгенін зиялы қауым өкілдері тамсана еске алып отырады.

Бүгінде 187-ден астам ғылыми еңбектің, үш монографияның және екі кітаптың авторы атанған экономика ғылымдарының докторы, профессор Текей Қарамырзиевты Атырау мұнай және газ институты ұжымы ерекше құрмет тұтады. Өйткені, бір кездері институттың «Мұнай-газ саласы экономикасы» кафедрасын басқарған ғалым білім шаңырағының өрлеу кезеңін бастан өткерді деуге болады. Ол басшылыққа келген тұста кафедрада небары алты оқытушы болған еді. Осындай шағын ұжыммен жұмыс істеген қажырлы жетекші уақытпен санаспай атқарылған зор еңбектің арқасында «Менеджмент», «Бухгалтерлік есеп және аудит», «Қаржы» мамандықтарының негізін қалады. Сол кезде салынған сара жол бүгінде «Экономика, бизнес және ақпараттық технологиялар» факультетінің ашылуымен жалғасты. Бұл факультеттің ашылуы институт тарихы үшін зор оқиға болғаны анық.

Текей ағаның көп жылғы ғылыми, ұстаздық еңбегі елеусіз қалған жоқ, «Құрмет» орденімен, бірнеше медальдармен, Білім және ғылым министрлігінің алғыс хатымен марапатталды.

Еңбекте білікті ғалым, шебер ұйымдастырушы, өмірде отбасының шырақшысы, аяулы жар, қамқор әке, өнегелі ата болған Текей Қарамырзаұлының дара тұлғасы жас ұрпақ үшін үлгі болып қала бермек.

 

Мәншүк БАЙМҰҚАШЕВА,

Атырау мұнай және газ институтының

«Экономика, менеджмент және бухгалтерлік

есеп» кафедрасының меңгерушісі, экономика

ғылымдарының докторы, профессор.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button