Қаламы мұқалмаған қаламгерлер
«Ізгілікті қабылдауға
тырысамын»
«Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, Қазақстан Республикасының мәде-ниет қайраткері
Айтқали НҰРҒАЛИЕВ:
Газеттердің артықшылықтарына тоқталсам, олар қазір ұзақ жиналыстарды егжей-тегжейлі жазудан арылды, барынша қысқартып дайындайды. Бұл өте дұрыс, әйтпесе, оқырман қызықпайды, керісінше, жалығады.
Қазір ақпарат құралдары екіге бөлініп кетті: біреуі – тәуелсіз, мемлекеттік тапсырыс алмайтын, екіншісі – ресми, яғни, мемлекеттік тапсырыс алатын. Соған сай ресми газеттер артық ауыз өсек-аяңға жол бермейді, тек ресми бағытты ұстанады.
Ал, тәуелсіз басылымдарда «тисе – терекке, тимесе – бұтаққа» деу басым. Былайша айтқанда, «тырнақ астынан кір іздейді». Әсіре баяндау бар. Мен қызмет еткен заман, бұл – кешегі кеңестік дәуір. Ол кезде ойындағысын ойламай айтатын еркін баспасөз болған жоқ. Сол уақыттың өзіндік бір ерекшелігі, әр айтылған сөз бен жазылған мақала үшін жауапкершілік жүгі ауыр болатын. Мысалы, бұрын сыни мақала жарық көрген кезде, көтерілген проблема міндетті түрде өз шешімін табатын болды. Мақала авторына қойылар талап та жоғары еді. Ешкім де өтірік айтуға, құрғақ уәдеге тырыспайтын. Ал, қазір мәселелер көтерілмейді емес, көтеріледі, бірақ оның артында тындырылып жатқан іс жоқ. Айтылды, жазылды, сол жерде қалды.
Телеарналарды айтар болсам, мәнсіз түрік, корей хикаялары, қорқынышты фильмдер көбейіп кетті. Көрсетіліп жатқан кинолардың көбі адамды ізгілікке емес, күш қолдану, зорлық-зомбылыққа үндейді. Мұны көрген ұрпақ ертең кім боп өседі, нені үйреніп шығады, ол жағы бұлыңғыр.
Ғаламтордың жайын айтсам, жаһанданудан бәрібір қашып құтыла алмаймыз. Мысалы, «Википедия» сайтының бір өзін алып қарасақ, бүкіл мәдени құндылықтарымыздың көбі сонда орналастырылған. Олай болса, қалайша оны жойып жібереміз? Тек осының бәрін арам пиғылдылар теріс бағытта қолданбаса болғаны, ал, оның халық үшін берері көп деп ойлаймын.
Өзім мемлекеттік тапсырыспен жұмыс істейтін басылымдарды көп оқимын. Өйткені, онда барлығы да ресми тұрғыдан сараптаудан өткен. Жалпы, ұшқан ұям да – сол бұрынғы «Коммунистік еңбек», қазіргі «Атырау» газеті. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетін бітірген соң осында келіп, он жыл кәсібімді шыңдаған болатынмын. Жалпы, газеттен де, теледидардан да жақсылықты естіп-білуге, ізгілікті қабылдауға тырысамын.
Жақында «Атырау» газетінен сенатор Сәрсенбай Еңсегенов жөнінде бір очерк оқыдым. Тамаша дүние. Мәнді туынды, очерктің барлық талабын орындап тұр. Айтқым келгені, қазір небір жанашыр кәсіпкерлер, адал еңбек иелері жетерлік. Ендеше, солар туралы инновациялық, индустриалдық жобаларды қамтып неге очерк жазбасқа? Бұл орайда, мемлекеттік игі бағдарламалар көпшілік арасында насихатталғанда ғана жүзеге асатынын ұмытпау керек.
Қазір керек мәліметтің бәрі де жедел беріліп жатыр. Әсіресе, өзіміздің төл арнамыз – «Қазақстан-Атырау» телеарнасының соңғы кезде қолға алған бастамалары да ұнайды. Әдеттегі жаңалықтар қызметін енді елдегі болып жатқан соңғы жаңалықтардан бастайтын болды. Бұл саясатты қолдаймын. Олай дейтінім, арналарды әрі-бері ауыстырмай, бәрін бір жерден көруге мүмкіндік беріліп отыр. Сондай-ақ, бұрынғыдай сансыз құттықтаулар да жоқ. Алдағы уақытта соларды мәнді бағдарламалармен толтыру міндеті тұр.
Еліміз егемендік алған алғашқы жылдары ел экономикасы қиын жағдайларды бастан кешірді. Ал, бойымыз жазылып, еңсеміз тіктелгенде сол экономикамызды тынбай жаза беруіміз керек сияқты. Халық елдің даму деңгейін білгісі келеді. Сондықтан, бүгінгі жастар осы саланы көбірек зерттеп, жазса екен деймін.
«БАҚ-ты сұхбаттар жайлады…»
Қазақстан Республикасының құрметті журналисі
Тілек ДӘУЛЕТОВ:
Бүгінгі журналистика Кеңес дәуіріндегіден оқ бойы озды. Біз қызмет еткен уақыт алыста қалды. Бұрын жанымызда қойын дәптер мен қаламнан басқа түк те болмайтын, қазір оларды заманауи құрал-саймандар, су жаңа технология ауыстырды. Яғни, біз диктофон түгілі, теледидар тапшы болған заманда ақпарат таратқанбыз. Ал, бүгін бар жаңалықты күнделікті теледидардан көріп, сол мезетте болып жатқан оқиғаға көзайым болып отырғаның және айтылған ақпарат дереу газетке басылып шығып жатады. Осы орайда бұқара мүддесіне тоқсан жыл бойы үзбей қызмет етіп етіп келе жатқан аймақ айнасы «Атырау» газетінің тілшілеріне деген үлкен ризашылығымды білдіргім келеді. Өйткені, мұнда болған жайды жай баяндаудан гөрі, мәдениетті деңгейде жеткізу, дәйектер келтіре отырып саралау, ерекше мұқияттылық басым. Тағы бір қуантатыны, газеттің безендірілуі де керемет.
Кемшіліктерді айтқанда, кенже қалып бара жатқан бір мәселе, бұл – жанр жайы. Соңғы кезде бұқаралық ақпарат құралдарының көбі тек сұхбатпен ғана шектеліп жатыр. Телеарнаны қоса қалсаң – сұхбат, газетте де екі-үш бетке құлаш ұрған сұхбат. Оның ішінде қойылған сауал мен көтерілген мәселе санаулы, ал, материалдың көлемі тым үлкен. Суреттеме, очерк, фельетон дегендер қарасын батырды.
Өз басым, жазуға келгенде тілге, жазылу стиліне аса мән беру керек деп ойлаймын. Соңғы кезде ана тілімізді шұбарлап, орыс тілін аудармай тікелей қолдану етек жайып кетті. Қазақ тілінде материал дайындаған соң, кәдімгі сөздің майын тамызып жазу керек қой. Туған тілімізді шұбарламаған абзал. Оңды-солды жаза беруге болмайды. Кей баспасөз беттерінде сөйлемнің бір бөлігі жетіспей, бір әріптер түсіп қалып не қосарланып басылып жатады. Яғни, осының бәрі де үлкен ұжымдық жұмыс, тілші, корректор, беттеушілер зер сала жұмыс жасаған кезде ғана еңбек өз жемісін береді.
Ғаламторды мүлде қолдамаймын деп айта алмаймын. Өз басым, көзімнің нашар көруіне байланысты, оны пайдалана алмаймын. Бірақ, бір байқағаным, онда «демократия» екен деп асыра сілтеушілік көп, ғаламтордың кемшін тұсы – сол. Яғни, аз-мұз мәселеге бола түкке тұрғысыз қаңқу сөздермен тақырыптың өзектілігін жойып жібереді. Іле-шала асығыстық, шала естіген жаңалықты «ыссылай қабу» бар да, нақты зерттеу, фактілерге сүйену атымен жоқ. Сол күйінде сайттарға салып қояды. Ал, пайдалы жағына келсек, оның көмегі көп. Ондағы бар дүние бәріне де қолжетімді, бұл журналистің жұмысын жеңілдетеді.
Өзім елдегі жағдайды білу үшін «Қазақстан», «Хабар» телеарналарын көріп тұрамын. «Жеті күн» сараптамалық бағдарламасы көңілімнен шығады. Тек бір көңілім толмайтыны, ондағы ақпарат тарату біржақты ғана, яғни, тым ресми болып кетті. Көптеген сараптамалық бағдарламалар аптада болған жаңалықтарды қайталаумен ғана шектелуде, арнайы репортаждар аз. Жарнамалардың жалықтырып жіберетіні болмаса, арагідік «31», «КТК» арналарын да қараймын. Оны да түсінуге болатын шығар, қанша дегенмен, жарнама да олар үшін қажетті қаражат көзі ғой.
Басылымдардан ең әуелі «Атырау» газетін оқимын. Сөйтіп, аймақта орын алған оқиғалармен танысамын. Теледидардан көріп қалған жаңалықты лезде «Атыраудан» іздеймін. Себебі, мұнда барлығы да толық, орынды дәйектер келтіріліп жазылады. Одан соң «Егемен Қазақстанды» шолып шығамын.
Жастарға айтарым, қазіргі кезде көп оқып-үйрену, білу қажет, білім қорын молайту маңызды. Журналист боламын деген адам ізденіс пен талпыныстан таймау керек, тыңғылықты дайындалған дұрыс. Сонда ғана өз еңбегінің жемісін көріп, қоғамға пайдасы тимек.
Дайындаған Амандық АБДОЛОВ.