АЛҒЫС АРҚАЛАҒАН АНА
Қан майданның салқыны қаншама отбасын ойсыратып, жарды жесір, сәбиді жетімсіретті десеңізші?! Қаруланған жауынгерлер, жерде де, көкте де кідіріссіз атылған оқтарда есеп жоқ. Осынау сәтте жауға беріспей, қасық қаны қалғанша соғысқан аға-әпкелеріміздің қайтпас қайсарлығын айтсаңызшы?! Отан жолындағы күрестің қантөгісін біз тек от кешкен майдангер аға-апаларымыздың естелік әңгімелері мен тарихи деректерден ғана білеміз. Бейбіт заманда алаңсыз өмір сүріп жатқан кейінгі ұрпақ өжеттілік пен өрліктің үлгісі бола білген майдангерлердің ерлігін жетік білуі–парыз.
1923 жылы 19 қаңтарда Қызылту колхозында қарапайым жылқышы шаңырағында өмірге келген Үсен Ерғалиева еңбектің дәмін өзгелерден ертерек татты. Жанұяның тұңғышы болғандықтан ба, бала кезінен-ақ әкесінің жанында жүріп төрт түліктің төресін бағуға көмектесетін. «Ат–ердің қанаты» ғой. Мінсеңіз көлік, жесеңіз ас болатын Қамбар ата тұқымының «құлағында ойнауды» Үсен апа осылайша меңгеріп алды. Оның үстіне, орталықтан шалғай орналасқан қырдың тыныс-тіршілігі тіптен бөлек. «Отбасымыздағы он қыздың ортасында ұл болмапты. Содан 16 жасымда мені көмекші етіп, әкем қасына ертіп жүретін. Жанұямызда дүниеге келген жалғыз ұл 1943 жылы майданға аттанды да, соғыстан оралмады. Бертін келе, әкемнің зираты Украинадан табылды. Оның да топырағын осында әкелу бұйырыпты. Қазірде осы балалардан тек екі қыз ғана қалдық»,-деген әңгімелесушіміз алыс ауылда оқу да ағаштан жасалған киіз үйлерде өткенін айтады.
Жалындаған жастығы майданмен тұспа-тұс келген кейіпкеріміз ауылдық кеңес төрағасының қызметін атқарған Әнет Ерғалиевке тұрмысқа шығады. Соғыс жылдарында сүттей ұйыған отбасының отанасы он бір құрсақ көтерді, 1941 жылдан 1944 жылға дейін Қосшағыл кен орнында май құюшы қызметін атқарды. Жүрегі мейірімге толы ана өз үйінің түтінін түтетіп қана қоймай, сұрапыл майданда бірінің жары, енді бірінің әкесі оралмаған жетім-жесірлерге қамқор болды. Тәулік бойы жұмысына қарамастан қолы қалт еткенде соларға жәрдемдесті. Елді ашаршылық кезіп, жұрт тышқанды да ас қылған тұста нанды әр шаңыраққа теңдей бөліп беріп, тамағын жеткізіп отыратын. Бойға дарыған қасиет пе, әлде өмірлік тәжірибесінің молдығынан ба, шешек ауруы өршіген кезде ауруға шалдыққандардан жиіркенбей, ем-дом жасайтынын аға буын әлі күнге дейін таңданыспен айтады. Шаруашылық жайын бес саусақтай білетін бесаспап маман колхозда егінмен де айналысты. Отағасы отты майданнан аман-есен оралып, қайта қауышқаннан кейін «211 НПС-3» учаскесінде бөлім басшысы болып жұмыс істеді. Соғыста сонау Германияға дейін барған оның еңбегі елеусіз қалмады, бірнеше медальдарға ие болды. Зейнетке шығар алдында кен орындарында қызмет етті. Ал, Үсен Жұқақызы жеті жыл бойы Қосшағыл құбыры бойының қараушысы болып жұмыс жасады. Кенді өңірде табан аудармастан өз қызметін үлкен жауапкершілікпен атқарған тыл еңбеккері «Еңбек ардагері» медалімен марапатталды.
Адал еңбектің тәтті жемісін татпақ ниетпен зейнеткерлікке шыққаннан кейін бір жылдан соң Әнет Ерғалиев өмірден озды. Қиыншылыққа төтеп бере білген ана бұл жолы да қаймықпай, балаларын жетілдіруден тынбады. Әуелден-ақ ырым-тыйыммен балаға шектеу қойып, санамаламаған халықпыз ғой. Үсен ана олардың барлығының жоғары білім алғанын қалады, оқуға түсірді. Тек ұлдарының бірі Байғазыны әкесінің орнына серік болсын, шаруашылыққа қарайлассын деп жанында қалдырды. Бірақ, ол да жұмыссыз қалмады. Күні бүгінде ата-ана жолымен Бай-ғазы Әнетұлы «ҚазТрансОйл» АҚ-ның Қосшағылдағы бөлімшелерінде машинист болып жемісті қызмет етеді. Асқар таудай әке шаңырағын ұстап қалған ұл байырғы дәстүрді жалғастырып келеді. Ауылға келген мәртебелі қонақтардың дені Үсен анаға амандасып шығады. Отбасы мүшелері толыққанды жиналған сәтте өздері де мәре-сәре болысады. Майданда шыныққандықтан шығар, тоқсанды алқымдаған ана қарттыққа бой алдырмай, күллі Қазақ елі үшін аса маңызды мәселелерге үн қосып та отырады. «Еңбек ардагерінің» былайғы жұрттан бір ерекшелігі – керемет қарапайымдылығы. Ал, өмір жолына, елге сіңірген еңбегіне қарасаңыз, сол қара¬пайым¬дылықтың артында екінің біріне бұйырмаған тереңдік, ұлылық жатқанын аңғарасыз. Өлшеусіз еңбегіне ешқандай өтемақы сұрамаған ол–туған елінің, жерінің нағыз адал перзенті. Ұлды ұяға, қызды қияға қондырған оның еңбекқорлығы, инабаттылығы, ибалылығы келіндеріне үлгі болды.
«Әлің барда еңбек ет, еңкейгенде емерсің» демекші, бүгінгі күні кейіпкеріміз шынайы ана бақытына бөленіп отыр. Асыл жары Әнет көре алмай кеткен қызықты Үсен Жұқақызы бала-келін, қыз-күйеулерінен тараған немере-жиен, шөбере, шөпшектерінің ортасында көруді жазды. Барлығы дерлік қалаған мамандықтары бойынша жұмыста. Бірі ұстаздық етсе, енді бірі–мұнай саласының майын ішкен кәнігі кәсібилер. Асыл ананың халін сұрай қонақ келсе, балалары ұйымшылдықпен жинала қалады.
«Бабымды келіндерім тауып келеді. Кәрілік өзінікін алады екен. Жетпіс, сексендей емес, тоқсан жас ауырлатты. Ауылдың үлкендері «жас кезіңде талай қиыншылықты көрдің, алғысқа ие болдың, соның бір жақсылығы кездесер» деп айтатын. Қайдан білейін, мүмкін содан да болар, осындай жасқа отбасымның ортасында жетіп отырмын. Мейрам сайын ұмытпайтын, өзіміз еңбек еткен «ҚазТрансОйл» мекемесіне ризамын. Адамда арман таусылған ба?
Енді Байғазының ұлын, немеремді жұмысқа тұрғызып, соның жанында болсам деймін»,-деді кейіпкеріміз.
Бар ғұмырын, бүкіл қажыр-қайратын қызметке, еңбекке, қамқорлыққа арнаған ана атақ алмады, бірақ есесіне өз ісінің білгірі ретінде ел-жұртының сенімін иелен¬ді, алғыс сезіміне бөленді. Біз білетін жан дүниесі таза, ақыл-парасаты биік Үсен Жұқақызы үшін бұдан өткен бақыт жоқ. Ардақты анамен қоштасарда осы бақыттан таймауын тіледік. Ол да әуелгі әдетімен «балаларым, елге аман жеткесін хабарларыңды беріңдер, жолдарың болсын» деп тілек тілеумен шығарып салды. Алла сізге әлі де ұзақ ғұмыр берсін, әрдайым аман болыңыз, ана!
Айбөпе САБЫРОВА.