Атырауда ер адам «әйелім балағаттады» деп шағымданды

screenshot 20220908 122241 Қоғам

Атырауда ер адам әйелінің үстінен балағаттады деп шағымданған. Бұл туралы облыстық ПД өкілі Райса Айтжанова мәлімдеді.

Оның айтуынша мұндай жағдай бірнеше рет тіркелген. Мәселен, атыраулық ер адам азаматтық некедегі әйелінің үстіне «ар-намысыма тиетін ауыр сөз айтты» деп арыз жазған. Бірақ, кейін ерлі-зайыпты татуласқан көрінеді. Бұл туралы caspianlife.kz мәлім етті.

Сондай-ақ, биыл 8 ай ішінде Атырауда отбасылық зорлық-зомбылық бойынша 1529 тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Ал былтыр бұл көрсеткіш 1629-ға жеткен еді.

ПД-нің өкілі отбасылық жанжалға байланысты шағым түскен жағдайда қысым көрсетушіге 1 ай мерзімге қорғау нұсқамасы берілетінін айтады. Ол бойынша қысым көрсетуші осы уақыт аралығында жанжал шығармауы қажет. Биыл 1852 тұлғаға осындай қорғау нұсқамасы берілді. Алайда, қойылған талапты орындамайтын азаматтар да аз емес.

Мысалы, 2 тамыз күні Б. есімді әйел күйеуінің үстінен қысым көрсеткені үшін шағымданған. Бірақ, іс сотқа жеткен кезде кешірім беріпті. Алайда, 8 күннен кейін күйеуі қайтадан жанжал шығарған соң, әйел 7 баласымен дағдарыс орталығына орналастырылды. Ал, құқық бұзушы қамаққа алынды. Бұл биыл облыста қорғау нұсқамасын бұзу бойынша тіркелген 125 оқиғаның біреуі ғана.

Ал, биыл Дағдарыс орталығына 78 адам орналастырылды. Оның 26-сы әйел, ал 52-сі жасөспірім. Қазіргі таңда 6 әйел мен 11 жасөспірім Дағдарыс орталығында тұрады.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз