АҚЖЕЛЕҢ ДӘУРЕН, САМАЛ ЖЫР…

Ақұштапты оқырманы лирик ақын деп таныды. Ақын лирикасының негізі – адам жанының нәзік сезімі, ақ сөйлейтін пәктігі мен адалдығы. Жайдары мінезі, жарқын өмірге меңзейтін философиялық ой иірімдеріне толы лирикалық кейіпкерін жібектей есілген  нәзік жырларымен мүсіндейді. «Сіңліге сыр» өлеңінде:

…Алдымен қызға керегі – пәктік, адалдық,

Одан соң, жаным, жаз мінез керек жарасқан,- деп жырлайды ақын.

Ақын өз замандастары, аналық мейірім, ана махаббаты, жар сүю, ұрпақ тәрбиесі, замана ағымына, пенделік көріністерге деген аналық көзқарасты қаламына арқау етеді.

Елдің ер еңселі азаматтарының айнымас серігі, адалдық пен пәктікті  өзінің нәзік те назды қылығымен айналасына нұр шашып жүрген жаз жайдарлы сұлу бейнесін «Жеңеше» өлеңінде көркем кестелей біледі:

«Не десем екен, не десем?

Жанымды жырға бөле сен.

Аға мен дала бағына

Жайраңдап тұрған жеңешем».

  Қазақ халқының салты мен дәстүрін, тілі мен ділін, мінезі мен қылығын бір ғана лирикалық кейіпкердің бойына жинақтаған типтік образ. Дала төсіндегі абзал ағалардың сенімді серігі – Ақ жеңгенің образы. Сезім мен сурет шынайы астасып жатқанда ғана оқырман жүрегіне жол табады.

Халқымыз осындай қылықты әйел-аналармен болашағы зор болатынына сенімді. Аналық мейірім мен нәзіктікті өлең жолдарына сыйғызған ақын жүрегі ақындықтың азабын да шынайы суреттей біледі. «Өзім туралы» өлеңінде:

Оңай деп пе едің, қарағым,

Ойлардан жүдеп қажалу.

Ұрпаққа мұра болатын 

Өшпейтін жолдар жаза алу.

Домбыра тартып тойларда

Бесікті тербеп ойлану,

Әйелдің жүгін қойғанда

Ақынға қайта айналу, – дейді.

Бесік тербетіп отырып өлең ойлаған, ас үйдегі қым-қуыт тірліктің үйлесімін келтіріп жүріп, жүрегін өлең тербеген ақынның азапты да бақытты сәті көз алдыңа елестейді.

«Көміліп ойға дір етпей,

Өшпейтін жолдар таба алу,

Қайтадан сүйген жүрекке

Махаббат болып оралу».

Ақынның көңіл-күйі, арманы, мақсаты–бәрі-бәрі оқырманның жүрегіне жол табады. Өзі армандағандай, «Ұрпаққа мұра болып қалатын, Өшпейтін жолдар жаза алу…»  мақсатын әйел-ана, ақын өзінің өмірлік мұраты тұтады. Дүбірлі дүниеге, думанды дүбірге елтіген, бәйге алаңын сағынған тұлпардың тарлан кейпін танытады.

«…Ақындық сыйын шын берген болса табиғат

Бөлінем  неге бәйгелі, шулы дүбірден».  

Ақын өзінің бақытты сәтін ана болуымен бағалайды. Дүниедегі барша әйел затына, анаға бақыт тілейді. Бірақ, ақындық тағдырды тілемейді.

Сәулесіне шырша шам шай қайнатып,

Мендей болып отырмай ойдан қатып.

Тілемеймін сендерге ақындықты

Ана болып жүрсеңдер қандай бақыт, – деп барлық дүниедегі аналар бақытына тілекші болады.

«Қинама мамаңды,  құлыным,

Жағдайын тезірек біл, ұғын.

Өлеңмен бейнетқор сорлымын,

Сендермен  бақытты, ұлымын».  

 Ақын мен ана тағдырын қатар ұстан-ғанына риза. Әйел арманы – ана болу, ақын арманы – ұрпақтың жүрегіне жетер, өшпейтін  өлең жазу.

Ақынның аналық жүрегі келер ұрпаққа аманат тапсыруды да ұмытпайды, ұлтының дәстүрі, халықтың рухы мен ділі, тілі ұрпақтың  инабаттылығы, патриоттық тәрбие туралы ойларын ортаға салады, болашақ жаһандану процесіне күдікпен сезіктене қарайды. Ұлтымыздың ұрпағына қалай әсері боларына күмәнді. Оған айтар уәжі де баршылық. Ана тілінен безінген бүгінгі «жаңа қазақтар», көзін жәудіретіп сәбиін балалар үйіне тастай салған жас ана,  еркін өмір сүру осылай екен  деп ашық-шашық, тым жалаңаштанып кеткен бүгінгі жасөспірімдер тағдыры ақын жүрегіне қатты әсер ететіні байқалады.

Жолықсаңдар тағдырдың ызғарына,

Тілектеспін ел салтын бұзбауыңа.

Абай атты армандай ұл өсіріп,

Ат қойыңдар Тоғжан деп қыздарыңа,-деп  аманат жүктейді.

Еркіндіктен, тым асыра еркінсуден жүрегі секем алған ақын:

 Шаршатпаған пәк сезім болып қайғы,

Сендік жүрек сүюден қорықпайды.

Махаббаттың «еркіні» еш ғасырда

Өз жолында бақытқа жолықпайды, – дей келіп өмірдегі келеңсіз көріністерді, ащы шындықты ашық айтады. Анасына жазған хаттары циклді өлеңдерінен  анық байқалады.

Енді ешкімге келмейді еркелегім,

Тірі болсаң саған сыр шертер едім.

Тастандылар үйі бар сәби толы,

Бүгінгі махаббаттан жиіркенемін, – дейді. Ана жүрегінің, ақын жүрегінің ерекше ауыратын тұсы да–осы.  Елдің, ұлтының болашағын ойлайтын  азамат ақынның толғанысын өз жүрегіңізбен сезінесіз:

…Апа, сенде Тәңір бар, Жасаған бар,

Ал, біздерде алаяқ, асаған бар.

Тас көше бар, тас үй бар, темір қақпа,

Айқайласаң ашпайды-ау  тас адамдар,  – дейді.

Бақилық болған анасына шағып отыр-ған ақынның   жан сыры, өмірден көріп түйгені, мұңы. Адам жанының нәзік сезімталдығы арқылы лирикалық кейіпкер, адам бойындағы рухани дүниенің байлығын, пейілдің кеңдігін, көңілдің дархандығын, ұлттық болмыстың сақталуын аңсайды, онысын оқырманға айтпай-ақ ұғындырады.

Алпысыншы жылдардың басында Aқ ерке Жайықтан қанат қаққан өрімтал ақын қыз бұл күнде жеті асудан асып, қоғам қайраткері атанды. Өзі жырлағандай:

«…Депутатыңмын қашанда,

Дауыссыз, даусыз сайланған», – деп қай қоғамдық қатынаста өмір сүрмесін, ақындық таным мен болжам, көріпкелдік, ақындық, айтқыштық қасиет екінің біріне дарымайды. Ол – Ақұштаптай ақынның маңдайына жазылған бақ.

Ақын соңғы жылдағы жазған «Ерлікті көзбен көрген күн» жырын ақын Жұбан Молдағалиевтың рухына арнайды. Жұбан ағаның толы жұрттың алдында мінберден сөйлеген сөзінен шырылдаған шындықты тайсалмай айтуын толғаныспен суреттеген өлең жолдарынан бар қазақты ұйқыдан оятқандай сырлы суретті поэзия полотносына салып береді.

«….Жұбан–бөрі, өзгелер қояндардай,

Колбин жүзі сәл қанға боялғандай.

Зал гуілдеп, бір кезде жер солқ етті,

Ұйқысынан бар қазақ оянғандай».

Ақұштап поэзиясының оқырманның жүрегінен орын алатыны–суреткерлігінде. Көркем поэзияны сырлы да сұлу суреттер арқылы безендіреді, оқырманын селт еткізеді, ойландырады. Өзегіңді өртер шындықты көркем суретпен жеткізе біледі.

 «Көк дөненнің кісінеуі» атты сюжетті өлеңін қазақтың классик ақыны Қадыр Мырза-Әлі рухына арнапты.

Ауылдан білім іздеп аттанған жетім баланы «Ой орманға кірген Қадыр көп жүрді қайта шығар жол таба алмай…» деп ақынның азапты өмір жолын суреттей келіп, «…Әлпештер өз анасын уақыт таппай, тербетті ол қазақ деген Ұлы Ананы…», – дейді. Тапқырлық–текті талантқа ғана  тән қасиет.

Ақынның 75 жасқа толған шағында туған жеріне келіп сағынышын нөсер жырға шомылдырған сәулелі  сәттерде  жерлестері ақынға оюлап жабулаған көк дөненді көлденең тартады.

«Бір нәрсе мынау жылқы түсінеді,

Сезім бар онда жоқ кей кісідегі.

Тізгінді Қадыр ақын ұстағанда…

Көк дөнен ышқынып кеп кісінеді».

Ғажап көрініс, рухы бөлек жануар мен адам арасындағы түсіністік.  Ертеңді болжау, ақынның көріпкелдігі, әдеби параллелизм.

«Көк дөнен залға келген айдаладан,

Тұрғандай жауап күтіп айналадан.

Құйғытып, атқа шабар дәуреніңде,

Бұл қазақ ат мінгізсе қайда қалған».

«Ақынның аузына сөзді құдай салады» деген тәмсіл бар. Ақынды көп пенденің біріне балайтын, ұлттық рухы тапшы қоғамды ма, әлде қоғамның жалдамалы билікшілерін бе – әйтеуір, біреуді кінәлайсың, өкінесің.

Ақын қай заманда да халқының мұңын жоқтаушысы болған. Ақұштап та солай, ел халқының тағдырын, ұзақ жылдар бойы сынақ алаңы болған Азғыр елінің мұңы мен мұқтажын алқалы жиындарда тайсалмай айтып, қоғамдық пікірдің қалыптасуына ұйытқы болуда, ежелгі екі елдің тел емгені атанған бүгінгі Жайық өзенінің тағдыры да ақын жанын тол-ғандырады. Ақын өзінің туған өлкесінде бүгінгі өскелең ұрпаққа өзі алған өнегені, тәлім мен тәрбиені, ұлттық болмыс пен рухты дарытам деп жанын салады. Елі де оны түсінеді, талантты ақынын қадірлей біледі. Тәуелсіз елдің тұғырлы азаматтарының қатарында Үкімет наградасын иеленді, әдеби ортадан алыста жүрсе де, туған төл әдебиетті насихаттаудағы өнегесі мен қазақ поэзиясын қалыптастырудағы қажырлы еңбегі бағаланып, Халықаралық «Алаш» сыйлығына ұсынылды.

Осының бәрі тынымсыз еңбек, келер ұрпақтың қажетіне жарауға арналған толағай табыс деп түсінгеніміз жөн. Ақынның көрінген биігінен алдағы алар асулары табысты болуына тілегімізді білдірейік, ағайын!

                     Жеңіс АРОНОВ,

 Қазақстан Жазушылар

Одағының мүшесі,  ақын, ҚР Мәдениет қайраткері.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз