АҚЫН ӨСКЕН ТОПЫРАҚ
Жұмекеннің әкесі Сабыреден Нәжімеденұлы 1915 жылы туған, небәрі 25 жыл өмір сүрген. Ақын ол кезде 5-ақ жастағы бала еді. Ал, соғыс аяқталып, Жеңіс туы көтерілген шақта 10 жастағы бала болған. Әйтсе де, ата-әжесінің тәрбиесі мен өзінің зеректілігінің арқасында халыққа танылған ақын болды, есімі тарихта қалды. Аз ғұмыр сүрсе де, айтарлықтай дарын иесі екенін танытты. Десе де, ақынның өз әке-шешесінің қандай адамдар болғанын көпшілік біле де бермейтін сияқты.
Атадан-балаға, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасатын жақсы әдет, жақсы өнер түрлері, күш-қуат дегендер балаға, баланың баласына жалғасын табады. Жұмекеннің өз әкесі Сабыреденнің (шын аты) қандай қасиеттерімен ерекшеленетінін бұл күнде өз жиен-немерелері біле ме екен?
Сабыр Нәжімеденұлы менің анам Мүлкиманың туған ағасы болып келеді. Мен анамның ағасының жақсы қасиеттерін еске алып, жылап отыратынын көріп өстім. Қарт нағашы анамыз Бақытжамал Қайыпқызының жалғыз ұлын әнге қосып жылайтыны көз алдымда. Анамның естелігінен ой қозғаса, нағашымыз өжет, өткір тілді, өз ойын тайсалмай айта алатын әділ де турашыл адам болған. Қазақша сауатты, жаза да, оқи да алады екен. Әкесі молданы жалдап, ауыл балаларын үйден оқытқан. Сонда Сабыр нағашымыз оқу озаты болған секілді.
Сол кезде онымен бірге оқыған Ақпанов Сұлтан, Ораз аталар зеректігін әңгімелейтін.
Ит ұстап, аң аулаған өнері барын менің әкемнің қарындасы, қазір көзі тірі Латифа апамыз да еске алады: «Сабыр аға дейтін едік, шындығында құдандалы болсақ та құда деген жоқпыз. Аға бауырмал болатын» дейді. «Ерекше киініп, ат-тұрманын әшекейлеп мінетін кісі еді. Біз баламыз, алдынан жүгіріп барсақ, атынан түсіп, ақжарқын көңілмен амандасып, қолымыздан атының шылбырын қоса ұстап жетектеп келетін» деп еске алады. Тағы бір қыры – домбырамен ән салатын да өнері болған. Әскерден хат жазғанда хат сайын өлеңмен жазатын көрінеді.
Нағашымның арабша жазылған өлең дәптері біз есімізді білгенше Мүслима анамызда болды, мен өзім бала болсам да көрдім. Қара мұқабасы бар, іші қызыл тор көз дәптер.
Қазір Сабыр нағашымның екі қызы, жиендері бар. Сәбила апай – Атырау облысының Жанбай ауылында, Жаңылсын Құрманғазыда тұрады. Немерелері – бесеу. Шүкір, жиендері бар. Әр адамның ата-бабасы өзі үшін керек екенін ұмытпаған жөн.
Біз Мүслима анамызды «Ақ шеше» деп кеттік. Ақ шеше орта бойлы, не кисе де жараса қалатын, жуас, парасатты, ойлы адам еді. Ән айтқанда әдемі қоңыр даусы болатын. Үш қайын сіңлісінің аттарын атамайтын. Осы кісілердің келіні, Жұмекен Нәжімеденовтің әйелі Нәсіп Мұстахқызы да өнер жағынан құралақан деп айта алмаймыз. 1957 жылы аудандық байқауда «Бейбітшілік туы берік қолда» әнін айтып, облысқа өткені есімде. Мен 6-шы сынып оқимын. Ганюшкиндегі Абай мектебінің спорт залында ән салып, дайындыққа қатысқанда Қарабалина Бақыт екеуі бірге жүретін. Есік-терезеден сығалап, оларды көргім келетін. Неге екенін білмеймін, әйтеуір арттарынан қуып жүремін. Бақаң – көзі үлкен қара қыз, ал, Нәкең болса, көк көз, көркем, танауы шелтиген, дөңгелек жүзді еді.
Сонымен, қорыта айтқанда, Жұмекеңнің туыстары – әке-шешесі, бауырлары, әулеті өнерімен қоса, зеректігімен ерекшеленетін әулет. Бақытжамал анадан бастап қыздары шетінен шебер, іскер болатын. Менің анам алаша тоқып, киіз ойса, ортаншы Күлмаш апамыз тоқымаға шебер болатын. Ал, кіші Мүслима апа да киімдерді өзі тігетін.
Нәжекең қарттың баласына шығарған толғау:
«Сабыржан, өзің кеткен орындамыз,
Ашақтың айдын ирек сорындамыз.
Тоқ санап көңілімізде сорда жатқан
Ізіңді сағынғанда көріп тұрамыз», — деп басталады екен.
Сабыреден әскерге кетерде әкесі Нәжімеден Ашақ сорының ортасына ізін бастырып, үстіне қазан төңкеріп тастаған деседі. Бұған дәлел – атақты драматург Рақымжан Отарбаевтың «Із» атты әңгімесінің желісі осы оқиғаға құрылса керек.
Маржан ЗЕЙНЕЛҚЫЗЫ,
зейнеткер ұстаз.
Атырау қаласы.