Жарнама
Қоғам

АҚЫЛДАН ҚҰЙЫЛҒАН АДАМ

 «ЖАСТА БЕРГЕН ТӘРБИЕ – ЖАС ҚАЙЫҢДЫ ИГЕНДЕЙ»

Қолымызда – Оңайбай Көшекұлының өзі қағазға түсірген өмір жолдары жайлы сыр. «Біздің әулет Балықшы ауданының Еркінқала ауылдық кеңесіне қарасты Сарыөзек деген жерде болатын. 1925 жылы ақпанның 10-ы күні сол қыстақта мен дүниеге келіппін, — деп басталыпты. – Ата-анамыз қарапайым шаруашылықпен өмір сүруші еді. Аш-жалаңаш болмағанымызға шүкірлік еттік, бар көрген «қызығымыз» қозы, бұзау бағу ғана болды. 1935 жылы Таңдай бастауыш мектебіне оқуға бардым. Келесі жылы оқушылардың көбеюіне байланысты білім ордасы орталау мектеп дәрежесіне көтерілді. Ол күнде мектеп тәртібі қатаң сақталатын. Оқушы жастар пионер, комсомол ұйымдарына мүше болып, мектептен тыс қоғамдық жұмыстарға белсене қатысатын. Осы кезде менің пионер тәлімгері, оқушылар комитетінің төрағасы болып істеуім кейін қоғамдық жұмыстарға тез араласып кетуіме бірталай септігін тигізді деп ойлаймын. Таңдай орта мектебін 1940 жылы бітірдім, сол жылы біздің совхоз Қызылқоға ауданындағы Мұқыр станциясына көшті». 

Мұқырда  тек  бастауыш  мектеп  болғандықтан, ол ары қарай оқуын жалғастыра алмады. Өндіріс орындарында жұмысшы болып жасап жүрді. 1942 жылы әкесі майданға аттанған соң орнына шопан болды. «Кейін жастығыма қарамастан, совхоз фермасында қой қырқу, қой ұрықтандыру науқандарына басшылық еттім. Шаруашылықта кассир болып та қызмет атқардым. Үлкен ризашылықпен еске алатын бір жағдай – сол кездегі  жастар туралы. Сол жылдары 13-15 жастағы  балалар ерте есейіп,  жаппай  жұмысқа кірісті. Тамақ, киім тапшылығын көп көрсе де, орынсыз ренжуден және ұрлық-қарлық секілді арсыз әрекеттерден, еңбек тәртібін бұзудан аулақ болды», — деп жазыпты Оңайбай Көшекұлы. 

1943 жылы әскер қатарына шақырылды. Әскер қатарында бес жылдан астам қызмет  атқарды.  Абырой-беделсіз   болған жоқ. Шекара күзетінде өз міндетіне тиянақты қарағаны үшін «Пограничник» журналында ол туралы мақала да жарияланды. Туған жеріне оралғаннан кейінгі Оңайбай Көшекұлының бар ынта-жігері, еңбегі ел игілігін еселеуге арналды. 

«ЕР ҚАДІРІ – ЕҢБЕКТЕ»

1961 жылы Алматыдағы Жоғары партия мектебін бітіріп, Батыс Қазақстан өлкелік партия комитетінің нұсқаушысы, 1963 жылы «Бақсай» кеңшарының директоры болды. 1966 жылы Қазақстан Коммунистік партиясы Гурьев облыстық комитеті ауыл шаруашылығы бөлімінің меңгерушісі қызметін атқарды. Екі жылдан соң Маңғыстау аудандық комитетінің бірінші хатшысы болып сайланды. «Қай қызметте жүрсе де, өзіне тән сырбаз қалпынан, салмақты мінезінен айныған емес. Ол қазыналы өлкенің өрістеуі жолында аянбай еңбек етті, өзіндік қолтаңбасын қалдырды», — деп еске алады Оңайбай Көшекұлының көзін көргендер. 

1975-1985 жылдары Гурьев облыстық атқару комитетінің төрағасы және облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы қызметтерін абыроймен атқарды. Осы жылдары ол облыстағы мұнай-газ кен орындарының ашылуы жолында көп еңбек сіңірді. Әсіресе, Теңіз кен орнының ашылу тарихында Көшековтың қолтаңбасы зор. Атырау-Ганюшкино, Атырау-Мақат-Құлсары, Индер-Сағыз-Миялы жолдарының құрылысы да осы кезде басталып, Мақат-Индер темір жолы салынды. Ауыл шаруашылығы саласының облыста қанатын кең жайған мезгілі де осы тұс. 

«Мен басшылыққа келгенде облыста жер көлемі жеткілікті болғанымен, құнарлылығы өте төмен еді, — деп жазыпты ол өмір-дерегінде, — Шөл, шөлейт, құмайт аймақтағы 9 млн. 812,4 мың гектар жердің 96 пайызы сор, сортаң топырақты, шөбі аз, құнарсыз жайылымдар, үш пайызы ғана шабындыққа жарайтын. Оның үстіне аймақтың табиғаты өте қатал, қысы – үскірік аяз, жазы – ыссы. Алдымен мал базасын нығайтуды қолға алдық. Мал азығын дайындау және малды азықтандыру технологиясын жақсарттық. Жайылымдық жерлерді суландыру жүйесін жүргізіп, 500 шақырым су жүретін каналдар, 320 шақырым су құбыры, 89 трубалы, 200 шахталы құдықтар қазылып, пайдалануға берілді. Еңбек жетістіктері әсіресе, ауыл шаруашылығында оңайлықпен келмейтіні мәлім. Сондықтан, Атырау өлкесіндегі малшы қауымның азды-көпті табысын арыстанның ауызынан жұлып алғандай сезінемін. Мен талай рет олардың бастарын қатерге тігіп еткен ерлік еңбегін көзіммен көріп, олармен бірге бастан кешірдім».

Шынында да, 1975 жылдың желтоқсанында қатты жел тұрып, Каспий теңізі тасыған кезде Оңайбай Көшекұлының жанқиярлықпен еңбек еткенін жерлестері әлі күнге дейін жыр қылып айтады. Құрманғазы, Исатай аудандарындағы бірнеше мал қыстақтары бір түнде теңіз суының астында қалды. Осы суыт хабарды естісімен облыс басшысы болып отырған Оңайбай Көшекұлы жедел табиғат апатымен күресу жөніндегі штаб құрады. Таң атысымен тікұшаққа өзі бастап отырып, малды ауылдарға жол тартады. «Үй төбесінде жәрдемге шақырып тұрған қарияларды, жас балаларды көргенде шыдап тұра алмадым. Ең қиыны, тікұшақ қонатын жер жоқ, үй төбесіндегілерге арқан асқыш тастаймыз, олар басқышпен жоғары өрмелеуге қорқады. Радист екеуміз біріміз төменнен тіреп, біріміз жоғарыда тұрып, қолынан сүйреп мінгіземіз. Әбігерленіп жүргенде, өзім құлап кетіп, суға да малынып шықтым», — деп жазыпты күнделігіне. Мұндай ерлікке тек елін сүйген, қара халықтың амандығын өз басынан артық қойған азамат қана бара алады!

Жары Айсұлу екеуі көпке үлгілі отбасын құрды. Сегіз бала тәрбиелеп өсірді. Бүгінде ұл-қыздары мен олардың ұрпақтары еліміздің әр түкпірінде, әр салада жемісті еңбек етіп жүр. 

1985 жылы құрметті еңбек демалысына шыққаннан кейін де Оңайбай Көшекұлы қоғам өмірінен қол үзген жоқ. Үлкенге құрметінен, замандасына сыйынан, кішіге ізетінен жаңылмады. Оны Атырау жерінің үлкен-кішісі өмірінің соңғы күніне дейін зор ілтипатпен сыйлады, құрметтеді. Өйткені, ол соған лайық еді.

Академик-жазушы Зейнолла Қабдолов «Оңағаң – ақылдан құйылған адам, ол ойсыз  жүрмейді», — деп  баға  беріпті  кезінде. Бар саналы ғұмырын туған жерінің өркендеуіне арнаған азаматқа осыдан артық баға беру мүмкін емес те сынды. Бүгінде жаңарған, жайнаған Атыраудың әр бұрышында, әр көшесінде Оңайбай Көшекұлы басшылық еткен кездердің қолтаңбасы тұр. Қос құрлықты жалғаған орталық көпір құрылысын салуға мұрындық  болған азамат  та  осы үлкен-кіші  қадірлеп атаған Оңаға еді. 

Ол дүниеден өткенде қалың жұрты аза тұтты. Абыз ақсақалдың жасына екінің бірі жетуі мүмкін, бірақ ел арқа сүйейтін кең иықты азамат болу жалпының бәріне бірдей жазыла бермейтін тағдырдың сыйы. Сол тағдыр сыйын үлкен жүрегімен қабылдай білген Оңайбай Көшекұлының жарқын бейнесі мен жақсылығы – мәңгі туған жерінің жүрегінде.

Бақытгүл  БАБАШ.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button