АҚТАҢДАҚТАР АҚИҚАТЫ НЕ ДЕЙДІ?
ӨТКЕН ЖОЛДА БЕЛГІ КӨП
Көшпелі қазақ қауымы жұт жылдары болмаса, ғасырлық тарихында ашаршылық көрмеген. Тек «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама», «Қайың сауған» сияқты жаугершілік жылдарында ғана халық саны кеміген. Міне, осындай қырғынның түбінде қазақты құртпай қоймайтынын көре білген хандарымыз Ресей империясының қол астына еніп, мұндай азаптан құтылуды ойлаған еді. Қазақ аштық пен құрбандықтың бұрын-соңды болмаған зұлматын көрді. Оның ашық айғағы – тарихта сақталған алапат екі ашаршылық еді. Мәселен, 1921-22 жылдары болған қырғынның екі себебі бар. Бірі – азамат соғысының салдарынан қазақ шаруашылығының күйзеліске ұшырауы болса, екіншісі – табиғи апат, қолайсыз ауа райы салдарынан орын алған жұт. Профессор С.П.Швецов осы кезеңдерде, яғни 1921 жылғы ашаршылық пен жұтта Қазақстан халқы санының 30%-ға дейін азайғандығын, кейбір елді мекендерде нәубеттің халықтың жүз пайызын қамтығанын айтады.
Екінші ашаршылық 1930-33 жылдарды қамтыды. Оның басты себебі –Қазақстанда жүргізілген сталиндік-голощекиндік реформа, содан туындаған шаруалардың жекеменшігін тәркілеу мен жою, бас көтертпес ауыл шаруашылығы өнімдерінің салықтары мен көшпелі, жартылай көшпелі қазақ шаруаларын жаппай, күшпен отырықшыландыру науқандары болып табылады. 1937 жылғы Бүкілодақтық халық санағының алғашқы мәліметтерінің ресми дерегі бойынша Қазақстанның ауыл халқы 1930 жылдың 1 маусымынан 1933 жылдың 1 маусымына дейін 3 миллион 379,5 мың адамға кеміп кеткен. Егер бұл кемуден 1 миллионнан астам босқынды шығарып тастасақ, 1930-33 жылдардағы аштық құрбандарының 2 миллион 200 мың адамнан асып түсетінін аңғарамыз. 1992 жылы осы мәселені арнайы зерттеген ҚР-ның Жоғарғы Кеңесі Төралқасының комиссиясы өзінің қорытындысында «Қазақ елі аштықтан және соған байланысты індеттерден, сондай-ақ табиғи өлім деңгейінің үнемі жоғары болуынан 2 миллион 200 мың адамнан, яғни барлық Қазақ халқының 48 пайызынан айырылды» деп жазды. Демек, ашаршылық жылдарынан Қазақстан халқының үштен бірі ғана аман қалған. Негізінен, жас балалар мен әйелдер қырылғандықтан оның демографиялық зардабы ауыр болды.
ЗҰЛМАТТЫ ӘЛІ ЗЕРТТЕУ КЕРЕК
1929-1931 жылдары көтерілістер мен толқуларға қатысқаны үшін НКВД органдары 5551 адамды соттап, оның 883-ін сотсыз, тергеусіз атып тастады. Күштеп ұжымдастыру кезінде 10 мыңнан астам адам жазаланды. Бұл жағдай қазақ халқының атажұртында отырып-ақ ана тілінен, ұлттық ерекшелігінен, дінінен айырылу қаупіне алып келді. Голощекин Қазақстанға бірінші хатшы боп келгеннен кейін бұл процесс ашық түрде жүргізілді. «Голощекин геноциді» жөнінде айтқан кезде 1928 жылы басталған ашаршылыққа ерекше назар аударған жөн. Оған 1926-27 жылдардағы ауқатты шаруа мен байлардың мал-мүлкін кәмпескелеу және халықты ұжымдастыру науқаны түрткі болған. Малды тартып алған соң, халық қынадай қырылған. Осы мәселеге орай, 1932 жылғы тамызда ҚАКСР Халық Комиссарлары Кеңесінің төрағасы Ораз Исаев Сталинге хат жолдайды. Онда қазақтардың аштан қырылу, босып кету деректерін бүкпей баяндап, өлкелік комитеттің көзбояушылыққа жол беріп, аштыққа апарған әсіре науқаншылдығы мен оны үдете түскен ауылдардағы шолақ белсенділікті жасырмай әшкерелейді. Сөйтіп, Исаев күйзеліске өлке комитеті бюросы толықтай, соның ішінде, басшы қызметкер ретінде өзінің де белгілі дәрежеде жауапты екенін мойындай отырып, басшылықты жаңартуды ұсынады.
Әрине, оның пікірі бірден қош алына қойған жоқ. Сонымен бірге, О.Исаев қазақ ауылы мен мал шаруашылығы жөнінде шұғыл атқарылуға тиіс ұсыныстарды да тұжырымдап, сол мәселелер жөнінен Орталық Комитеттің арнайы шешім шығаруын сұраған-ды. Бұл өтініші қанағаттандырылады. 1932 жылғы 17 қыркүйекте БК(б)П Орталық Комитеті Қазақстанның ауыл шаруашылығы, оның ішінде мал шаруашылығы жөнінде қаулы қабылдады. Бірақ, халық аштық, індет зардаптарын тарта берді, қырылу, босқындық тыйылмады. Ол жайында Сталинге 1932 жылғы 29 қыркүйекте РКФСР Халық Комиссарлары Кеңесі төрағасының орынбасары Тұрар Рысқұлов та хат жазды. 1933 жылғы 9 наурызда Т.Рысқұлов көсемге Қазақстандағы ауыр жағдай мен оның себептерін баяндап, тұйықтан шығарар ұсыныстарын көрсеткен екінші хатын жолдады. Ұзамай республикада Левон Мирзоянның басшылығымен нақты жұмыстар жүргізіле бастады. Шамамен алғанда, Қазақстанның жергілікті тұрғындарынан 2 млн. адамдай ашаршылық трагедиясына ұшырады деп анықталды. Сөйтіп 30-жылдардағы аштық қазақтарды өте үлкен трагедияға ұшыратты.
1922-1938 жылдары Қазақстандағы барлық партия ұйымдарының 17%-ы «халық жауы» деп жарияланды. Сталиндік қудалау машинасы А.Ходжаев, Б.Майлин, І.Жансүгіров сынды көптеген қайраткерлердің өмірін қиды. Ұлттық – либералдық зиялылар кауымы, олардың ішінде Х.Досмұхамедов, М.Тынышпаев, Ж.Ақпаев, М.Жұмабаевтар жазықсыз атылды. Сонымен бірге, қуғын-сүргінге жергілікті партия қайраткерлері де ұшырады. Олардың ішінде Т.Рысқұлов, І. Исаев, С.Сейфуллин, О.Жандосов, Т.Жүргенов, А.Тоғжанов, А.Икрамов, Ғ.Артықов, А.Кәрімовтер де бар еді. Сол кезде бір ғана Атырау облысында қуғын-сүргінге ұшырағандар саны 11 мың адамнан асады. Бүгінгі күні 3365 адам ғана ақталған.
Тарихшылардың бағалауынша, одақ бойынша 1927-1953 жылдары 60 миллион адам, оның ішінде Қазақстан бойынша 103 мың адам қуғын-сүргінге ұшыраған екен. Олардың 25 мыңы атылды. Өкініштісі сол, тізімдегі 631 атылған адамның 80 пайызы қазақтың белгілі қайраткерлері болған. Көбі – алаштың арыстары.
Сталиндік қуғын-сүргін жылдарында бүкіл елде 953 лагерь мен қоныс мекендері болған. Қазақстанда ГУЛАГ-тың 11 лагері орналасқан. Олар Алжир, Қарлаг, Дальний, Степной, Песчаный, Қамыслаг, Ақтөбе, Жезқазған, Петропавл, Кеңгір және Өскемен лагерьлері еді.
ҰРПАҚҚА АМАНАТ
Алаш қозғалысы, қайраткерлері әлі толық зерттеліп болған жоқ. Бұл қозғалыстың басты мақсаты – Қазақ елін өзін-өзі басқаруға алып келу, ұлттық мүддесін қорғай алатын мемлекеттік жүйе құру құқын метрополияға мойындату, әлемдік озық тәжірибені пайдалана отырып, дәстүрлі мал шаруашылығын өркендету, сонымен қатар егіншіліктің, өнер-кәсіптің дамуын қамтамасыз ету, жеке адам құқығын және басқа да демократиялық принциптерді қадір тұту, ұлттық мәдениетті өркендету, оқу жүйесінің, тілдің дамуына қажет шарттар түзу, сайып келгенде, қазақты «ұлт» ретінде сақтап қалу болды. Өкінішке орай, алаш зиялылары бұл мақсатқа жете алған жоқ. Олар қанды саясаттың құрбаны болып кете барды. Сондықтан, алаш арыстарының есімдерін мәңгі есте сақтау, ақтаңдақтар ақиқатына тереңірек үңілу – бүгінгі ұрпақтың парызы.
«Кешегі күн – бүгінгінің баласы, бүгінгі күн – ертеңгі күннің атасы» демекші, түбінде Қазақ елін Мәңгілік Ел дәрежесіне жеткізетін тарихи сауатты ұрпақ болмақ. Ұлттың азаттығы үшін күрескен бабасын, халқының қасіретін жанашырлықпен ұғына білген ұрпақ қана ұлтымыздың көсегесін көгерте алады. Олай болса, ғасыр басында болған зұлмат жылдар қиянатының ел есінде сақталуы – тарихи қажеттілік.
Киікбай ЖАУЛИН,
Атырау инженерлік-гуманитарлық институтының ғылым және халықаралық байланыстар жөніндегі проректоры, саяси ғылымдар докторы, профессор