Жарнама
Қоғам

АҚША БҰЛТТАН ЕЛГЕ СӘЛЕМ ЖОЛДАҒАН…

 

О, туған жер, топырағыңнан жаралдым,

Құшағыңнан тіршілікке нәр алдым.

Тұнығынан қанып іштім сендегі,

Тұнық ауа, таңғы жұпар самалдың, — деп жырлаған Халық жазушысы, абыз ақын Әбу Сәрсенбаевтың туғанына биылғы қазан айында 110 жыл, дүниеден өткеніне осы жылдың қарашасында 20 жыл толады екен. Құстардың сусыл қаққан қанатындай зулап жатқан өмір-ай! Алайда, жастайынан тағдырдың тауқыметін тартып, қаншама мехнат жүгін арқаласа да жасымаған, әкесінен ерте айырылып, 11 жасында «қазаншы бала» атанып Каспий теңізінің арыстан жал толқындарымен сырласып өскен, соғыс жылдарында Отан қорғаушы сарбаздардың қатарында бір қолына қаламын, бір қолына қаруын алып, басқыншы жауға қарсы ерлікпен шайқасқан, соңына таусылмас рухани қазына қалдырған, аты аңызға айналған ақынын елі ұмытқан емес.

Таулар алыстаған сайын биіктей түседі дегендей, уақыт өткен сайын оның тұлғасы зорая, заңғар таулардың басына мәңгі ақ қар жамылған шыңдарындай асқақтай түсуде. Соның бір дәлеліндей, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Сәрсенбай Еңсегенов бастап, ақынның қызы Райхан Сәрсенбаева Атырау облысына келіп, туған жер топырағына тағзым етті.

Ақынның туған жері Құрманғазы ауданындағы тарихи-өлкетану мұражайына Райхан Әбуғалиқызы Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Әбу Сәрсенбаевқа «Халық жазушысы» атағын беру туралы Жарлығының көшірмесін, Елбасының абыз ақынға сыйға тартқан қолсағаты мен Ұлы Жеңістің 50 жылдығына орай тарту еткен радиоқабылдағышын табыс етті. Сондай-ақ, Мәдениет министрлігінің қолдауымен шығып жатқан таңдамалы жинағының бір-бір данасын қалдырды.

 Туған топырақтағы жүздесулер әрі қарай жалғасын тауып, Құрманғазы аудандық мәдениет үйінде орналасқан аудандық кітапханада Халық жазушысы Әбу Сәрсенбаевтың 110 жылдығына арналған кітап оқушылар конференциясы өтті. Абыз ақынға деген халықтың кіршіксіз махаббатының дәлеліндей, оқырман жұртшылық өте көп қатысты. Шараны жүргізген кітапханашы Гүлден Хамзина ақынның өмірінен хабардар етсе, шығармашылығына арналған кітап көрмесіне кітапханашы Людмила Рахметова шолу жасады. Абай орта мектебі оқушылары ақын өлеңдерін мәнерлеп оқып, өздерінің өнерлерімен сүйсіндірді.

Конференцияда сөз алған Сенатор Сәрсенбай Еңсегенов: «Бүгінгі кездесу – баршамыз үшін ерекше. Өйткені, бала кезімізден «Сен, құрметте оны» деген атақты өлеңін жаттап, «Толқында туғандар» романы кейіпкерінің басынан кешкендерін жадымызға түйіп өстік. Теңіз тақырыбын жазатын әлемде 150 жазушы болса, Әбу Сәрсенбаев солардың бірегейі. Ол – дүниежүзілік маринистер қоғамының мүшесі. Эрнест Хемингуэй сынды теңіз тақырыбын жазған алыптар мүше болған бұл ұйымға алынуының өзі ол кісінің талантының даралығын танытады.

 Сонымен қатар, ол соғыстан бұрын мектеп оқушыларына арнап латын алфавитімен, төте жазумен басып шығарылған алғашқы оқулықтардың авторы. Тіптен, Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев бір сөзінде: «Біз осы Әбу Сәрсенбаев жазған оқулықты оқыдық» деген болатын. Сондықтан, күзге қарай ақынның 110 жылдық мерейтойын облыс көлемінде атап өтерміз деп ойлаймын. Халық барда ақын есімі ұмытылмайды», — деп тебірене сөйледі.

Қазақстан Жазушылар және Журналистер Одақтарының мүшесі, «Жұлдыз» журналының бөлім меңгерушісі, жазушы Заря Жұманова: «Мен осыдан 40 жыл бұрын, Әбу атаның 70 жасында, 9-сыныпта оқып жүргенде ол кісіден бата алған едім. «Жазушы бол, халқыңның қамын ойлайтын адам бол» деп бата берген абыз Әбудің сенімін ақтау – мен үшін парыз. Жазушы ретінде мені ел танып жатқаны сол батаның арқасы деп білем. Үнемі қызындай қамқорлап, Өскеменде 20 жыл қызмет етіп жүргенімде үзбей хат жазып, жол нұсқады. Ол бір мен емес, қазақ әдебиетінің талай алыптарының да бағын, жолын ашқан адам. Мәселен, көрнекті ақын Қанипа Бұғыбаеваны сонау Талдықорғаннан тауып алып, оқуға түсірген, өз қолымен ұзатып, өмір жолына батасын берген. Алаш жұртына әйгілі Темірхан Медетбекті де өз баласындай қамқорлаған. Мұндай мысалды көптеп келтіруге болады. Бар қазақты бауырына тартып, руға, жүзге бөлінбеген Әбу ақынды барша қазақ сүйеді, қастерлейді. Ол кісіні айтқанда көзге жас алып, жақсылығын айтпайтын адамды кездестірмедім», — деп толғанды.

Райхан Әбуғалиқызын Құр-манғазы ауданының әкімі Амангелді Барақатов қабылдап, Алғыс хат табыстап, сияпат жасады, елдің ыстық ілтипатын білдірді.

Кездесу ақынның кіндік қаны тамған бұрынғы Морской, қазіргі Мақаш ауылында жалғасты. Ақынның есімі берілген мектеп оқушыларымен жүзде-сіп, мектеп алдындағы Әбу Сәрсенбаевтың ескерткішіне гүл шоғы қойылды. Ақынға арнап ашылған мұражай жұмысымен танысқан қонақтар разылығын білдірді. Одан әрі ауыл адамдарымен, мектеп оқушыларымен кездесу кеші ұйымдастырылды. Кешке жиналған ауыл ақсақалдары мен кейуаналар көздеріне жас алып, айрықша толқып Райхан Әбуғалиқызын «Асылдың сынығы, тұлпардың тұяғы» десіп, кеуделеріне қысты, сағыныш сезімін жасыра алмады.

Шарада сөз алған Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген қызметкер, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі Өмірзақ Қажымғалиев Әбу Сәрсенбаевтың есімін ұрпақ жадында мәңгілікке қалдыру мақсатында көп қызметтенгенін айтып, естеліктерімен бөлісті. Мақаш атындағы өндірістік кооператив кеңсесінен ақынға арналған мұражай да ашылғанын айтты.

«Мақаш» өндірістік кооперативінің төрағасы Жеңіс Әбілхайыров: «Әбу атамыз елге келгенде бізге бір бұрылмай кетпейтін. Ақынның 80 жасқа толған мерейтойында біздің ел бәйге басын бермеген қаракөк тұлпарға мінгізіп еді. Жылдар өте келе әлгі қаракөк ат ақбоз атқа айналды. Оны ел «Әбудің ақбозы» деп атады. Осының бәрі елдің оған деген үлкен сүйіспеншілігінің куәсі», — деп, үлкен бір сырдың ұшығын аңғартты.

Ауылдың байырғы тұрғыны, зейнеткер, еңбек ардагері Сатау Батырханов: «Әкем балықшы болған еді. Әбу Сәрсенбаевтың «Толқында туғандар» романында менің әкемнің де бейнесі сомдалған. Балықшылардың теңіз сұрапылымен айқасқан сәттерін, бейнетті өмірін шығармаға арқау еткен жазушы ғажап бір суреткерлікпен, шыншылдықпен нақыштаған. Теңіз төсінде толқынмен алысудың оңай еместігін оқырманға керемет жеткізген. Оны туған топырағы ешқашан ұмытпайды. Ұрпақтан ұрпақ жалғасып, болашаққа апарады», — деді.

О, Қиғаш! Қиғаш! Неткен ардақты ұғым,

Баяғы қарасирақ қармақшы ұлың

Көкбурыл толқыныңды қайталаумен,

Алдыңда басын иді арнап бүгін, — деп өзі жағасында туып-өскен Қиғаш өзенін, туған жерін асқақтата жырлаған Әбу ақын туралы естеліктер көп айтылды. Мектеп оқушылары «Туған топырақ» атты қойылым көрсетіп, ақынға арнаған өлеңдерін оқыды.

Елдің ыстық ықыласын көріп көзіне жас алған Райхан Әбуғалиқызы: «Мен әкем 70 жасқа толғанда елге бірге келіп едім. Содан бері арада 40 жыл өткен екен. Бірақ, халық оны ұмытпапты, қайта сағыныштары еселене түсіпті. Сол үшін қуанып отырмын. Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Сәрсенбай Еңсегеновтың қолдауымен Мәдениет министріне хат жазып, әкемнің тоғыз томдық таңдамалы шығармалар жинағын шығаруға қол жеткіздік. Бүгінгі сапарда сол кітаптардың алғашқы даналарын Сіздерге жеткізіп, кітапханаға, мұражайға тапсырмақпын. Осындай азаматтар мені бүгінгі кездесуге жеткізді. Соның бәрі әкемнің шығармашылығына деген құрмет деп білемін. Атырау қаласы бүгінде адам танымастай өзгерген екен. Бейне бір Еуропаның қалалары сияқты. Мен өте қуаныштымын», — деп ел-жұртқа басын иіп, алғысын айтты.

Дүние-ай, тағдыр сондай келте ме едің,

Жеті-ақ жыл, тек жеті жыл еркеледім.

Қатал тағдыр, сен неге тартып алдың,

Күлкімді көкірегімнен ерте менің, — деп жетімдіктің жүгін тым ерте арқалатқан тағдырына мұңын шаққан өз көңілінен Каспий теңізінің арыстан жал толқынын, туған топырағын, Қиғаштың мөлдіреген айдынын ешқашан өшірген емес.

 Содан да болар, соңғы келгенінде ауыл жанындағы ең биік шағылды төбенің басына шығып, құмға аунап, етегіне қарай домалапты. Ақ костюм киіп, ақбурыл бұйра шашы желмен ойнаған ақынның бұл қылығына ауыл адамдары аң-таң болған екен. Жата қалып, туған топыраққа маңдайын тигізіп, тағзым еткен ол көзіне жас алыпты, сол сапарда өзінің қимастарымен жүздесіпті.

 «Әбу дегенде есімізге ақша бұлт түседі. Майданда жүріп, аспандағы ақша бұлттан елге сағынышын жолдаған ақын әрдайым мені жанынан тастамайтын. Әбудің атына тек ақ деген сөз ғана жарасады. Онымен байланыстының бәрінің түсі-ақ. Өзінің кіршіксіз ақ көңіліндей елдің де қалтқысыз махаббаты ешқашан өшпейді», — дейді үзеңгілес інісі болған еңбек ардагері Сәбит Қасымов.

Қазақ поэзиясының классигі Хамит Ерғалиев: «Әбу ақ қой шағала, желкеннен де,

Сағынғанда сүйеді ол желкеңнен де.

Аспандағы қарайды ақша бұлтқа,

Жердегі кей пасықтан жиіркенгенде», — деп жырласа, біртуар философ-ақын Қадыр Мырза Әлі:

«Биіксіз, Әбе, әманда,

Орныңыз Сіздің бөлек қой.

Құдайсыз мына заманда,

Құдайдай адам керек қой», — деген екен. Біз олардан асырып не айтамыз? Тек биылғы мерекеге толы жылға тұспа-тұс келген 110 жылдығы науқандық шаралардың тасасында ұмыт қалмаса екен…

Гүлзада НИЕТҚАЛИЕВА.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button