АҚША БҰЛТҚА АЙНАЛҒАН АБЫЗ АҚЫН
Теңіз романтикасы, балықшылардың қатал да азапты тағдыры – бұрын-соңды жазылмаған тың тақырып. Әйгілі балалар жазушысы Лев Кассиль Әбу Сәрсенбаевтың теңіз тақырыбында жазған романы «Толқында туғандар» туралы жақсы пікір жазды. «Бұл кітапты қалтқысыз сүйесің, аяғына дейін оқып шыққанша қолдан түсірмейсің» деп өте жоғары баға берген еді.
Алматы қаласындағы Абылай хан даңғылының бойында орналасқан Жазушылар Одағының кең залында ине шаншар орын жоқ. Кешті талантты қаламгер Бейбіт Сарыбай жүргізді. Абыз ақынға арналған үлкен шараның шымылдығын ашқан Қазақстан Жазушылар Одағы төрағасының орынбасары, Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты Ғалым Жайлыбай Қазақстанның халық жазушысы Әбу Сәрсенбаевтың шығармашылығына тоқталып өтті:
— Әбу дегенде аспандағы ақша бұлт есімізге түсетіні рас. «Ақша бұлт» – абыз ақынның символына айналып кеткен өлеңі. Кезінде Ғабит Мүсірепов осы өлең туралы: «Бұл – елін сүйер адамның жан сөзі. Елін, жерін сағынған ақынның әрі ойлы, кестелі толғауы» деп өте жақсы пікір айтқаны белгілі. Иә, академик Зейнолла Қабдоловтың Әбу Сәрсенбаевты «Қазақтың Айвазовскийі» деп атауы да бекер емес.
Жалпы, әлем әдебиетінде де теңіз тақырыбында қалам тартқан жазушылар санаулы. Әбу ақын кезінде Халықаралық баталист-марианистер одағының мүшесі болған екен. Ол ұйымға кезінде Хэмингуй сияқты әлемге әйгілі жазушылар мүше болған . (Теңіз тақырыбын жазатын қаламгерлерді «марианист» деп атайды екен). Оның кітаптарының біразы орыс, болгар, эстон, тәжік, түрікмен, өзбек, қырғыз бірнеше шетел тілдеріне аударылған.
Соғыс кезінде, Мәскеу, Ленинград қалаларындағы мәдениет ошақтарын, әйгілі «Мосфильм», «Ленфильм» киностудияларын, әдебиетші, жазушы, суретші, композиторларды Алматыға көшіргені тарихтан белгілі. Қазақстан Республикасының Орталық Мемлекеттік мұрағатындасол жылдары кеңестік мәдениеттің сүт бетіндегі қаймақтары Алматыға жиналғанына куәлік ететін тарихи құжаттар мұқият сақтаулы.Кеңестер одағының ең ірі киностудиялары Бірлескен Киностудиялар Орталығына – ЦОКС дегенге шоғырланыпты. Алматы «СССР-дың Голливуды» атанған. Соғыс кезінде Қазақстанның астанасы – Алматы қайнаған мәдени өмірдің қақ ортасы болды.
Эвакуациямен Алматыға келгендердің ішінен – Михаил Зощенко, Константин Паустовский, Самуил Маршак сынды әйгілі қаламгерлер Қазақстан Жазушылар Одағының басқарма мүшелері құрамында болыпты. Солармен Әбу де қоян-қолтық араласқан. Қазақстан Жазушылар Одағы «бейсенбілік әдеби кештер» ұйымдастырып, онда сырттан келген жазушылар да, жергілікті жазушылар да өз туындыларын ортаға салады екен. Бейсенбіліктердің бірінде Ғабит Мүсіреповтің шығармашылығы таныстырылса, бірінде Әуезов өз туындыларын ортаға салыпты. Сондай әдеби кештердің бірі Әбу Сәрсенбаевқа, ал одан кейінгілері Ольга Форшқа, әйгілі сатирик Михаил Зощенко шығармашылығына арналыпты. Сондай шығармашылық кештерден соң, Әбу Сәрсенбаев шығармашылығына әйгілі Лев Кассильдің көзі түссе керек… Оны енді терең зерттеп, анықтау – болашақ әбутанушы ғалымдар мен зерттеушілердің ісі деп ойлаймын. Әбу Сәрсенбаевтың тағы бір өзгелерден ерекшелігі – ол Ұлы Отан соғысы кезінде өзі ат басын тіреген Еуропа елдері туралы күнделіктеріне жазып отырыпты. Сол елдердің мәдени, әдеби, тарихи ескерткіштері, онда өмір сүрген танымал тұлғалар туралы өз толғанысымен кең орап жазған. Кейде оқып отырып, аласапыран соғыс уақытында майдангер тілшінің жазғаны емес, бейбіт өмірдегі кәнігі саяхатшылардың жазбасындай, тіпті одан да айшықты, одан да ішкі иірімі кең екендігіне қайран қаласың!
Тоқсанға келгенше қаламы қолынан түспей, іргелі дүниелер жазып кеткен Әбу ақын тегін адам емес.Тек жазумен ғана шұғылданып қоймай, Атырау облысымен шектесетін Ресейдің Астрахан облысын аралап шықты. Онда қазақтар көп екенін, олардың қарыны тоқ, көйлегі көк болғанымен, ұлттық мектептері жоқ екенін айтып, баспасөзде циклді мақалалар жазып, проблема көтеріп, дер кезінде дабыл қағып, сол жақтан қазақ мектептерінің ашылуына мұрындық болды. Қазақстаннан кітап, оқулықтар жіберткізіп, Астрахан телеарнасынан қазақша хабарлар беруге итермелеген де Әбу Сәрсенбаев еді. Міне, нағыз қайраткер, елжанды адамның ісі!
Иә, қаламы қарымды қаламгерлердің көбі Әбуді ұстаз тұтады. Әдебиет атты киелі әлемнің табалдырығын оның ақ батасымен аттаған қаламгерлер өте көп: Абдолла Жұмағалиев, Баубек Бұлқышев, Меңдекеш Сатыбалдиев, Тахауи Ахтанов, Марат Отаралиев, Қадыр Мырза Әлі, Фариза Оңғарсынова, Софы Сматаев, Сайын Мұратбеков, Темірхан Медетбеков, Қанипа Бұғыбаева және басқалар. Тіпті, талай жас журналисті тәрбиелеп, қанаттандырған Қазақстанның халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Шерхан Мұртаза ағамыз да алғашқы әдеби дүниелерінің республикалық беделді басылымдарда жарық көруіне Әбу ақсақалдың шарапаты тигенін жазған екен. Ал, Жұмекен Нәжімеденов пен Зейнолла Серікқалиев ол кісінің өз балаларындай боп кеткен жандар емес пе?! Қателеспесем, аузы дуалы абыз атаның ақ батасын алған ең соңғы шәкірті – бүгінде бірнеше кітабы оқырмандардан оң баға алып, алты алаштың аяулы қызына айналған танымал жазушы Заря Жұманова.
Қазақтың ұлы философ ақыны Қадыр Мырза Әлі:
Әбеке, тұлғаң биік қой,
Бөлек қой орның әманда.
Құдайдай адам керек қой,
Құдайсыз мына заманда,-деген екен. Мен де сөзімді осылай түйіндегім келіп тұр, — деді қазақтың біртуар ақыны, Қазақстан Жазушылар Одағы Төрағасының орынбасары, Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты Ғалым Жайлыбай.
Әбу Сәрсенбаевқа арналған бұл шарада көрнекті ақын Темірхан Медетбек те сөз алды.
— Осыдан 50 жыл бұрын, 1965 жылы Жазушылар Одағында Әбу Сәрсенбаевтың 60 жылдық мерейтойы атап өтілді. Сол кезде мен 20 жасар студент едім. Ал, Әбекеңмен таныстығым бұдан бір жыл бұрын басталған. Әдебиет өлкесіне ат басын тіреуді өмірлік мақсат еткеннен кейін ауылдан келген қарапайым бозбаламын, Әбу атаны іздеп таптым. Бұрындары ол кісі туралы көп естігем.
Әсіресе, өлең жазатын, қолына қалам ұстаған жастың бәріне қамқор болғаны туралы газеттерде мақалалар жарияланып, ел аузында кең тарап кеткен. Тіптен, «Қазақ әдебиеті» газетінің бір санында Әбу ақын туралы шарж да басылған. Онда Әбекең кішкене балалардың тәрбиешісі сықылды етіп бейнеленген, айналасы толған бала. Сондықтан, салып ұрып ол кісінің үйіне келіп, есік қақтым. Есікті Әбекең ашты. «Кімге келдің, балам?», — деді күлімсіреп. «Сізге», — дедім іркілместен. «Мен кіммін?», — деді сол күлімсіреген қалпы. «Сіз – ақын Әбу Сәрсенбаевсыз», — дедім. «Ә, онда жүре ғой, тура таптың»,-деп қош алды. Зайыбы қазақтың тұңғыш журналист қызы Ләзиза Серғазина екеуі өбектеп, асты-үстіме түсіп, бәйек болып жүр. Менің өлеңдерімді оқып, үш күннен соң хабарласуымды өтінді. Сол өлеңдерім республикалық басылымдарға шықты. ҚазМУ-ге оқуға түстім. Кейінгі жылдарда Маңғыстауда облыстық телевидениенің басшысы қызметін атқарған кездерімде де әкелік қамқорлығын аяған жоқ. Кітаптарымның шығуына көмектесті. Әбу – менің рухани әкем,-деген Темірхан Медетбек оған арнаған өлеңін оқыды.
Халық жазушысы Әбу Сәрсенбаевтың 110 жылдығына арналған республикалық шараға Қазақстан Республикасы Әнұраны авторларының бірі Жұмекен Нәжімеденовтің жары Нәсіп Мұстахова да қатысты.
— Әбу ата Жұмекенді туған баласындай санады. Сондықтан да шығар, екі үй сапырылысып, араласып жататынбыз. Ләзиза апай мен Әбу атаның үлгі-өнегесін көп алдық. Қашан келсеңіз де бұл үй қонақтан арылмайтын. Әдебиетке келген қаншама талантты жастың тұсауын кесіп, бауырына басты. Томағасын сыпырған қырандай баулып ұшырды. Ол кісінің ұшы-қиыры жоқ романдары мен өлеңдері, соғыс кезінде жазған дүниелері игерілмей жатыр. Міне, соны игеруге қол ұшын созатын жандар табылса, нұр үстіне нұр болар еді, — деген Нәсіп Мұстахова апамыз үлкен бір ойды айтып, азаматтарға аманат тапсырғандай болды.
Қазақтың біртуар ақындарының бірі – Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, «Жазушы» баспасының директоры Есенғали Раушанов та Әбу Сәрсенбаевпен бірге өткізген шуақты күндерден сыр шертті.
— Еділден шыққан сызашық
Біз көргенде тебінгіге жетер-жетпес су еді
Телегейдей сайқалтып,
Жарқыраған беренді
Теңіз етсе, Тәңірі етті!
Жағасына қыршын біткен тал еді,
Жапырағын жайқалтып,
Терек етсе, Тәңірі етті!
Тебінгінің астынан
Ала балта суырысып,
Тепсінісіп келгендей
Тең атаның ұлы едің,
Дәрежеңді артық етсе, Тәңірі етті, — деген Шалкиіз жыраудың Темірге айтқан толғауындағыдай, Әбу ақынды биік еткен оның асқақ адамгершілігі. Оған заңғар таулардың шыңдарындай талант берген Жаратушы соған лайық адамдық қасиет те берген. Үш арнаның бірігер жері, үш қиянның кірігер жері – Әбекең еді! Мен жанында жүрген кездерде аңғарғаным, ол кісінің баладай аңқау, аңғалдығы.
Мен біраз уақыт қазақ телевидениесінде қызмет жасағам. Сол кезде Әбекең туралы хабар да түсірген едік. Сондай күндердің бірінде Әбекеңнің үйінде шай ішіп отырғанбыз, жазушы, солтүстіктің қарағайындай сымбатты Сафуан Шәймерденов кіріп келді. Әбекең ол кісі кірген бойда:
— Әй, сен бала, анау кабинетте үстелімнің үстінде көзілдірігім қалып қойыпты. Әкеле қойшы, — деп жұмсады.
— Әбеке, баланың кішісі мен емес қой! Мына Есенғали отыр, — деді Сафуан ағамыз.
— Есенғали отырса қайтеді екен? Немене, ол сенен кіші ме? — деді Әбекең.
— Кіші болғанда қандай! Мен алпысқа толып отырмын, ол әлі жас, — деді Сафуан Шәймерденов.
— Осы күні кез келгеннің бәрі алпысқа келе беретін болған ба? Сен де «бір жеріңе»қарамай алпысқа толдым деп отырсың ба? — деп әрі таңырқап, әрі інісін еркелете сөйлегені есімде.
Тағы бірде маған телефон шалып:
— Ана бала ауырып қалыпты, маған соғып кетші, бірге барайық, — деді. Мен келдім, екеуіміз көшеде келе жатырмыз. Әбекеңді тани кеткен біреулер көшеде ұстап алып, жағдайларын айтып, мәселелерін шешіп алғысы келіп, жібермейді. Сөйтіп, бір үйге жеттік. Есіктің қоңырауын басып едік, ар жағынан Хамаңның, қазақ поэзиясының классигі Хамит Ерғалиевтің шашы дудыраған басы көрінді. Әлгінде айтқан ауырып қалған «баласы» – жетпіске келіп отырған Хамаң екен. Ол кісі таң атпай сақайып алған сияқты.
— Әй, сен бала ауырып қалыпсың ғой. Анау Естөреге (атақты Естөре Оразақов) айтқам, хабарласып, денсаулығыңды тексертіп ал, — деді Хамаңа.
— Өй, Әбе! Менің өзімнің емім бар, ол Естөренің емінен кем түспейді ,- деді Хамаң ол кісіге көнбей. Ол жерден шығып, көшеде келе жатырмыз. Бір кезде Әбу кілт тоқтап, маған:
— Әй Есенғали, сонда әлгі Хамаң Естөреге бармайтын болды ма?-дегені.
— Бармайды, Әбе, қойыңызшы енді,-десем:
— Қап, ұят болды-ау! Мен Естөреге айтып қойып едім, — деді.
Тағы бір айта кететін нәрсе, қазақтың қыздарының әкелерінің жоқтаушысы болып жүргендігі. Міне, Әбудің Райханы, анау Хамаңның Гүлжаны, Төлеген Айбергеновтың Махаббаты мен Салтанаты! Осы қыздардың бәрі де әкелерінің мұрасын қастерлеп, соңында қалған дүниелерін шығарып, мерейтойларын ұйымдастыруға мұрындық болып, шырқырап жүр. Бұл да қазақ қыздарына тән қасиет,-деді ақжарыла сөйлеген Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, «Жазушы» баспасының директоры, алты алаштың ардақты ақыны Есенғали Раушанов.
Қазаққа «Елім-ай» дилогиясымен таныс, классик жазушының бірі – Софы Сматаев. Ол да Әбу Сәрсенбаевтың өзіне рухани әке болғаны туралы жұртшылық алдына шығып толғанды:
— Әбу әке мәрттігімен қарттықтың биік тұлғасына көтерілген. Менің ең алғаш Әбу әкемен жүздескенім – 1962 жыл. Мәскеудің болат жол институтының студентімін. Қолыма бір топ өлеңдерімді алып, Жазушылар Одағына келгем. Бір кабинетте Әбу Сәрсенбаев отыр. Бірден таныдым.
— Кәне, бері келе ғой. Жазғандарыңды берші, оқиын, — деді. Оқығаннан соң разы болған кейіппен:
-Үш күннен соң келерсің,-дегені. Үш күннен кейін келгенімде жас жазушылар клубына әкелді. Ақын Қуандық Шаңғытбаев өлеңді өте күшті оқиды екен. Мен тіпті, өлеңдерімді танымай қалдым. Содан Қанипа Бұғыбаева екеуіміздің өлеңдерімізді баспаға берді. Сөйтіп, тұсауымды кескен Әбу әке менің шығармашылық жолымды үнемі ыждағатпен қадағалап отырды. «Жұлдыз» журналының 1979 жылы 2 нөміріне қатар шыққан «Елім-ай» дилогиясы шыққанда іздеп келіпті. «Менің үмітімді ақтадың, сен–классик жазушысың», — деп құшақтап, әкемдей қуанды. Менің жүрегім сол күндердің естелігіне әлі жылынады, — деген жазушы Софы Сматаев Әбу ақынға арнаған өлеңін оқыды.
Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Сәрсенбай Еңсегенов те Астана қаласынан абыз ақынның мерейтойына арнайы келген болатын:
— Сонау дауылды кезеңде туып, толқынмен алысып ержеткен Әбу Сәрсенбаев – бүкіл қазақтың мақтанышы. Ол кісі өзінің теңіз тақырыбына жазған романдарында теңіз табиғаты, балықшылар өмірін арқау етіп, өмір шындығын жазса, майдан туралы жырларында сұм соғысқа лағнет айтады. Ұрпақ болашағын қорғаған өзінің қарулас достарының ерлігін мәңгіге қалдырды. Ол кісі ақын, жазушы ғана емес, қоғам қайраткері. Өйткені, әдебиетке алғаш қадам басқан жастың бәрін қамқорлап, тұсауын кескені, жетім-жесірлердің жоқтаушысы болғаны ақиқат. Сондықтан, 90 жыл өмір сүріп, арына дақ түсірмеген, кісілік келбетін кірлетпеген бұндай жандар келер ұрпаққа да өнеге болары анық,-деді сенатор Сәрсенбай Еңсегенов.
Бұл тойға Атырау жерінен де арнайы делегация барды. Қазақстан Жазушылар Одағы Атырау филиалының директоры, «Махамбет» сыйлығының лауреаты, Қазақстан Республикасына еңбек сіңірген қайраткер Қойшығұл Жылқышиев та Әбу Сәрсенбаевтың соңында қалған мұрасы, кісілік қасиеті туралы толғана сөйледі:
— «Жақсыда жаттық жоқ», «Ай – ортақ, Күн – ортақ, жақсы – ортақ» деген сөздерді бабаларымыз бекер айтпаған ғой. Шынымен де Әбекең жалпы қазаққа ортақ жан еді. Ол кісінің қамқорлығын көрген ақын, жазушылар аз емес. Осы күні әдебиеттің басында тұрған көрнекті ақын-жазушылардың көбі «Әбекеңнің шинелінен шыққан» дер едім. Айта берсем, көп қой, атаның қамқорлығын көріп, жан жылуын сезінген жандар.
Атырау облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының басшысы Алтынбек Нысанғалиев те Әбу Сәрсенбаевтың қаламгерлігін, елге сіңірген еңбегін айтып, Райхан Әбуғалиқызына шапан жауып, облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетовтың атынан құттықтау хатын тапсырды.
Атырау облысы Құрманғазы ауданында құрылған «Әбу Сәрсенбаев» атындағы қордың президенті, жазушы, өлкетанушы Өмірзақ Қажымғалиев те елде жасалынып жатқан жақсы істерді ортаға салды:
— Әбекеңнің 90 жылдығына орай өзі туып-өскен бұрынғы «Коммунизм жолы», бүгінгі «Мақаш» ауылындағы Карл Маркс атындағы орта мектепке Әбу Сәрсенбаевтың атын бергіздік. Оған мектептің сол кездегі директоры Шайхатолла Жәлелов те атсалысты. Мектептің алдына Әбу Сәрсенбаевтың үлкен ескерткішін өз қаржыма орнаттым, — деді толғана тұрып.
Атырау облысы Құрманғазы ауданы әкімінің орынбасары Әбдірахман Мұса да Әбу Сәрсенбаевтың ұшан-теңіз прозалық, поэзиялық туындыларының маңыздылығын айта келіп, Райхан Әбуғалиқызына аудан әкімі атынан шапан жауып, Алғыс хат пен құттықтауды тапсырды.
Осынау үлкен әдеби кеште жазушы, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, «Жұлдыз» журналының бөлім меңгерушісі Заря Жұманова сценарийін жазған «Ақша бұлтқа айналған абыз ақын» атты телехабар көрсетілді. Кеш соңында ақын Қанипа Бұғыбаеваның қызы Ләззат Қараш Әбу Сәрсенбаевтың «Ақша бұлт» өлеңіне жазған өзінің әнін орындады.
Әйгілі башқұрт жазушысы Мұстай Кәрім Әбу шығармашылығына, оның екі стихияны – теңіз бен соғыс тақырыбын қатар алып жүргеніне тәнті болған екен. Сірә, соғыс тақырыбында Әбу Сәрсенбаевтан артық жазған қаламгер қазақта кемде-кем шығар. Алайда, Әбекенің өзгелерден басты ерекшелігі – ол документалист, яғни майдан даласында өз көзімен көрген солдаттар мен офицерлердің ерліктері туралы фотосуреттері мен өмір деректерін жинап жүрген. Кейін сол мәліметтерді негізге ала отырып, талайлар өз әкелері мен аталарының бейіттерін іздеп тапты.
Кезінде жазушы Әбу «20 жасар комбат» деген көлемді очерк жазған, Жеңіс күніне санаулы күн қалғанда ерлікпен қаза болған Рәтай Сұлтанбековтің туыстары таяуда ғана оның Германиядағы бейітін іздеп тауып, басына ескерткіш белгі орнатып, туған жеріне бір уыс топырағын әкеліп, ата-бабалар қорымына әкеп қойып, үлкен ас беріп, 22 тонналық ескерткіш орнатты. Ұлы Отан соғысында қаза тапқан жалынды журналист, дарынды публицист Баубек Бұлқышевты майдан шебінде жүрген жерінен әскери газеттің редакциясына ауыстырып алуға көп талаптанған, алайда соғыстың аты соғыс… Кейін де соны еске алып, өкініп отырады екен.
Әбу Сәрсенбаевтың игерілмей жатқан әдеби мұрасы қаншама! Ол кісі де, жұбайы Ләзиза Серғазина да өмір бойы күнделік жазған жандар. Ал, онда әдебиетімізге қатысты тың деректер өте көп сияқты. Көп қолжазбалары төте жазумен (араб графикасымен) жазылған. Оны кириллицаға алмастырып, компьютерге теру оңай жұмыс емес. Ата мұрасын оқырмандарға жеткізуде Әбу атаның жалғыз қызы – Райхан апамыз көп еңбек етіп келеді. Алайда, ол кісі қазір үлкейді. Жасы 86-да. Анау мол мұраны халық игілігіне жарату үшін білек түрініп, көмек көрсететін адам қажет! Сосын сол еңбектерді жарыққа шығаруға қаржылай демеушілік көрсететін жанашыр адам болса ғой, шіркін!
Өзінің туған жері – Атырау аймағы мұнайдың астанасы, аты әлемге әйгілі. Сол мұнайдың бір тамшысындай ғана қаржы бөліп, Әбу Сәрсенбаевтың мұрасының келер ұрпаққа жетуіне көмек қолын созар азаматтар табылып жатса, кәнеки! Ескірген, күрделі жөндеуді керексініп тұрған аядай пәтерде қазір немере, шөберелерімен тығылыса тұрып жатқан Райхан апамыз егер Атырау басшылары кең пәтер берсе, туған жеріне, ағайын-туыстарының ортасына келуден де қашпас еді. Атамыздың ұстап-тұтынған бұйымдары, жиһаздары, кітаптары қаз-қалпында тұрған Алматыдағы қара шаңырағын жеке мұражайына айналдырса, ол да бір игі іс болар еді. Райхан Әбуғалиқызы 86 жасқа келгенше ешкімнің алдына барып алақан жайып, ешкімге шағымданып көрмеген, сабырлы жан ғой. Қалың елге қамқор болған әз-Әбудің жалғыз перзентін ел басқарып отырған азамат інілері алақанға салып аялар деген үміттеміз.
Абыз атаның жан жары – Ләзиза Серғазина әжеміз – Керекудің алғашқы кәсіби журналист қызы, бірнеше жылдар бойы «Қазақстан әйелдері» журналының жауапты хатшысы болған, өте бір мықты, ерге – ер, серіге – серік болатын адам еді. Ол кісіні балалары мен немерелері «Бабажан» дейтін.
1982 жылы аяулы жары Ләзиза әжеміз өмірден өтті. Бұл жағдай абыз атаға ауыр тиді. Одан іле-шала Жұмекен ағамыз бақилық болды. Сол кезде: «Кезек менікі еді, қайтейін!» — деп қатты қиналғанын, қартайған шағында баласындай көретін Жұмекен ағаның бейітін көтеруге бел шеше кіріскенін көрген жандар айтқан кезде жүрегіміз шаншитыны рас. Әрине, бәрі тағдырдың ісі. Алайда, ел аузында асқақ адамгершілігі аңыз болып, әдебиет деген үлкен мұхитқа құйып жатқан сан салалы дариядай мұрасын қастерлеу–кейінгіге парыз.
Гүлзада НИЕТҚАЛИЕВА.