Жарнама
Қоғам

«АҚҚУЛАР ЖҰБЫН ЖАЗБАЙДЫ»

 

«Аққулар жұбын жазбайды» деген бірінші бөліміндегі әңгімелерін оқып шыққаннан кейін тамаша бір сезімде боласыз. Мұнда туған жерге деген махаббат, жанашырлық, адам бойындағы жақсы мен жаман қасиеттер, махаббат тұрақтылығы мен тазалығы, ана махаббаты мен бақыты сияқты біз өмірде басымыздан кешетін жағдаяттар терең әрі түсінікті баяндалады. Қанат — ізденгіш,  тамаша журналист. Ол журналистикамен қатар поэзияға да қалам тербеп жүр. Кітапта сезімге толы өлеңдері де шоғырланған. Өлеңдері оқырманын еш жалықтырмайды. Әрбір өлеңі оқырманын тазалыққа, адалдыққа, адамгершілікке, сабырлылыққа баулиды. Мысалы,

Үлкендер жүр кеңкілдеуден аспаған,

Кей сөздерін былапытпен бастаған.

Бұрынғының қарттары жоқ бүгінде,

Ақылменен бәрін шешіп тастаған, — деп қазіргі кейбір үлкендеріміздің кейінгілерге үлгі бола алмай отырған тұстарын меңзейді де:

Шүкір,сабыр – екі досың болғаны,

Өміріңнің аппақ нұрға толғаны.

Сонда ғана Алла саған разы,

Реттелер өз-өзінен қалғаны, — деп пенделерді барға шүкірлік етуге, қандай жағдайда да сабырлы болуға шақырады («Шүкір мен сабыр») немесе «Шора суы тартылып бара жатыр» деген өлеңінде туған жерге, ондағы өзен-көлге жанашырлық танытып, Шора өзенін сақтап қалуға елдің азаматтары бірігіп қол ұшын созғанын қалайды.

Жалпы, Қанаттың өлеңдері нәзік сезімге толы. Онда анаға, туған жерге деген махаббат, сағыныш, барлық адамның өмірінде кездесетін сәттілік пен сәтсіздіктер, өкініш пен қуаныш – бәрі-бәрі бар.

Ал, енді «Туған жердің жұлдыздары» деп аталған үшінші бөлімге журналистік жазбалары енген екен. Бұл бөлімде өзінің аты айтып тұрғандай, біздің жерлестеріміз, ауылда туып бүкіл әлемге белгілі болған, жұлдыздай жарқырап танылған азаматтар жөнінде сөз қозғайды. Олар мемлекет және қоғам қайраткері Мақаш Шолтырұлы Бекмұхамбетов, қазақ халқының, кең-байтақ республикамыздың мақтанышы, Қазақстан Республикасы Гимнінің авторы Жұмекен Нәжімеденов, көрнекті әдебиетші, озық ойлы, біртуар дара тұлға, сыншы Зейнолла Серікқалиев, есімі елімізге ғана емес, әлемге танымал жазушы-драматург, республикалық «Ақ Жайық KZ» журналының бас редакторы, Құрманғазы ауданының құрметті азаматы Рахымжан Отарбаев, республикаға белгілі қаламгер, ардагер журналист Рахмет Иманғалиев және басқалар.

Құрманғазы аудандық «Серпер» газетінің журналисі Қанат Ғұмаровтың «Аққулар жұбын жазбайды» атты алғашқы кітабына сәттілік тілей отырып, өзіне қаламыңыз мұқалмасын, әлі де талай тамаша туындыларыңыздың куәсі болайық деген тілек айтамыз.

Жаңылсын ДӘУЛЕТОВА,

Атырау қаласы.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button