АҚИҚАТҚА АЙНАЛҒАН АРМАН
Құлан жортқан далада қала салған
— Сіз — Елбасымен талай жылдан бері үзеңгілес келе жатқан, оған сенген, оның сеніміне ие болған жандардың бірісіз. Тәуелсіздігіміздің бастапқы жылдарын тағы бір есіңізге аласыз ба?
— Сол күндер жадымда әлі жаңғырып тұр. Еш ұмытылмайды. Тәуелсіз еліміздің тәй-тәй басқан кезінің куәсі болғаныма, Алматыдан Астанаға көшу тарихын бастан кешкеніме өзімді бақытты санаймын.
Елбасы – елімізді тәуелсіздік алған жылдардан бері сәтті басқарып, әлемге танытқан тұлға. Тұңғыш Президентіміз – дүние жүзі таныған қайраткер. Нұрсұлтан Әбішұлы туралы әлемнің түрлі елдерінің басшылары мен саясатшылары жақсы лебіздерін білдірді. Жұмысына жоғары баға берді. Ең бастысы – Мемлекет басшысының халық сеніміне ие болуы.
Мен біраз жылдан бері Елбасымен қоян-қолтық еңбек етіп келе жатқан кісімін. Оны өзіме бақыт санаймын. Сонау 1994 жылы Жоғарғы Кеңестің депутаттығына сайландым. Ал, 1995 жылы Қазақстан Парламентінің алғашқы сенаторларының бірі болдым. Бұл да — менің өмірімнің есте қалар айтулы оқиғаларының бірі. Маңғыстау облыстық ардагерлер кеңесін басқардым. Міне, екі жылдан бері Қазақстан Ардагерлер ұйымы Орталық кеңесінің төрағасымын. Соның бәрінде де Елбасымен етене араласып келемін. Талай мәрте жеке жүздестім. Мемлекет басшысын сан қырынан жақын тануға мүмкіндік алдым.
Әлі есімде, сонау 1994 жылдың 6 шілдесінде Нұрсұлтан Әбішұлы Жоғарғы Кеңестің мәжілісіне келді. Елбасы депутаттарға еліміздің жаңа астанасы туралы айтты. Бұл кезде, расын айтқанда, Жоғарғы Кеңестің іші гулеген әңгіме еді. Ел астанасын көшіруге қарсы да-уыс беруге үгіттегендер де табылды. Үйренген жерінен өкше көтеріп кеткісі келмегендер болды.
Оның үстіне, әр депутаттың поштасында түрлі ұйымдардан, белгілі азаматтардан, тіпті қарапайым халықтан келген үндеулер мен хаттар толып жататын. Бәрінің дерлік мазмұны – астананы Алматыдан Ақмолаға көшіруге қарсы дауыс беру. Әрине, оларды да түсінуге болады. Сол кезде елдің экономикалық ахуалы ауыр еді. Қаржы тапшылығы белең алды. Жұмысшылар жалақысын, зәру жандар жәрдемақысын, қариялар зейнетақысын, студенттер шәкіртақысын ала алмады. Ал, астананы көшіруге қыруар қаражат қажет емес пе?
Сол кезде Елбасы Жоғарғы Кеңестің мәжілісіне келіп, астананы Алматыдан Ақмолаға көшірудің отыз шақты артықшылығын айтты. Мен соның бірқатарын ғана тілге тиек етейін. Алдымен, астана елдің шетінде емес, жағрапиялық ортасында орналасуы керек. Бұл – көне заманнан келе жатқан қағида. Мемлекеттің бір қиырында отырып, оны түгел басқару оңай емес.
Одан әрі, Алматыда жер сілкінісі жиі болады. Мұнда ұшар басы көкпен таласқан зәулім ғимараттар салу қауіпті. Ал, елдің астанасы әдемі де биік нысандармен көрікті емес пе? Ақмола маңы тегіс. Сарыарқаның жалпақ жазығы, кең дала. Жерасты дүмпуінің қатері жоқ.
Сонымен қатар, Алматыда ауа райы да нашар.Көшелердегі жүздеген автокөліктен тараған улы газ қолқаны қабады, демалуға мүмкіндік бермейді. Таудың қуысындағы қалада үп еткен жел де жоқ. Ал, Ақмола төңірегінде соққан салқын самал қаланы тазартып тұрады.
Міне, Елбасы Ақмоланың осындай және өзге де артықшылықтарын санап шықты. Нұрсұлтан Әбішұлының нанымды сөзі, дәлелді пікірі толқып жүрген депутаттардың бетін бері бұрды. Сол кезде Жоғарғы Кеңес төрағасы Әбіш Кекілбаев:
— Бүгін, яғни 6 шілде Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың туған күні. Ендеше, Қазақ елінің мәртебесін көтеретін келешек астананың билігін берсек қайтеді? — деді.
Бұлкөпшілік күтпеген соны пікір еді. Депутаттар да сабасына түскендей болды. Содан дауысқа салғанымызда Елбасы ұсынысы қолданды. Рас, бірен-саран қарсы болғандар табылды. Бірақ, қайткенде де, астананы көшіруге шешім қабылданды.
Кемеңгерлік –көшбасшылық кепілі
— Сонымен, Астанаға бет бұрдыңыздар…
— Ол кезде әлі Ақмола аталады ғой. Республикадағы көп облыс орталықтарының бірі. Сол бір-ақ сәтте күллі еліміздің астанасына айналды. Мүмкін, бұлай деуге де болмас. Өйткені, мұндай шешімге Елбасының жүз ойланып, мың толғанып барып келгендігі кәміл. Жалпы, Нұрсұлтан Әбішұлы әр ісін жеті рет өлшеп, бір-ақ рет кеседі. Оның үстіне, өзінің бастамасына жұртты да ұйыта біледі. Әр шараның толық жүзеге асуына назар аударып, өзі бірге жүреді.
Шешім қабылданған соң қауырт әрекет басталды. Аз ғана уақытта Ақмоланы астанаға лайық қалаға айналдыру керек еді. Елбасынан бастап барлық орталық мемлекеттік құрылымдар көшіп келуі қажет. Жаңа ғимараттар салу, инженерлік инфрақұрылымды жүргізу, т.б. толып жатқан шаруа реттелді.
Содан 1997 жылғы 7 қарашада еліміздің рәміздері, яғни Елтаңбасы, Мемлекеттік Туы, Әнұраны мен Ата Заңы жаңа астанаға жеткізілді. Осы жылғы 8 желтоқсанда Парламент те арнайы пойызбен Алматыдан Ақмолаға келді. Әлі есімде, жергілікті тұрғындардың қуанышында шек жоқ. Қалайша қуанбасын? Жай ғана облыс орталығы күллі республиканың астанасына айналды. Елорда еліміздің кіндік ортасына қоныстанды. Жергілікті жігіттер бізді елмен де, жермен де таныстырып жатыр. Сонау Ерейментауға дейін апарды.
Содан 10 желтоқсанда Президент Жарлығы күшіне енді. Бір-бірімізді құттықтап жатырмыз. «Еліміздің еңсесін көтеретін, халқымызды бірлікке бастайтын орталық болсын» дейміз ақжарма тілегімізді ақтарып.
Сағат дәл 10-да Елбасы Парламент депутаттарының, Үкімет мүшелерінің және Президент аппаратының жауапты қызметкерлерінің қатысуымен үлкен жиналыс өткізді. Сол жерде Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Үндеу қабылдады. Бұл — жаңа астанадағы бірінші Үндеу. Ол сонысымен тарихта қалды. Оған Президент, Үкімет басшысы және Сенат пен Мәжіліс төрағалары қол қойды. Сөйтіп, мен – осы Үндеудің қабылдануына және астананың Алматыдан Ақмолаға көшуіне қос мәрте қолдап қол көтерген адаммын. Мұны ұмытуға бола ма?
Жалпы, кемеңгерлік – көшбасшылық кепілі. Бұл – Елбасына тән қасиет. Оның болашақты болжағыштығы, келешекті көздегіштігі ғаламат. Уақыт астананы Алатаудың баурайынан Сарыарқаның кең даласына көшірудің дұрыстығын дәлелдеді.
Қайталап айтамын, содан бергі өткен жылдар қабылдан-ған шешімнің оңдылығын көрсетті. Елбасымыз – жаңа астананың сәулетшісі, жобалаушысы, дем берушісі және салушысы. Осы күйінде тарихта қалады. Себебі әр нысанның, әр көшенің кішкене бөлшегіне дейін Нұрсұлтан Әбішұлының назарынан тыс қалмады. Құрылыс басына өзі барып, не істеліп жатқандығын жеке тексерді. Күндіз-түні тыным таппады. Сондықтан, халық Елбасына осындай баға берді.
Бүгінде Астана Елбасының осы қалада өткізген барлық әлемдік салмағы бар шараларының орталығына айналды. Осында Дүниежүзілік дәстүрлі дін өкілдерінің төрт мәрте съезі өтті. Астанада Еуропа қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына басшылық жасалды. Үлкен саммит ұйымдастырылды. Алдымыздағы жылы жұмысын бастайтын Еуразиялық экономикалық одақ құру жөніндегі құжатқа да Елордада қол қойылды. Мұнда Тәуелсіздік сарайы, Хан шатыры, Пирамида тәрізді сәулетті ғимараттар пайда болды.
«Мәңгілік ел» мұраты
— Елбасы «Мәңгілік ел» идеясын ұсынды.
— Бұл – елді біріктіру, күллі қазақстандықтарды ортақ мақсатқа жұмылдыру жолындағы қарышты қадам. Қазақ «бірлік болмай, тірлік болмайды» дейді. Ендеше, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, тұтаса қимылдаған ел ғана мұратына жетеді.
Тағы да Астанаға оралайықшы. Елбасы сол кезде-ақ Елорданың Қазақ елінің экономикасын алға сүйрейтін локомотив боларына сенген-ді. Шағын ғана облыс орталығының мұндай дәрежеге тез жетеріне сенімсіздік танытқандар да табылған. Алайда, Нұрсұлтан Әбішұлының көрегендігіне тағы да таңғалып отырмыз. Бүгінде Елорда Алматы, Атырау мен Ақтау секілді республикалық бюджеттің донорына айналды. Демек, еліміздің ортақ табысына сүбелі үлес қосып отыр. Елбасының Қазақстан халқына биылғы Жолдауында айтылғанындай, Астанадан тарайтын сан тарау жол республиканың барлық өңіріне жетеді.
Біздің Президент – үлкен прагматик. Алысты бұлтартпай болжай біледі. Әккі тамыршыдай уақыт тынысын дәл басады. Қазақстан қазір әлемнің ең дамыған елу елінің қатарына енді. Ендігі мақсат – алғашқы отыздық. Президент халқымызды соған бастап келеді. Бұл да — «Мәңгілік ел» идеясының негізгі қағидаларының бірі.
Биыл Елбасы Қазақстан халқына Жолдауын ертерек жасады. Тағы алдын болжағыш Президентіміз әлемді жайлаған экономикалық дағдарыстан елді сақтауды ойлады. Үкіметке алдымыздағы жылдан бастап жедел кірісетін шараларды белгілеп берді.
Келесі жылы Қазақ Хандығының 550 жылдығы тойланбақ.
Ол арғы тарихымызды жаңғыртып, еліміздің өткенін паш етеді. Елбасы «Жаңа қазақстандық патриотизм дегеніміз — Мәңгілік Ел. Ол – барша Қазақстан қоғамының ұлы құндылығы» деді. Ендеше, біз де Елбасы төңірегіне топтасып, сол құндылықтарымызды көздің қарашығындай сақтауымыз шарт. Өйткені, «Мәңгілік Ел» идеясы арманнан ақиқатқа айналады. Соған баршамыз үлес қосуымыз қажет.
Меңдібай СҮМЕСІНОВ.