АҚ КӨҢІЛІН ӘРДАЙЫМ КІР ШАЛМАҒАН…

Қоғам

Солардың санатында бұл күндері есімі атыраулық оқырмандарға етене таныс Лиза Шайхымеденқызы Сейтімованы атауға болар еді. 1963 жылдың қоңыр күзінде, дәлірек айтқанда қыркүйек айының 30-жұлдызында Атырау қаласында дүниеге келген, бүгіндері еңселі жасты еңсеріп, биігіне көтерілген қадірлі әріптесіміз қақында қалай толғап, қандай әңгіме өрбітсек те жарасқандай.
Бейнелеп айтқанда, осынау жартығасырлық ғұмырының тең жарымына жуығын журналистикаға арнап келе жатқан ол осында тоқсаныншы жылдардың басында келген-ді. Бұрынғы Гурьев педагогикалық институтын (бүгінгі Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университеті) тәмамдаған Лиза 1985 жылы жолдамамен Маңғыстау облысында еңбек қадамын бастап, кейіннен «Атырау» газетіне тілшілік қызметке ауысып, біржола журналистикаға бет бұрады.
Әрине, ешкімнің аяғы аспаннан салбырап түспесі, осындай ортаға келе қалмайтыны белгілі ғой. Кейіпкеріміз жайында сөз қозғағанда да солай десек, теріс емес тәрізді. Өйткені, оның жазуға ынтасы мен қалам тартуға деген машықтығы сонау балғын балалық шақтан, мектеп қабырғасынан оянып, бертінде студенттік кездерінде жалғасқан-ды. Сол ойдағы талап пен бойдағы талант бірімен бірі тоғысып, оны осы бір қиын да, қызықты жолға, машақаты мол, ләззаты зор жұмысқа, жеке тұлғаның рухани болмысын қалыптастыратын салаға жетеледі. Содан Лизаның өзі де шар болаттай қайралып, кетілді, нағыз жорналшы, газет жұмысының ыстық-суығына төзе білетін шынайы кәсіп иесі-білікті маман ретінде жетілді. Мұны мерейгер-әріптесіміздің өзі де былайынша еске алады: «Мектептегі шәкірт, институттағы студент, оған жалғасқан жастық шағымнан бермен қарай «Атыраудан» қыл елі ажырап, байланысымды үзіп көрген емеспін. Сол бір кезеңдерде біз секілді жастарға бүгіндері ортамызда жоқ, марқұм Мұқан Көптілеуов, Тасмағамбет Текеев, қазірде бір ұжымда болмағанмен, қатарымызда жүрген Светлана Қайырғалиева сынды тәжірибелі журналист аға, апаларымыздың қашан да жылы қабақ танытып, қамқорлық пен қолдауын аямай, ақыл-кеңесін беріп, жөн сілтеп, жол көрсетуінің арқасында бала күннен арман болған мамандығыма деген ынтызарлығым арта түсті. Артынша, редакцияға қызметке келіп, үлкен-кішімен араласып, қоян-қолтық жұмыс жасап кеттік.
Мені қызметке қабылдаған бас редактор Теңдік Жауыров, орынбасарлары Қилыбай Қуанышбаев, Құмарғали Ғабдешев (бұл кісі бір жағынан біздің бөлімнің меңгерушісі-тұғын), ұзақ уақыт бойына жауапты хатшылықта істеп, бұл күндері бас редактордың бірінші орынбасары қызметін атқарып жүрген Ермек Биғалиев ағайларды да журналистикадағы жолбасшы-ұстаздарым санап, олардан көп нәрсені үйрендім. Бертінде Нұрлан Қабылов, Исатай Балмағамбетов сынды азамат ағалардың шығармашылық ұжымға басшылық етіп келе жатқан кездерінде де білгенімізді біліп, олқы тұстарымызды жетілдіруге, азды-көпті тәжірибе-тәлімімізді соңымыздан ерген жас жеткіншектерге үйретуге тырыстық. Үлкендігін білдіріп, жөнін айта-тұғын асыл аға-апаларымды, жарасымын тауып, әзілдеп-қалжыңдасатын, мұңайғанда сырласатын қатарлас-құрдастарымды, алдымнан кесе өтпей, амандасатын ізетті іні-сіңлілерді де осы жерден таптым».
Түрлі тақырыптарда қалам тербеп, өңір өміріндегі күнделікті оқиғаларды, хабар-ошар, жаңалықтарды жамағатқа жеткізумен бірге, қоғамдағы әлеуметтік мәселелерді, кемшіліктер мен көлеңкелі тұстарды қозғап, сын тезіне салып, көзі қарақты, көкірегі ояу оқырман қауымның көңілінен шығып, көптің олжасына айналар ойлы жарияланымдарымен де топ жарып, ерекше көзге түсе білетін, қанша мақтасаң да жымиып қана күлетін біздің Лизаның ұжымның абыройын арттырып, басылымның беделін биіктетуге қосқан өлшеусіз үлесі, ел алдындағы ерен еңбегі, қоғамның жан-жақты дамуы жолындағы қалтқысыз қызметі елеусіз қалмады, лайықты бағаланды.
2000-жылы қазақстандық журналистер арасында ұйымдастырылған «Жүректен-жүрекке» атты республикалық байқаудың жеңімпазы атанса, 2004-жылдың қорытындысымен «Үздік журналист, «Премьер-сақтандыру» конкурсының 2005-жылғы жүлдегері танылды. Ал, 2006 жылы профессор Т.Амандосов атындағы Атырау облысы әкімінің сыйлығын иеленді. Басқалай да мақтау-марапаттаулары өз алдына бір төбе.
«Отбасы-қоғамның іргетасы» десек, соған сай бірлігі мен тірлігі жарасқан бүтіндей бір жанұяның отанасы болып табылатын Лиза Жұбандық Бижанов есімді азаматпен көңіл жарастырып, шаңырақ көтеріп, Ботагөз, Дәурен, Дархан есімді перзенттерді өмірге әкелді. Осылайша, екеуі ұлықты ұл мен қылықты қыз өсіріп, ұрпақтарының қызығына кенелуде. Өздері де келін түсіріп, ата-ене, құда-құдағи атанды, өрістері кеңіді.
Міне, осындай өмірі өнегемен өріліп, нағыз қазақ әйеліне тән болмысымен дараланып, ғибратты ғұмыр кешіп келе жатқан Лиза Шайхымеденқызын мерейлі жасымен барша «атыраулықтар», ақпарат айдынындағы әріптестері, қатар жүрген қаламдастары қуана құттықтайды. Алдағы өміріне жақсылық, отбасы бақыты мен амандығын, шығармашылық жұмысына сәттілік тілейді.

Дәулетқали АРУЕВ.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған