Академик Ғарифолла ЕСІМ: «АБАЙДЫҢ ЗАҢДЫ ЖАЛҒАСЫ – ЖҰМЕКЕН»
— Жан туралы тап басып айту мүмкін емес. Жан–айқын бір объект емес, тән сияқты қолға ұстау, көзбен көру, салмағын өлшеу мүмкін емес. Жан –рухани құбылыс. Ертедегі ғұламалар арасында да бұл турасында талас бар. Жан бар ма? Жоқ па? Болса ол қандай нәрсе? Оны тек тірі адамдар арқылы байқаймыз. Тірінің тірлігі – оның жанының болуы. Өлсе «жаны шықты» дейміз. Өлім – жан мен тәннің бөлінуі. «Шыбын жан» деген ұғым бар. Жан туралы пікірлер өте көп. Аристотель, Әл-Фараби, Ибн-Сина «Адамзат» деген еңбектерінде бұл мәселе туралы біршама айтты. Тәннен ерекшелігі – жанның рухани құбылыс екендігінде. Жан – барлық ақындардың объектісі. Жан туралы жазбаған ақын жоқ. Поэзия жан туралы жеріне жеткізе айтады. Өзіңіз білесіз, мен «Хакім Абай» деген кітап жаздым. Абай өлеңдеріне әдеби-философиялық талдау жасадым. Абай жан мен тән туралы нақты айтқан. Жан мен ақыл – біртұтас, ойлау жанға тән екенін айтады.
Жанды білмекке талпыныс даналардан бері қарай өтіп, ақын Жұмекен Нәжімеденов өлеңдерінен де орын алған. Адам қиналады, күйзеліске түседі. Сонда, қиналатын, күйзеліске түсетін – жан. Неліктен жан қиналады? Жанның тұрағы – тән, ақыл жанға қонады. Сонда, ақылға сыймайтын істерге адам тап болғанда оның жаны қиналады. Егер адам ақылға сыйымды, өзінің табиғатына үндес, сәйкес келетін іс-әрекет, харекеттерімен айналысса, жан жай табады. Жанның жай табуы үшін көп нәрсе керек. Әуелі тұрмыс, қоғам, әлеуметтік орта, адамның арман-мақсаты, қиялы, т.б. Бұлардың бәрі ешқашан да мәселесіз болуы мүмкін емес. Мәселе тұрмыстан басталып, арман-қиялдың орындалуына дейінгі сатыларда қат-қабат үдерістерге түседі. Жан қиналады немесе рахат күйге түседі, мұны біз – көңіл дейміз. Көңіл көтеру үшін әдебиет пен өнер, адамдардың жақсы тілек сөздері, жайлы тұрмыс керек. Осы жағдайлар ақын Жұмекен өмір сүрген заманда, социалистік қоғамда өз шешімдерін тапқан. Оны ақын жүрегі, сезімі білген, сезген, таныған және солар Жаратушысы берген өнері арқылы өлең-жыр, толғау, поэма, роман болып төгілген. Қорқыт ата сияқты, өтірік қоғам социализмнен ақын Жұмекен жан жұмбағының шешуін іздеген.
— Жан туралы зерттей отырып, адамның рухани жалғыздығы турасында да әңгіме қозғадыңыз. Жұмекенге келуіңізге не себеп болды? Жанның рухани тұрғыдағы көрінісі Жұмекен жырларында қалай өз шешімін тапқан? Жұмекенді қазақ поэзиясындағы реформатор ақындардың қатарына қосуға бола ма? Оның жұмбағын қалай шештіңіз?
— Жұмекенді 1967 жылдан бастап біле бастадым. Жақсы ақын екенін сезіндім, бірақ оның шығармашылығымен жүйелі түрде танысуға мүмкіндік болмады, өзге шаруалармен айналыстым. Ол туралы алғаш сөз сенатор Сәрсенбай Еңсегеновпен кездескен уақыттан басталды. Сәрсенбай мырза әр кезде маған Жұмекен туралы айта берді. Содан Жұмекеннің өлеңдерін оқи бастадым. Жұмекен маған қажет ақын екен, мен көп ақындар туралы сөз айта алмаймын, жаза алмаймын. Себебі, олар бар нәрсені әп-әдемі етіп, еш күдіксіз баяндап береді, өздерінен кейінгіге ой қалдырмайды. Мұндай тас-түйнектей әдемі өлеңдер туралы не айтуға болады? Бәрі айтылып қойылған. Сонымен іс бітті. Басқа сөз айтудың еш қажеті жоқ. Ал, Жұмекен болса, Мұқағали Мақатаев айтқандай, «Жұмекен ойдың бірқатарын айтып, екінші қатарын оқырманның өзіне тастай салады». Абайдың, Шәкәрімнің, орыс ақыны Михаил Лермонтовтың, поляк ақыны, Нобель сыйлығының лауреаты Чешслав Милоштың, Махамбеттің өлеңдерінде де осылай. Осындай ақындар қатарына Мұқағали Мақатаев Жұмекен Нәжімеденовті қосып отыр. Оны «жұмбақ ақын» деген. Менің білуімше, қазақ поэзиясында «жұмбақ ақын» деп аталатын бір ақын бар. Ол – Абай. Естеріңізде болар, Абай өзінің жұмбақтығын өз өлеңімен баяндаған:
Жүрегімнің түбіне терең бойла,
Мен бір жұмбақ адаммын, оны да ойла.
Соқтықпалы, соқпақсыз жерде өстім,
Мыңмен жалғыз алыстым, кінә қойма.
Ендігі жерде поэзия тұлпары Мұқағали Мақатаев өзінің замандасы Жұмекен Нәжімеденовті «жұмбақ ақын» деп мойындаған, қатарласы болса да еш қызғаныш білдірмеген. Бұл – Мұқағали Мақатаевтың азаматтық кемеңгерлігі. Мен осыны оқығанда ойға қалдым. Нағыз саңлақ жүйріктер қай заманда болмасын, бір-бірін қадір тұтқан. Қызғаныш, өкпе арту – талантсыздардан шығады, ондайларды Жұмекен Нәжімеденов «кішкентайлар» деп атаған. Тумысынан асыл, бекзат қасиетке ие Мұқағали, Жұмекен сияқты ақындар – поэзиядан өз еншілерін алғандарымен, бір-біріне адал болған жандар.
Осында келіп жүргенде, бірде облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетовтің қабылдауында болғаным бар. Сонда сенатор Сәрсенбай Еңсегенов менің «Жұлдызды Жұмекен» деген кітап бастағанымды айтты, менің таңырқағаным, Бақтықожа Салахатдинұлы Жұмекенді білетін болып шықты, оның кей өлеңдерін жатқа оқиды екен. Осы ақпаратқа қоса Бәкең:
— Менің анам Әсима Жұмекенді арқалап өсірген, — деді.
Сырт қараған адамға Қошалақ – айдала. Жұмекен үшін ол – Мекке. Жұмекен үшін Қошалақтан артық елді мекен жоқ. Екі сөздің бірінде – Қошалақ. Бұл – Жұмекеннің туған жерімен, топырағымен тыныстап өскен адал ұл екенінің белгісі. Қошалақ – қасиетті жер.
Білім деген – шексіз. Таңым бар, Абай айтқандай «кісі айтпаған сөз бар ма?» Бірақ, ақын Жұмекеннің халқына айтатын сөздері бар екен. Сол сөздерге жоғарыда айтқандай талдау жасау арқылы философиялық тұжырым жасауға мүмкіндік туды. Бірде Темірхан Медетбек пен Исраил Сапарбаев бір басылымда сұхбат құрып отырғанда Исраилдың айтқаны бар: «Жұмекен – терең ақын. Бірақ, соған тісіміз батпай жүр. «Хакім Абайды» жазған Ғарифолла Есім неге шұғылданбайды екен?», — деп.
Рас, Жұмекеннің өлеңдеріне талдау жасау үшін тек әдебиетші, таза философ болу мүмкін емес. Соның екеуін де қатар меңгерген адамға Жұмекен иірімдері ерікке көне бастайды. Жұмекен өлеңдеріне герменевтикалық-философиялық мәтіндік талдау жасап отырғанда дүниетанымдық мәселелердің қат-қабатына еніп кетесің. Ол – мен үшін рахат. Жұмекен өлеңдері туралы айта беруге, жаза беруге болады. Себебі, ондағы ойлар тізбегі таусылар емес. Ойлаймын, ақын Ғафу Қайырбековтің кезінде «Жұмекен өлеңдері туралы жоғарғы оқу орындарының студенттеріне дәріс оқу керек» дегені осыдан шыққан екен-ау…
Жұмекен Тәуелсіздікті көрмеді. Бірақ, қазақ халқын тәуелсіздікке жақындатқан ақын өлеңдері тәуелсіз, еркін ой айтуға үйретті. Бұл орайда Жұмекен еш қиналмайды. Оның қиналысы – осы айтылған ойлардың шешім таппауында. Өзі өмір сүріп отырған қоғамдағы «өтірік күліп, шын алдап» жүрген пысықтардың іс, харекеттері. Ойлаймын, Жұмекен ғұмырының қысқалығы да сол заманның қысымынан болған оқиға. Ақын нені болсын жүрекпен сезеді, оның жүрегіне заманы жара салды, жара асқынды, ақыры Жұмекенді алып кетті.
— Сіз Жұмекеннің өлеңдерін ғана зерттеу нысанына айналдырмадыңыз, оның прозасын да қоса қамтыдыңыз. Жұмекен прозасының өзінің замандас жазушыларынан айырмашылығы қандай?
— Жұмекен – тамаша ақын, сөз жоқ, ол ақ өлең мен қара өлеңді аралас жазған. Ақ өлең – философиялық нұсқа. Ол ілуде біреудің қолынан келеді. Ақ өлеңде ой ұйқасы жатады. Ол туралы аталмыш кітапта метафора философиясы бөлімінде біршама сөз айттым. Жұмекен – майталман жазушы, шебер қаламгер. Оның «Ақ шағыл», «Кішкентай», «Даңқ пен дақпырт» деген үш романы бар. Бұл романдарды социализм кезіндегі әдеби қауым, сыншылар қабылдамады. Себебі, Жұмекен – социалистік реализм әдісін мүлдем мойындамаған адам. Сол заманда жазылған романдарды оқып отырсақ, көбі – еліктеу, әсіресе, орыс жазушыларына еліктеу, сюжет ұрлап жазу. Ол неліктен дегенде, оның себебі ап-анық. Социалистік өтірік қоғамды өтірік қосып баяндамаса болмайды. Социалистік кездегі романдарға тән өтіріктер – коммунистік партияны мақтау, парткомды, райком хатшыларын мақтау, соларды басты кейіпкер ету.
Жұмекен өз романдарын ғұмыры 60-70 жылға жетпейтін шолақ үкіметке арнамаған. Оның шығармалары – қазақ халқымен бірге өмір сүретін нағыз өміршең дүниелер. Жұмекен «кішкентайлар» туралы айтқан. «Кішкентайлар» – социализмнің жалдамалылары. Олар қауіпті ме? Мен ол жағын айта алмаймын. Бірақ, анығы сол, социализмге «кішкентайлар» керек болған. Социализм – кішкентай қоғам, сондықтан да ол тарих сахнасынан жойылды. Сол қоғаммен бірге социализмге қызмет істейтін қалам ұстағандар да жойылуда.
Жұмекен Нәжімеденовтің «Даңқ пен дақпырт» романы жан досы – Шәмші Қалдаяқовқа арналған. Шәмші – періште. Жұмекен оның осы періштелік қалпын көркем баяндап берген. Өнер саласындағы болған, болып өткен, қайсыбірі әлі сақталған келеңсіз құбылыстарды Жұмекен жария еткен. Ойлаймын, романды ғұмыры болса Жұмекен әрі қарай жалғастыруы мүмкін еді. Байқаймын, әсілі, өнер туралы оның айтқысы келген сөздері баршылық. Оны романның өн бойынан аңғаруға болады.
— Шығармашылық адамында жоспар деген болмайтыны анық. Алайда, Сіз ғалымсыз, зерттеушісіз. Сондықтан, қазіргі таңда кімді зерттеп жүргеніңізді білгіміз келеді? Болашақтағы жоспарыңыз қандай?
— Жоспар – адамнан, оның орындалуы – жаратушы бір Алладан. Тірі адам алдына мақсат қояды. Егер, Жаратушы құп көрсе, ойға алған біршама шығармаларым бар. «Мұң» деген романды бітіруге таяп қалдым. «Опера» деген романды жазу үстіндемін. Осы екі романға қоса «Сенат» деген романды бастадым. Қазіргі таңда бітіруге тиісті кітап – «Кемеңгер Мұхтар». «Хакім Абай», «Данышпан Шәкәрім» атты кітаптарымның заңды жалғасы, үшінші кітабы.
Әңгімелескен:
Гүлзада НИЕТҚАЛИЕВА.