Жарнама
Қоғам

ӘЙЕЛДЕРДІҢ ҚОЛЫНАН

Белгілі болғанындай, аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуын арттыруда әйелдердің рөлі өткен жылдармен салыстырғанда әлдеқайда артқан. Әсіресе, олардың арасында шағын және орта бизнеске баса ден қойып, жеке кәсібін ашып, оны дөңгелентіп отырғандар аз емес.

Дейтұрғанмен, Мемлекет басшысының тапсырмасы негізінде әйелдердің белсенділігін әлі де арттыру қажет. Бұл жайларды мәлімдеген  «Әйелдерді қолдау» бағыты бойынша партиялық тәлімгер Мәрия Қаражігітова бір қолымен бесікті, бір қолымен әлемді тербеген әйелдерге  қандай қамқорлық жасалса да артық еместігін баса айтты. 

Жәрдемақы  неге жартУсыз?

Бірінші кезекте бала тууды ынталандыру және бала тәрбиелеуші әйелдерді қолдау үшін жағдай жасалуы тиіс. Бұл ретте мемлекет бюджеті есебінен біржолғы және бала бір жасқа толғанға дейін оның күтіміне арнайы жәрдемақылар тағайындалған. Мәселен, бірінші, екінші, үшінші бала туған анаға 58 172 теңге, төртінші және одан да көп бала туған анаға 96 953 теңге көлемінде бірреттік жәрдемақы  төленеді. Ал, бір жасқа дейінгі бала күтіміне байланысты бірінші балаға – 10 668, екінші балаға – 12 612, ал үшінші балаға – 14 539, төрт және одан да көп туылған балаға 16 483 теңге белгіленген.

Десек те, бұл сомалар баланы күтіп-бағуға жетпейтіні жасырын емес. Әңгіме төңірегінде зейнетақы төлеу жөніндегі мемлекеттік орталықтың Атырау облыстық филиалының бөлім меңгерушісі Айнұр Есқалиева баяндап, бір жасқа дейін бала күтіміне төленетін жәрдемақының мерзімін үш жасқа ұзарту жөнінде ұсыныс айтты. Сондай-ақ, көпбалалы жанұяларға төленетін жәрдемақының да аздық ететінін алға тартып, мұндай отбасыларына жеңілдіктердің көптеп қарастырылу қажеттігін жеткізді. 

Іскерлігі  істе көрінген…

Ал, әйелдердің жұмыссыздық деңгейін саралап, бұл бағытта жасалып жатқан жұмыстар жөнінде облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Клара Мұқашкереева тарқатты. Оның айтуынша, аймақтағы экономикалық тұрғыдан белсенді халықтың 50 пайызын әйелдер құрайды. Соның ішінде еңбекке жарамды жастағы әйелдер саны  – 144 157. Жұмыспен қамтылған халықтың 141 899-ы – әйел азаматтар. Оның 89 пайызы – тұрақты жұмыспен, ал, 11 пайызы – уақытша өз бетінше жұмыспен қамтылғандар. Ал, уәкілетті жұмыспен қамту органдарына хабарласқан адамның 7075-сі-әйелдер.  Бүгінде олар мемлекет тарапынан жұмыспен қамтылып, кейбірі қайта даярлау курстарында оқытылуда.

Осы тұста айта кетерлігі, «Бизнестің жол картасы — 2020» бағдарламасы аясында жыл сайын іскер әйелдер қатары артып, олар шағын және орта кәсіпке бет бұруда. Бұл бағытта биыл төмен пайызбен несие алған 439 адамның 45 пайызын әйелдер құрайды. Олар қайық жасау, саңырауқұлақ өсіру, дәретхана қағаздарын шығару, егін, мал шаруашылығымен айналысу, балабақша және шағын оқу орталықтарын ашу үшін несиелер алуда. Мәселен, Индер ауданының тұрғыны Оңай Арыстанова үш миллион теңге несие алып, аудан орталығынан медициналық бөлімше ашқан. Екі адамды тұрақты жұмыспен қамтуда.

Құрманғазы ауданы, Қиғаш селосының тұрғыны Эльмира Қибаева облыста бұрын болмаған экологиялық таза фосфат-ионсыз кір жуатын ұнтақ шығару цехын ашып, ол да екі адамды тұрақты жұмысқа алды. Тізбектей берсек, аймақтың дамуына үлес қосып, кәсіп ашып, оны кеңейтуге талаптанған іскер әйелдер аз емес.

Әйелдерді жұмыспен қамтуда бұдан бөлек бос жұмыс орындар жәрмеңкелері де ұйымдастырылып келеді. Нәтижесінде биыл 463 әйел тұрақты жұмыспен қамтылған.  Осы жұмыстардың қорытындысында әйелдер арасындағы жұмыссыздық деңгейі 3,9 пайызды құрап, өткен жылмен салыстырғанда 1,4 пайызға төмендеген. 

АЯЛАУ АЗ. НЕГЕ?

Әйелдерге қатысты тұрмыстық зорлық-зомбылық – барлық елдерде кездесетін жағдай. Дамыған мемлекеттердің өзі бұл мәселені әлі толық шеше алмай отыр. Әлемде осы жағдайға байланысты жыл сайын бес мың әйел құрбан болады. Деректерге сүйенсек, елімізде бес жүз әйел тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шегеді екен. Болашағымыз жарқын болу үшін әйелдер ешқашан зәбір көрмеуі тиіс. Бұл бағытта аймақта тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшыраған әйелдерді қолдау жұмыстары да қолға алынып, жүйелі істер жалғасуда. Атырау қаласындағы тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшыраған әйелдерге көмек көрсету орталығының директоры Айбарша Иманғалиеваның айтуынша, бүгінгі күні 20 орынға арналған бөлімшеде барлығы 13 қызметкер қызмет етеді. Былтыр орталыққа 72 азаматша хабарласып, оларға түрлі қолдаулар көрсетілсе, биылғы тоғыз айдың ішінде орталықты 64 әйел паналап, оларға жан-жақты көмек жасалды.

Айта кетерлігі, орталықтағы арнайы мамандардың араласуымен көп әйелдер өз отбасыларына кері қауышып, тыныш өмір сүруде. Кейбірі баспанамен қамтылып, бұрын бастан кешкен қиындықтарын артқа тастаған. Бұл аймақтағы әйелдерді қолдау мақсатында жүріп жатқан ауқымы кең жұмыс екенін аңғартады. Осы орайда облыс әкімі жанындағы әйелдер істері және  отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның бас инспекторы Зәмзәгүл Жалмурзина «зорлық-зомбылық көрген әйелдерге арналған дағдарыс орталығынан бөлек, кәсіпкерлікке немесе басқа жағдайларға бағытталған орталықтар ашылса, бұған үкіметтік емес ұйымдар атсалысса…» деген ұсыныс білдірді.

Сондай-ақ,  жиын барысында Атырау қалалық ішкі істер басқармасы полиция бөлімінің әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау қызметі туралы аталмыш басқарманың аға инспекторы Гүлшара Мекеева баяндап, бүгінгі күні көбінесе азаматтық некедегі әйелдердің  зорлық-зомбылыққа ұшырайтынын алға тартты. 

Сараптамалық топ жұмысын қорытындылаған Мәрия Қаражігітова әйелдерді қолдау бойынша атқарылып жатқан жұмыстарға оң баға беріп, әлі де іске асар қызметтің аз еместігін  атап айтты.

Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА.

 

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button