
«Әйелдер қанатындағы» қоғамдық қабылдау
«AMANAT» партиясы Атырау облыстық филиалы жанындағы Әйелдер қанаты қоғамдық қабылдау өткізді. Қабылдауға келген әйел-аналардың түйткілді мәселелерін шешуге Әйелдер қанатының кеңесшісі, облыстық мәслихаттың депутаты Айжан Қарабаева, Атырау қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімдерінің өкілдері мен партия филиалының заңгері қатысты.
Қабылдауда болғандардың бірі — Мақат ауданынан келген үш баланың анасы. Ол Доссордағы отбасымен бірге тұрып жатқан баспанасының ойламаған жерден өртеніп кеткеніне байланысты қолдау сұрайды. Айтуынша, заңдылыққа сәйкес тұрғын үй алушылардың кезегіне тіркелген. Алайда кезексіз үй беріле қоймайтыны белгілі. Жолдасы жұмыссыз. Әрине, бұл — өте қиын жағдай. Осы мәселе бойынша жергілікті атқарушы органдарға ұсыныс беріліп, мәселені мейлінше оңтайлы шешудің жолдары қарастырылатын болды.
Қабылдауға жазылғандардың енді бірі — бірінші топ мүгедегі. Ол да бірнеше жылдан бері тұрғын үй кезегінде тұрғанын айтады. Жалғыз тұрады. Кезек жетер емес. Пәтер жалдағаны үшін өтемақы тиесілі, алайда оған келісетін пәтер иесін табу қиын. Жалғыздықтың зардабын шеккен бұл жан қарттар үйіне де орналасқысы келеді. Алайда он жылдан астам уақыт күткен кезегі жойылып кете ме деген қауіпі де жоқ емес. Тиісінше, заңгер тарапынан тиісті кеңес берілді.
Дәулетқали АРУЕВ