Жарнама
Қоғам

ӘЙЕЛДЕР ҚОҒАМНЫҢ НЕГІЗІН ҚАЛАСАДЫ

 

Әрине, бүкіл адамзат баласы Алланың күш-құдіретімен бір ата, анадан тарап өсіп өнді. Дегенмен, мұндағы айтпағымыз, мына дүниеде ұрпақ өрбітіп,  тәрбиелеп, қанат қақтыруда «ана» деген есімнің орны бір төбе. Өйткені, хадисте: «Жұмақ – аналардың табанының астында» делінеді.

Хан да, қара да бәрі-бәрі сол ананың құрсағымен дүние есігін ашқаны сөзсіз. Иә, Адам ата, Хауа ана дәуірінен бері талай замандар көшті. Уақыт та өз төрешілігімен әртүрлі жағдайдың куәсі болды.

Әйел деген ардақты жанның құқы аяққа тапталып, қадірі ұмыт болған кезеңдер де өтті. Дәлірек айтқанда, ислам дүниеге келгенге дейін әйел баласына түрлі кемсітушілік айтарлықтай жасалды. Әйелдің арын аяққа таптау, адам ретінде санамау секілді тағы басқа жиіркенішті әрекеттер сол кездегі қоғамның ластығын көрсетті. Мұндай жат қылықтар арабтарды да айналып өтпеді. Әйел баласын құнды затқа айырбастап жіберу, қыз бала дүниеге келді десе, арланбастан тірілей жерге көме салу әрекеті әдетке айналды.

Міне, осындай лас қоғамға өз үкімін әкелген ислам діні әйелдің жанұядағы және қоғамдағы орны қандай болуы керектігін айқындап, олардың құқықтарын қорғап, мәртебесін көтерді. Халифа хазреті Омар (р.а.): «Біз әйел баласының да жеке құқықтары болатынын Ислам келгенде барып біле бастадық», – деп өткен кезеңнің өкінішін есіне алатын-ды. Ислам сүйкімді қыз, сүйікті жар, аяулы ана дәрежесін алға тартты. Тіпті, Құранда әйелдер мағынасын қамтитын арнайы «Ниса» деген сүре де бар. Қасиетті Құранда былай делінеді: «Ерлердің әйелдердегі хақтары сияқты, әйелдердің де ерлерде белгілі хақтары бар» («Бақара» сүресі, 228-аят). Дініміз осылай әйелдердің дәрежесін айқындап, оған қамқор екенін көрсетті. Яғни, қыз балаларға мейіріммен, аналарға құрметпен қарауға шақырды.

Ақиқат дінді насихаттап, адасқандарды адамгершілікке шақыру Мұхаммед пайғамбарымызға (с.ғ.с.) оңай соқпады. Бұл жолда талай қиыншылықтар мен кедергілерді көп көрді. Десе де, оған алғаш болып қолдау жасаған жары Хадиша анамыз еді. Исламды алғаш болып қабылдаған Хадиша анамыз дүниесімен ғана емес, шынайы сөзімен де пайғамбардың қолдаушысы болды. Сол қиын сәттерді есіне алған кезде Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Ел менен теріс айналған кезде, Хадиша маған сенді. Айтқандарымды ешкім қабылдамағанда, мені алғашқы болып растаған сол еді», — деп жақсылықтарын айтып отыратын болған.

Алла Елшісі (с.ғ.с.): «Мүміндердің иман жағынан ең кәмілі – көркем мінезде, ал сендердің ең жақсыларың – жұбайларыңмен жақсы қарым-қатынаста болғандарың», — деп отбасылық қарым-қатынаста әйел баласының дәрежесін көрсетіп берген. Ал енді бір хадисінде: «Кімде-кімнің үш қызы болса, соларға жақсы қараса, ақыретте жұмаққа барады», — деп қыз баланың бақыт әкелерін айтқан.

Алла Елшісі (с.ғ.с.) әрдайым сахабаларына ананың ардақтауға лайықты жан екенін білдірді. «Кімге жақсылық жасайын?» деп сұрай келген сахабаға Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) үш мәрте: «Анаңа», — деп жауап берген. Тіпті, «Әйелдердің құқықтарын аяқасты етпеңдер, Алладан қорқыңдар. Өйткені, сендер оларды Алланың аманаты ретінде алдыңдар», — деп те айтқан. «Сендердің ең ардақтыларың – жарлары мен балаларына жақсы қарағандарың. Араларыңда жанұясына ең жақсы қарайтын менмін», — деп айтқан хадисі де бізге көп нәрсені аңғартады.

Демек, дініміз исламда әйелдің алар орны ерекше. Өйткені, дініміз оларға Алланың аманаты ретінде қарауға шақырады. Ал, әлемнің Раббысы өз құлдарын әйелдерімен жақсы қарым-қатынаста болып, отбасында жұбайларымен тату-тәтті тұруын қалайды. Құранда бұл жайында былай делінеді: «Сендерге, оған тұрақтауларың үшін өз жыныстарыңнан жұбайлар жаратып, араларыңа сүйіспеншілік, мейірімділік пайда қылғандығы да Оның белгілерінен…..» («Рум» сүресі, 21-аят).

Әйел – бір қолымен бесікті, екінші қолымен әлемді тербететін нәзік жандылар. Мұнан түйеріміз, әйел отбасымен қатар қоғамға да тірек бола алады. Бала тәрбиесі – ең үлкен жауапкершілік. Демек, иманды, ибалы ұрпақ өсіру арқылы да әйелдер қоғамның негізін қаласады.

Бір сахаба Пайғамбарымыздан (с.ғ.с.): «Иә, Алланың Елшісі (с.ғ.с.)! Әйелдің ерінің алдында қандай құқығы бар?», — деп сұрағанда: «Сен өзің тамақтанғандай тамақтандыр, өзің киінгендей киіндір, бетінен ұрма, дөрекі сөз айтпа, оны тастап үйіңнен кетпе», — деп жауап берген.

 Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) былай дейді: «Әйелдеріңді ренжітпеңдер. Ол – Алла Тағаланың сендерге аманаты»; «Үйінде (жетім) балалардың тәрбиесімен айналысып жатқан әйел жәннатта менімен бірге болады». Тағы бір хадис шәрифте былай деген: «Дүние – өткінші пайда ғана. Оның пайда тигізетін ең қайырлы жаратылысы – ізгі әйелдер».

Қарап отырсақ, Алланың заңдылығын көрсететін асыл дініміз әйелдердің абыройын мейлінше асқақтата көтерді. Имандылық тәрбиені негіз еткен біздің бабаларымыз да қыз баласын арлы, ибалы етіп тәрбиелеп өсірді. Тіпті, әрбір қазақ баласы ақ жаулықты аналарын ардақтап, тәрбиенің қайнар көзі болған әжелер мектебінен тәлім алды. Сайып келгенде, қыз баланы құрметтеу, әйелдерге қамқорлық таныту, аналарды үнемі алақанда ардақтау – ислам дінінің адам баласына көрсеткен бірден-бір сара жолы.

Қайырбек ОТЫЗБАЕВ,

«Иманғали» орталық мешітінің наиб имамы,

Атырау қаласы.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button