Жарнама
Қоғам

Әйел барда – әлем бар

            Елімізде гендерлік саясаттың 2030 жылға дейінгі бағдарламасы жасалғаны белгілі. Оның аясында әйел-аналардың қоғамдағы рөлін арттыру шараларымен қатар, барлық деңгейдегі қамқорлық та көрсетіліп келеді. Бүгінгі қоғамдағы әйел үйдің де берекесін кіргізіп, отбасы қам-қарекеті, балалар тәрбиесімен қоса ел игілігін арттыруда берекелі ісімен ел болашағын баянды етуге телегей-теңіз үлес қосып отырғанын айтуға тиіспіз.

«Ұл – түтін, қыз – күтім»

            Осындай келелі мәселелерді ортаға салып, көтерген іс-шарада облыс әкімі аппаратының басшысы Нұрлыбек Жеңісбекұлы «Жалпы әйел жүрген жерде романтика қатар жүреді. Әйел деген «философияның астында жүректі жібіту» деген үлкен ұғым жатыр. Себебі дүниеге қыз баласы келген сәттен бастап тас жүректерді жібітетін үлкен бір құбылыс пайда болады. Қызы бар үйде жұмсақтық, нәзіктік, сонымен қатар әрқашан мейірімділік болады» деген еді. Расында, бала табиғатын тану, оны түсіну, ретімен еркелету, шынайы, ашық қарым-қатынас құру, бойындағы бар ерекшелікті көріп, қабілетін дамыту, жол көрсету, ынталандыру – бауыр етінің, ұрпағының ертеңі үшін алаңдайтын парасатты ата-ананың игілікті әрекеті.

            – Мен өзімнің тәжірибемде әскери адамдардың балаларының қатал тәрбиеде болатындығын байқадым. Яғни, өздеріңіз білесіздер, әскери адамдар қатал болады, арнайы бір тәртіппен жүріп-тұрғанды қалайды. Олардың жұмысы да соны талап етеді ғой. Сол секілді үйге барған кезде кейбір ата-ана бейсаналы түрде өзінің баласына сол жұмыстағы іс-әрекетті, мінезін көрсетеді. Алайда, балаға ата-ананың мамандығының ешқандай маңызы жоқ. Сондықтан әр ата-ана үйге кірген кезде жұмыстағы образын сол жерде қалдырып, ата-ана ретінде баласына жылулық пен мейірім бере білуі қажет, — дейді отбасы психологы Мөлдір Тоқжанова.

Қазақ – қашан да даналығымен дара халық. Отбасында ұл тәрбиелей отырып болашақта жердің иесін тәрбиелейтінін, ал қыз тәрбиелей отырып, ұлтты тәрбиелейтінін болжаған, сезінген.

            – Халқымыздың ғасырларға созылған азаттық жолындағы көтерілістерде өр де өжет әйел-аналардың, қаракөз қыздардың қатысқандығы тарихтан белгілі. Аналық тұлғасы мен іскерлік көрегендігімен көзге түскен Бопай, Назым, Айғанымдар бүгінгі жаһандану заманында да үлгі болатын тұлғалар. Қыз бала тәрбиесі – ұрпақ тәрбиесі десек, қазақ қызының тәрбиесі туралы сөз қозғағанда тарихтағы әйел, ана тұлғаларды ұлықтап, насихаттаған артық емес болар,-деген Еуразия ұлттық университетінің философия кафедрасының оқытушысы, философия ғылымдарының кандидаты, профессор Айгүл Тұрсынбаева қыз тәрбиесінің тәлімді болуына ата-ана ғана емес, бүкіл ауыл, ел-жұрт жауапты екенін айтады. Бауыржан Момышұлының келіні Зейнеп Ахметова өзінің «Бабалар аманаты» атты кітабында «Қазақ қазақ болғалы қыз сыйлаған, қызын алқалаған текті халық еді. Сандығында кілті жоқ жомарт қазақ сол жомарттығын алдымен қызына жасаған. «Ұл – түтін, қыз – күтім» деп қызға жақсыны кигізіп, дәмдіні жегізіп, жорғаны мінгізген. Үйдің оң жақ төріне отырғызған. Тұрмысқа шықпаған қызды «оң жақтағы қыз» дейтіні сондықтан. «Ұрыс-керіс естіген қыздың мінезінің мәні болмайды» деп, қыз көзінше өрескел, бейпіл сөз сөйлемеген, анайы қылық көрсетпеген. «Бақыты байланады, жолы кесіледі» деп қызға қол көтермеген. Тіпті, отырған қыздың аяғынан аттамаған. Мұны кесір деп түсіндірген. Өйткені, еркектің де, әйелдің де тарайтын түбі – қыз» деп жазады. Міне, сондықтан да ұлттық болмысымызды сақтағымыз келсе, қыз тәрбиесі қашан да бірінші орында болуы маңызды.

«Тәрбие отбасынан басталады»

Ешкім оқып, тәрбиелі болмайды. Тәрбиені көру керек. Иә, отбасында, өз ұясында әке мейірімінен құрышын қандырып, ана сүтінен нәр алып, «әке ұлағаты» мен «ана тағылымын» көріп, «ұят болады» мен «обал боладыны» естіп өскен ұрпақ елін, жерін, халқын сүйетін, елінің болашағын, халқының қамын ойлайтын, жоғын жоқтайтын, парасатты, ой-өрісі кең, дүниетанымы жоғары, жан-жақты, білімді де білікті, ұлтжанды тұлға болып қалыптасады. Өйткені, тәрбие талбесіктен басталады. Саналы ғұмырын мемлекеттік қызмет саласына арнаған қоғам қайраткері, Атырау облысының Құрметті азаматы Рәшила Мүрсалиеваның пікірінше, қазіргі заманда оқыту мен тәрбиенің табысты болуы ата-аналардың тәжірибесіне, кәсіби шеберлігіне, мәдениетіне, ынтымақтастығына, отбасында бір-бірін түсінушілігіне, өзара қарым-қатынасына, көзқарастары мен мақсаттарының бірлігіне байланысты.

– Тәрбие баламен сөйлесумен, әңгімелесумен, оған ақыл-кеңес берумен ғана шектелмейді. Тәрбие – тұрмысты дұрыс ұйымдастыра білуде, балаға әркімнің өз жеке басы арқылы үлгі-өнеге көрсетуінде. Отбасындағы бала тәрбиесі халық өмірімен, қоғамның мақсат-міндеттерімен байланысты болуы керек. Мен академиктің шаңырағында өмірге келгенім жоқ. Қарапайым қазақ отбасында өстім. Қоғамға сіңірген азды-көпті жетістігім болса, ата-анамның отбасындағы тәрбиесінің жемісі. Білім алдым, еңбек еттім, тұрмыс құрып, ана атандым, — дейді ол. Оның айтуынша, жастардың арасында ұлттық тәрбиені насихаттап жүрген жандардың кім екенін білу қажет.

«Әйелсіз ер жоқ, ерсіз әйел жоқ»

«Әйел – бір қолымен бесікті тербетсе, екінші қолымен әлемді тербетеді». Мұның астарында әйел адамның кез-келген ауқымды істерге араласа алатынын аңғартатын мағына жатыр. Өйткені, қоғамның түрлі салаларындағы жетістіктерде әйелдердің үлесі оразан зор. Қоғам қайраткері Рәшила Қабиқызының пікірінше, Құдай әуелден адамды тең қылып жаратқаннан кейін қоғамда да тең болу қажет. Әйелсіз ер азамат жоқ, ерсіз әйел жоқ.

            – Иә, әйелді түсіну оңай емес. Ол бағасын білгенге – патшайым, бағаламайтындар үшін жай ғана дәрменсіз тіршілік иесі. Қазақ әйелдің атқарған қызметіне, қоғамдағы алатын орнына еш уақытта бейжай қарамаған. Ұлы Отан соғысы жылдары тылда қызмет еткен әйелдер қара нардың жүгін көтеріп, отбасымен қоса бүкіл елді асырады емес пе? Әйелдердің еңбекке араласуы, ерлердің еншісіндегі істерді олардан кем орындамайтынын сол тылдағы нәзікжандылар дәлелдеп кетті. Сол себепті де, қоғамда болып жатқан әр іске ойын білдіруге, пікірін қосуға құқығы мол. Өйткені, ол сені дүниеге әкелді. Сенің амандығыңды тілеген ананың қоғамдық процеске араласуына хақы бар.

Қоғамдағы істерге араласып жүрген әйелдер – мықты жандар. Әрбір адамның өмірге келгендегі міндеті, ол әйел не ер азамат болсын, іске икемділігінің арқасында тек жеке мүддесін ғана емес, от басын, Отанын, тіпті бүкіл адамзаттың гүлденуіне атсалысу. Әйел қақ ты ғыс емес шешім іздейді, өзін ақылды не үнемі дұрыс қылып, кек алу немесе қарсыласын жою ға ұмтылады. Керісінше, ымыраға келіп, бәрін орнына қоюды көздейді. Қазақ әйелі ешқашан ерлерін төмендеткен емес. Отбасындағы келісім, саясаттағы табыстың құпиясы да осында,-дейді Рәшила Мүрсалиева.

            Иә, айтса айтқандай, нәзікжандылар заманның  қай кезеңдерінде де қоғамнан ажыраған емес. Оны тарих беттеріндегі аналарымыздың қоғам мүшесі ретінде өзінің әлеуетін, қай салада болмасын, қоғам қайраткерлері ретінде дамытып отырғанын білуге болады. Қазақи ортада өмір сүре отырып, өз жеке басынан гөрі қоғам мүддесін жоғары ұстаған халқымыздың дара тұлға нәзікжандары қанша ма?! Мәселен, Шоқан Уәлихановтың әжесі, Уәли ханның жары, алты тіл білген Айғаныммен патшаның өзі ақылдасып отырғанын тарихтан білеміз. Сібір қазақтары туралы жарлық шығарарда патша қазақтарға мейлінше ықпалды болған Айғаныммен санасқан. Оны халық арасында «ақ патшайым» деп атаған.

            Әйелдің жолы қасиетті екенін ел арасына таралған осындай аңыздардан да аңғаруға болады. Оның үстіне, бүгінгі нарықтық қоғамда, көптеген отбасында тек ер адамның табысы жете бермейді. Ерлі-зайыптылардың қатар жұмыс істеуін талап етеді. Әйелдердің соңғы уақытта қоғамдық жұмысқа етене араласа бастағаны байқалады. Мемлекеттік қызметтерде де нәзікжандылардың салмағы айтарлықтай артып келеді. Мемлекет ісінде жоғары, жауапты қызметтер атқаратын әйелдер қауымы өздерінің білікті басшылығымен ерекшелініп қана қоймай, Отанымыздың жетістіктеріне де тың дем беруде.

Рита ӨТЕУҒАЛИ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button