Жарнама
Қоғам

Әйел араласқан істе береке бар…

Отбасы күні аясында нәзікжанды ауыл кәсіпкерлері бас қосты. Атырау облысы әкімі жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия мен облыстық Іскер әйелдер қауымдастығының бірлескен шарасы кәсібімен қатар үйдің ұйтқысы болып, қоғамда өз орнын алған нәзік жандарға арналды.
Модератор «Атырау облысы Іскер әйелдер қауымдастығы» қоғамдық бірлестігінің төрайымы, кәсіпкер Фатима Төлеева қолға алған кәсібін кеңейтіп, әр ісін тыңғылықты жүргізетін кәсіпкер әйелдер біздің өңірімізде де аз еместігіне көпшіліктің назарын аударды.
–Бұл жыл басында жоспарланған ауқымды шараның бірі болуы керек еді. Алайда, өңірдегі төтенше жағдайға байланысты форумның форматын өзгертуге тура келді. «Әйел – қырық шырақты» деген халық емеспіз бе, қыз-келіншектер қиындыққа мойымай, жағалауда бөгет соғып жүрген еріктілерді ас-ауқатпен, басқа да керек-жарақтармен қамтамасыз етуге үлес қосты. Отбасының берекесін ұйытып, бала өсіріп, жар күтетін әйел – ел экономикасына үлес қосу бағытындағы ауқымды жұмыстарда өте белсенді екенін айту керек. Әсіресе кәсіпкерлік жұмыстарында бақтары мен іскерлігін ұштауда қыз-келіншектер тартынып жатқан жоқ, — деді Ф.Төлеева.
Қыз-келіншектерге табысқа жетудің жолын көрсетіп жүрген «Атырау әйелдері» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Нұрлы Әйтиева, Аграрлық несие корпорациясының Атырау облысы бойынша филиалының директоры Гүлзада Шалағұлова, Ақтөбе облысы әкімі жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия мүшесі Кулшат Масалимова ой-пікірлерін ортаға салды. Олар «Ауыл әйелі – елдің тұрақтылығы мен әл-ауқатының факторы» деген ортақ тұжырымға келді.
Ал, Исатай ауданы Іскер әйелдері қауымдастығының төрайымы Ақмарал Тахаева мен Еркінқала селолық округінде «Нұр-Дана» жеке кәсіпкерлігінің директоры Бағдагүл Нұрбаева кәсіп бастау тарихын айтып, тәжірибелерімен бөлісті.
Шара қонағы – Түркиядан келген «Ауылдық Қауымдастығы Федерациясының» Президенті Сермин Чакалыоғлы өз еліндегі әйелдерге арналған үкіметтік емес ұйымдардың дамуы, ауыл кооперативтерінің бүгіні мен болашағы жайында әңгіме өрбітті. Ол Түркиядағы қыз-келіншектердің кәсіп бастау қиындығын тілге тиек етіп, «Қазақстанда кәсіпкерлікке мемлекеттік қолдау жақсы дамыған» деп оң бағалады.
Расында, Атырау облысы әкімі жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның инспекторы Зәмзагүл Жалмурзина әйелдерге бизнес әліппесін үйрету, қаржылық қолдау көрсету бойынша әртүрлі бағдарламалар арқылы көмектер көрсетілетінін атап өтті.
–Қай қоғамда болсын әйелдің арқалаған жүгі жеңіл болған емес. Оларға әрдайым қолдау қажет. Өз тарапымыздан кез келген оң бастамаларыңызды қолдауға әзірміз, — деп қорытындылады ол.
Майра ОРАЗҒАЛИЕВА

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button