Жарнама
Қоғам

Әйел. Ана. Қайраткер

Бүгінгі әңгімеміздің кейіпкері туралы бір сөзбен осылай түйіндей салсақ та жарасар еді. Десек те сол түйінді тарқатып, айтар. Ойымызды ширата түсер сәттің орайы келіп тұр. Ол осыдан жетпіс жыл бұрын, елу үшіншінің маусым айының алғашқы күнінде Еділдің бойындағы Астрахан өңірінде дүниеге келіпті. Оның аты-жөні – Жаннат Уахитқызы Асабаева.

Еңбек жолын ауыл мектебінде қарапайым мұғалім болып бастаған ол кейіннен кəсіптіктехникалық училищеде оқытушы, директордың орынбасары, осы салада əдіскер қызметтерін атқарды. Соңынан бұл үрдіс Атырау облысы əкімі жанындағы əйелдер істері жəне отбасылықдемографиялық саясат жөніндегі комиссияның хатшысы, Атырау облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары лауазымдарында жалғасты. Жаннат Уахитқызы 2000 жылы Атырау облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы атқарушы хатшылығының меңгерушілігіне тағайындалды. Осы қызметті он үш жыл бойына табан аудармастан атқарып, осындай теңдесі жоқ азаматтық қоғам институтының қалыптасып, нығаюына, ұлтаралық келісім мен халықтар достығының, ел бірлігі мен іргесінің бекіп, татулық тамырының тереңдей түсуіне ұйытқы болды.

Бұл кезеңде облыста жаңадан 13 этномəдени бірлестік құрылды. Мұның өзі Ассамблея жұмысына жаңаша тыныс, соны серпін əкелді. Сөйтіп, оның бағыт-бағдарының айқындалып, қоғамдағы тұрақтылықтың тұғырлы, тəуелсіздіктің ғұмырлы, этномəдени бірлестіктердің бір-бірімен өзара ынтымақтастықта болуына септесті. Жүректің қалауымен, ынта-жігермен, ыстық ықыласпен, жан-тəнімен беріле жасалған жұмыс қашан да оң нəтижесін, жемісін берері сөзсіз. Осылайша, Жаннат Уахитқызы БАҚ қызметкерлері арасындағы жыл сайынғы «Шаңырақ» шығармашылық конкурсы, «Бірлік» атауымен өткізілетін мəдениет жəне өнер фестивалі, дəстүрлі «Ассамблея аруы» сайысы, сондай-ақ, Атырау жəне Астрахан облысы этнобірлестіктері өкілдерінің қатысуымен ұйымдастырылатын халықаралық достық фестивалі сынды сан алуан шаралардың өз деңгейінде өткізілуіне ұйытқы болды. Осылардың ішінде көршілес қос өңірді мекендеген «тілі басқа тілегі бір» ондаған ұл өкілдері қатысатын өнер мерекесінің маңызы ерек, жөні бөлек.

Ең бастысы, ол достықта ешқашан шекара болмайтынын, дос жүрегінің бірі-бірінен ажырамайтынын паш етті. Айрықшалап айтарлық жайт, 2005 жылы Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылғанына 10 жыл толған болатын. Соған байланысты қазақ жəне орыс тілдерінде шығарылған «Тағдырлары табыстырған халықпыз» (,,Единой связаны судьбой») атты кітап (2006 жылы) жарық көрді. Бұл да Жанат Уахитқызының басшылығымен жүзеге асқан игілікті істің бірі еді. Кейіпкеріміз мемлекеттік қызметте де өзіндік қолтаңбасын қалдырған адам. Атырау қаласы əкімінің орынбасары, мемлекеттік қызметшілердің біліктілігін арттыру жəне қайта даярлау орталығы басшысының орынбасары ретінде жергілікті басқару органдарын құрылымдық жəне кадрлық жағынан нығайтуға елеулі үлесін қосты.

Зейнеткерлік жасына жетіп, құрметті еңбек демалысына шыққасын да саптан қалмай, өмірлік тəжірибесін, білім-білігін кадрларды тəрбиелеуге арнады. Ұстаздық қызметке қайта оралып, Атырау инженерлік-гуманитарлық институтының ұйымдастыру-тəрбие жұмыстары жөніндегі проректоры, осы жоғары оқу орны жанындағы Қазақстан халқы Ассамблеясы кафедрасына жетекшілік етті. Қай салада, қандай қызметте жүрсе де адалдықты, адамдықты алға ұстап, парасат-пайымымен, кішіпейілділігімен, үлкенкішімен тіл табыса білетіндігімен ерекшеленген Жаннат Асабаеваның асқақ адамгершілік қырлары жайында белгілі журналист, БАҚ саласының ардагері Тамара Масимихина былай дейді: «Өз басым Жаннат Уахитқызын жақсы білемін. Адам ретінде ол – мінез-құлқының жайлылығы, кеңпейілділігі мен ақкөңілділігі жөнінен ешкімге ұқсамайтын дара тұлға. Əсіресе, облыстағы Қазақстан халқы Ассамблеясына басшылық еткен кезде ол кісімен қоян-қолтық жұмыс жасап, тығыз байланыста болдық.

Байқағаным, кез-келген мəселеге ұсақ-түйек деп қарамай, бəріне де жете мəн беріп, жіті көңіл бөліп отырады. Мұның өзі екінің бірінде кездесе бермейтін керемет қасиет қой». Осы мазмұндас пікірімен əріптес сіңлісі, қазіргі уақытта облыс əкімі жанындағы əйелдер істері жəне отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның жауапты хатшысы Зəмзəгүл Жалмұрзина да бөлісті. «Егер бір адамды басқаларына үлгі қылып көрсету қажет болса, онда сөз жоқ, ойланбастан Жаннат Уахитқызын ұсынар едім. Себебі, ол кісі бұған қай жағынан да лайықты, өзгелер өнеге тұтуға, көшбасшы деуге тұрарлық тұлға. Апайдың бір басындағы сан алуан қасиеттерді саралап, бағалай келе, біз оны мақтамаймыз. Керісінше, онымен мақтанамыз. Бір сөзбен айтқанда, Жаннат Уахитқызы – адал жар, қамқор əйел, ардақты ана, сүйікті əже, қайраткер» деп түйіндеді ойын ол. Біздің де айтпағымыз осымен сабақтас, үндес еді.

Дəулетқали АРУЕВ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button