АЙДЫН ИЕЛЕРІНІҢ АЙБЫНЫ

Шайбалы хоккейден ел чемпионаты қыза түсті. Маусымның екінші кезеңінде «Бейбарыстың» алғашқы қарсыласы қарағандылық «Бүркіт» командасы болды. Кездесу өз айдынымызда өтті.

Алғашқы күнгі додада Лукаш Хвила екі голдың авторы атанды. «Бүркіт» те өз шабуылдарын үдетіп, жеңіске жетуге барын салды. Соның нәтижесінде қарағандылық ойыншылар Роман Гречанников пен Алексей Грищенко Дэнни Батточиодан айласын асырып, қақпамызға екі рет шайба енгізді. Матчтың негізгі уақытында есеп тең дәрежеде аяқталған соң, ойын овертаймға ұласқан еді. Бірақ, мұнда да жеңімпаз анықталмай, буллит сериясында Ян Макдональд «бейбарыстықтарға» жеңіс сыйлады.
Ал, екінші күнгі кездесуде қарсыластар қақпасына екі рет шайба салынды. Ойынның төртінші минутында «бейбарыстық» Александр Зубков әдемі соққысымен есепті ашса, кейін Евгений Дерябин таблодағы көрсеткішті екі еселеді. Тек содан кейін барып қана ес жиған қарағандылық хоккейшілер Айрат Бадыгеевтың соққысымен ғана жауап қайтара білді. Ойынның соңғы секундтарында қарсыластар қақпашыны тастап, оның орнына айдынға алтыншы ойыншыны шығарды. Алайда, бір хоккейшіге артық ойнаған «Бүркіт» таразы басын теңестіре алмады. Есеп – 2:1.

Бетті дайындаған Айгүл ЕРТІЛЕУ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз