Жарнама
Қоғам

АГРОКЕШЕНДЕГІ АРШЫНДЫ ҚАДАМ

 

Осыған байланысты біздің тілшіміз облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Сырым Мұратұлы РЫСҚАЛИЕВКЕ жолығып, қазыналы өлкеде маңызды саланы өрге бастыру мүмкіндіктері, жаңа инвестициялық жобаларды іске қосуда ат-қарылып жатқан жұмыстар жөнінде сұхбаттасқан болатын.

Сырым Мұратұлы, Мемлекет басшысы әлемдік экономикадағы жаңа жағдайларды ескере келгенде, негізгі бағыт ауыл шаруашылығы өнімдерін және азық-түлік өнеркәсібін дамыту болып саналатынын атап айт-қан болатын. Облыста байырғы атакәсіп – мал шаруашылығын дамытудың бүгінгі жайына тоқтала кетсеңіз.

— Өткен жылдармен салыстырғанда биылғы алғашқы жартыжылдықтың нәтижесі бойынша мал шаруашылығы саласында біраз ілгерілеушілік байқалады. Аймақта   мүйізді ірі қара, қой-ешкі және жылқы малдарының өсімі, өндірілген өнім көлемінің ұлғаюы қамтамасыз етілді. Қазір облыста 670 мыңдай қой-ешкі, 171 мың мүйізді ірі қара, 64 мыңдай жылқы, 32 мыңдай түйе малы бағылады.

Соңғы үш жылда ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерін мемлекеттік қолдауға 22 млрд. теңге бөлінді. Облыстық бюджеттен осы саладағы инвестициялық жобаларға «Атырау» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы арқылы 11,2 млрд. теңге, «ҚазАгро» АҚ арқылы 3,5 млрд. теңге, ауылдағы кәсіпкерлікті дамытуға 5,5 млрд. теңге несие берілді. Сонымен қатар, мал және егін шаруашылықтарын субсидиялауға 1,8 млрд. теңге бөлініп, нәтижесінде шаруашылықтардың техникалық паркі жаңартылып, жаңа технологиялардың енгізілуіне септігі тиді. Егер 2012 жылы облысқа бөлінген субсидия көлемі небәрі 360 млн. теңге құраса, биыл бұл көрсеткіш 1,2 млрд. теңгеге дейін өсіп отыр. Өткен жылы ауыл еңбеккерлерінің күшімен 48,8 млрд. теңгенің жалпы өнімі өндірілді.

Облыста егін шаруашылығын дамыту мақсатында үлкен бетбұрысты байқаймыз. Дихан қауымының жермен жұмысқа ден қойып, өнімін молайтуға құлшыныс білдіруінің себебі неде? Тұрғылықты халықты арзан әрі экологиялық таза өніммен қамтамасыз етудегі шаруадан да хабардар бола отырайық.

— Ашығын айтуымыз керек, жергілікті халық жылдар бойына оңтүстікте, Өзбекстанда өсірілген қияр, қызанақ, бау-бақша өнімдеріне тәуелді болып келгені рас. Сондықтан, көкөніс, бақша дақылдарын, жеміс ағаштарын өз жерімізде өсіріп, өнген өнімді халық дастарханына ұсынудың маңызы ерекше. Қазір осы салаға жаңа технологиялар кеңінен енгізілуде. Осыдан үш жыл бұрын тамшылатып суару тәсілі 413 гектар жерге қолданылса, биыл оның көлемі бір жарым мың гектарға жетті. Сондай-ақ, жылыжай шаруашылығының көлемі екі есеге, алма бағы 60 гектарға ұлғайды. Биыл егіншілеріміз ауа райының қолайлы сәтін тиімді пайдаланып,1540 гектарға картоп, 2,5 мың гектарға көкөніс, 920 гектарға бақша дақылдарын егіп,   өнімдерін жинауда. Олар жерден өнген өнімді сапалы күйінде тұтынушыларына жөнелту қамын жақсы ұйымдастырып отыр.

Облыс нарығындағы тұрғындардың картоппен қамтылуы – 57, құс етімен – 90, сүт өнімдерімен –24, ет өнімдерімен 54 пайызды құрайды.

Осыдан екі жыл бұрын жергілікті тауар өндірушілерді қолдау және тұрғындарды өз өнімдерімен қамтамасыз ету мақсатында фьючерлік келісім-шарт негізінде егін шаруашылығымен айналысатын құрылымдардан екі жылда  он мың тоннадай картоп пен көкөніс өнімдерін қабылдай бастадық. Бұл өнімдер арқылы аймақта тұрақтандыру қорын қалыптастырып, жинақталған өнімдер жалпы сыйымдылығы 19 мың тонна болатын 33 көкөніс сақтау қоймасына жайғастырылды. Бұл шаруа биыл да қолға алынуда.

Сырым Мұратұлы, соңғы үш жылда облыстың агроөнеркәсіп кешені саласында бұрын болмаған тың жобалардың жүзеге асырылып, олар толық қуатында жұмыс жасап жатқандығына жұртшылық куә. Агрокешенді дамытудың биылғы жайы қалай? Индустрияландыру картасы шеңберінде қолға алынған жаңа инвестициялық жобалар туралы не айтасыз?

— Биылғы жылы құны 6,5 млрд. теңге болатын бес ірі жобаны жүзеге асыру міндеті тұр. Атап айтқанда, «Атырау Сауда» ЖШС-нің жылына 100 тонна түйе және 350 тонна қой жүндерін өңдеу және тоқыма киімдер фабрикасы, «Феникс» шаруа қожалығының жылына 25 мың дана консервіленген өнім мен 530 тонна көкөніс салатын дайындау кешені, «Асыл-агро» шаруа қожалығының 7,2 мың тонна ет өңдеу цехы, «Атырау-Бөдене» ЖШС жылына 2,6 млн. дана және 2,4 тонна бөдене етін өңдейтін бөдене фермасы, құны 3, 6 млрд. теңге болатын «Мекен-Чеккен» серіктестігінің жылына 2,6 мың тонна құс етін өндіретін бройлер құс фабрикасы құрылыстары басталды. Аталған жобаларды іске қосу арқылы өңір тұрғындарын өз өнімдерімізбен қамтамасыз етуге болады.

— Мағыналы әңгімеңіз үшін рахмет.

Сұхбаттасқан

Бақытжан ЖҰМАТ.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button