Поэзия әлемінде ойып алар орны бар ақын, аудармашы, Махамбет сыйлығының иегері, Қазақстан Жазушылар Одағы басқармасының батыс аймақтары бойынша хатшысы, ҚЖО Атыраудағы өкілі Әлия Дәулетбаева – өлеңдерімен жұртшылықтың жүрегінен орын алған жерлесіміз. Өлең өлкесінде өзіндік жолы бар, тыңнан түрен салған өзгеше ақынмен кездесіп, көкейіміздегі сауалдарымызға жауап алған едік. Бүгін осы сырлы сұхбатты оқырман назарына ұсынып отырмыз.
– Әлия Бекежанқызы, алдымен Атыраудағы әдеби орта туралы білгіміз келеді?
– Біздің өңір былайғы жұртқа өндірісті аймақ болып көрінгенімен, шын мәнінде қазақ руханиятына қадау-қадау тұлғаларды берген құнарлы топырақ. «Әдебиеттің ақша бұлты» атанған Әбу ақсақалымыздан, Хамит, Жұмекен, Фариза, Меңдекеш, Марат, Есенжол, қос Зейнолла, Сәтімжан, Рахымжан, Табылды сынды жалпы қазаққа жақсы таныс ірі тұлғалар әуелі осы Атырау даласынан қанат қақты.
Қазіргі таңда аймақта Қазақстан Жазушылар Одағының отыздан астам мүшесі, елге белгілі қаламгерлер тұрады. Илья Жақанов, Қадір Жүсіп бастаған ақын-жазушылар легінде «Туған жерге туын тіккен» танымал дарындар бар. Кейінгі жаңа буын, жас толқын ілгеріге қарап бой түзеп, тереңнен тамыр тартып келеді.
– Көркем әдебиет қоғамға қажет пе?
– Француз философы Луи де Бональдтың сөзі бар: «Тілдің адам болмысын танытқаны секілді, әдебиет қоғам болмысын айқындайды». Әдебиет қоғамның өркендеуі үшін, әділет пен ізгілік үшін ықылым заманнан қызмет етіп келеді. Егер сіз жай ғана адамдары кітап ұстап көрмеген немесе оқымайтын қоғам мен кітап оқитын қоғамы бар елді ойша елестетіп көрсеңіз, бәрін сол бойда түсінесіз. Әдебиет жоқ жерде қоғам жансыз, жүрексіз, ойсыз машинаға, сұрғылт қамалға айналады. Ол жерден ізгілікті күндіз шаммен іздеп таба алмайсыз.
– Сіздің ойыңызша әдебиеттің қай саласы кемшін қалып келеді?
– Поэзия – қазақ әдебиетінде о бастан көшбасшы. Соңғы кезде проза жанры өте жақсы дамып келеді. Менің жеке пікірім бойынша, жалпыадамзаттық тақырыптарды көтеруде – драматургия, сондай-ақ сын жанры кемшін қалып келеді. Олардың дамуына белгілі бір деңгейде жағдай жасалуы керек.
– Бүгінгі қазақ әдебиетінде барды бар, жоқты жоқ деп айтатын, қара қылды қақ жаратын, азулы да әділ сын жоқ секілді?
– Бізде сын дегеніңіз, не жалпылай мақтау, не бірегей қаралау болып кетті. Қаламгер шығармасы сыналса, риза болуы тиіс деп ойлаймын. Біріншіден, сіздің шығармаңыз (егер сынаушыңыз әдеби киллер болмаса) сыналып жатса, демек қызығушылық тудырды. Екіншіден шын сыннан қорытынды шығару үшін, кемшін тұсыңды білу үшін сынды барометр деп санау керек шығар. Сыншыда телегей-теңіз терең білім болуы тиіс, ол өз обьектісін жақсы да, жек те көруге құқы жоқ. Ол нейтрал оқырман ретінде қабылдайды. Нағыз сыншыларды айтып отырмын.
Кезінде Сағат Әшімбаев, Зейнолла Серікқалиевтардың сын қаламына іліккен қаламгерлердің бағы бар деп ойлаймын. Кейінгі сыншылардан жуырда дүниеден өткен Әмина Құрманғалиеваларды білемін. Амангелді Кеңшілікұлының шығармашылығын сыйлаймын. Сын жанры шынында да кемшін қалып келеді. Себептеріне үңілсек, менің жеке ойым, кешегі «балапан басына, тұрымтай тұсына кеткен» 90-шы жылдары оның жүлгесі үзіліп қалды, екіншіден біздің менталитетіміз де әсер етеді. Кісінің көңіліне қарау, жасқаншақтық, не өз потенциалына сенбеушілік… Нағыз сыншы осының барлығынан биік тұруы керек және терең кәсіби білімі болуын қосып қойыңыз…
– Қазіргі жастар шетелдік әдебиетті оқуға ынтызар секілді. Оның үстіне «қазақ жазушыларының шығармалары қолжетімсіз, қымбат» деген пікірді естігеніміз бар. Ал, Сіз қалай ойлайсыз?
– Кімді оқыса да, кітап оқығаны қуантады жастардың. Расында да әлемдік классиктерді бұрын орыс тілінде оқитындар көп болатын. Қазір аударма саласы қарқын алып келеді. Ресей баспагерлерінен бірде кем емес сапалы, сәнді кітаптар «Фолиант», «Мазмұндама» т.б. қазақ баспаларынан жарық көріп отыр. Ал, қазақ қаламгерлерінің кітаптарының қымбат болуы – уақытша құбылыс. Мемлекет тарапынан ақын-жазушылардың кітаптарының шығуына үлкен қолдау көрсетіліп келеді. Президентіміздің бастамасымен қолға алынған «Оқитын ұлт» жобасы бар. Жалпы, бұл бағытта Қазақстан Жазушылар Одағымен бірлескен кешенді іс-шаралар жүзеге асатын болады.
– Бүгінде классик пен халтурщик тең деп жүр. «Күшігі кішік, мысығы пысық» халтурщиктердің заманы туып, пиары озып тұрғаны ма? Әлде біздегі әдебиетте «оң» мен «солды» айыратындар жоқ па?
– Халтурщиктер бізге дейін де болған. Бізден кейін де болады. Бұл өзі – гүлдер мен арамшөптердің қатар өсетіні секілді табиғи құбылыс. Бәрін орнына қоятын – мәртебелі Уақыт. Рас, оқырманның талғамы деген бар. Сол төмендеп барады.
– Бізде жаңа толқын бунақ-буынсыз, ұйқасы да тәуелсіздеу өлең түрлерін шығаруға бейім секілді. Бұл заманауи болған түріміз бе, әлде мен әлі күнге ескіліктің елесінен алыстай алмай жүрмін бе?
– Кімнің сөзі екені есімде жоқ, бір өте тапқыр пікір бар еді. «Жазушы басында күрделі, бірақ нашар жазады, шығармашылық сапарының орта тұсында күрделі әрі жақсы жазады, ал кемелденгенде қарапайым әрі керемет жазады» деген секілді ой… Әрбір жас дарын жаңа талап кезінде форма іздейді, әлдебір тұлғаға, яки әдеби ағымға еліктеу деген болады. Нағыз дарын ақырында өзін табады. Әдебиеттегі жаһандануды өзім дұрыс қабылдаймын.
Мұқағалидың:
«Ақынмын деп мен қалай айта аламын,
Халқымның өз айтқанын қайталадым.
Күпі киген қазақтың қара өлеңін,
Шекпен жауып өзіне қайтарамын» деп келетін жыры бар ғой. Менің өз болмысыма қазақтың қара өлеңі жақын. Мен үшін әлемдік әдеби үрдістерді қарастырған кезде, қазақ поэзиясына жететін ештеңе жоқ. Ал, прозада сөз басқа. Идеализациядан қашық тұрған, көркем шындықтың концептуалды үлгісін терең меңгерген жастарды көргім келеді.
– Біреу айтып еді, «әдебиетте махаббаттан басқа тақырып жоқ» деп. Жас қаламгерлердің шығармаларының сұраныста болмауына не себеп? Жарыққа үймелеген көбелектей, бір тақырыпты ғана жырлап, «күйем-сүйемнен» алыстай алмай, оқырман сұранысына мүлде сай келмей жүр ме?
– Жас қаламгерлердің шығармалары сұранысқа ие емес дегенге келіспеймін. Махаббат туралы да… Махаббат – барлық шындықтың бастауы. Әрбір махаббатты жырлаушы, егер ол дарынды болса, құдайлық махаббатқа жетеді. Нағыз жазушының, нағыз ақынның бойында құдайлық махаббат оянбаса, басқасы далбаса.
Бұрын ұлы Фариза апамыздың жырлары қазақтың қыз-жігіттерінің жүрегіне жол тапса, бүгінде Қалқаманның, Ақбереннің, Танагөздің, Бақытгүлдің жырлары күллі оқырманға жақсы таныс және осы махаббат лирикасы арқылы таныс. Атырауда Асланбек, Нұртай, Нұрай деген тамаша жас ақындар бар. Олардың шығармашылығын жоғары бағалаймын.
– Қазір роман, новелла, әңгімелер қысқа жазылуы керек деп жүр. Оқырманды жалықтырмау үшін екен-мыс. Шолақ қайырылған дүние шөл қандырмай қалмай ма? Әлде оқырман ойымен орайласқан дұрыс па?
– Чеховтың «Краткость – сестра таланта» дегенін естіген шығарсыз. Даңғайыр трилогиялар, эпопеялардың заманы өтті дегенге келісе алмаймын. Рас, соңғы кезде көлем жағынан кішірейіп барамыз. Меніңше, мұның бірінші себебі – уақыттың тапшылығы, соған сай қаламақы мәселесі. Бұрын жазушы үлкен көлемді дүние жазса, соған сай қаламақы алып, кеткен уақытының есесін артығымен толтырушы еді. Азаттық алған отыз жылда ірі дүниелердің тууына осы кедергі болды деп ойлаймын. Ешқандай материалдық табыс әкелмейтін нәрсе үшін жылдап уақытыңды сарп ету тек жанкештілердің қолынан келетін шығар. Соңғы жылдары роман жанры қалыс қалып қойды. Осының орнын толтыру үшін түрлі әдеби байқаулар ұйымдастырылып жүр. Жалпы, оқырманның уақытын ұрламайтын қысқа дүниелер прозада жақсы жазылып келеді.
Біздің Бақытгүл Сармекованың әңгімелері повестің жүгін көтеріп тұрады. Тағы сондай дарынды жазушылар бар қазір. Әдебиет оқырманды тәрбиелейді ғой. Қысқа шығармаға үйретсең де, көлемді дүниеге көзін үйретсең де, солай дағдыланып кетеді. Қазіргі гаджеттердің заманында аудиокітаптар жақсы сұранысқа ие болып келеді.
Жалпы, бізде қазіргі ең қат дүние – уақыт. Поэзиядағы көлемге келер болсақ, ол да сондай нәрсе. Үш шумаққа сияр ойды отыз-қырық бет дастан қылатындар кездеседі. Себебі, үш шумақтың ой көркемдігі мен дастанның ой көркемдігін шеберлік тұрғысынан салыстырар болсақ, алдыңғысының жүгі әлбетте ауыр. Ой мен көркемдік қатар келіскен поэмалардың аты-жөнін оқырман менсіз де біледі ғой.
– Алтын уақытыңызды бөліп, сауалдарымызға әдемі жауап бергеніңізге рахмет!
Сұхбаттасқан Рита ӨТЕУҒАЛИ