Адасудың ақыры
Жақында алматылық полицейлер «Діни алауыздықты қоздырды» деген күдікке ілінген азаматты ұстады. Исламның атын жамылған «хаддадизм» бағытын (теріс ағым) белсенді таратушылардың бірі саналатын бұл жігіт Атыраудың тумасы екен. Аталған ағымды ұстанушылар арасында «Әбу Мұстафа» лақап атымен мәлім.
Ресми дерекке сүйенсек, кезінде Атырау қаласындағы Авангард ықшамауданында туып-өскен бұл жігіт мектепте айтарлықтай жақсы оқымаған. Мектепке бірде келіп, бірде келмейтін оның сабақ үлгерімі туралы айтудың өзі артықтау. Десе де, өздігінен «ағартушы имам» атын меншіктеген оның бастапқыда дінді насихаттауы мектепте бірге оқыған жолдастарының таңданысын туғызған екен.
Қауіпсіздік органдары хаддадизм деструктивті ағымының Атырау тұрғындары арасында 2015 жылы тарала бастағанын айтады. Бұл ағымды негізінен Біріккен Араб Әмірлігінде «білім алғандар» насихаттайды. Хаддадизм ағымының Атырау жерінде таралуына Әбу Мұстафаның түрлі әлеуметтік желілерде жариялаған аудиожазбалары әсер еткен.
Хаддадизмді насихаттаушы Әбу Мұстафаның үгіт-насихаттарының барлығы дерлік өзгелерді айыптаудан тұрады десек, еш қателеспейміз. Оның пікірінше, «хаддадизм» ағымын ұстанбайтындардың барлығы «бидғатшы», яғни, дінге жаңалық енгізушілер. Ол сондай-ақ, өзінің соңынан ерушілерді исламдағы бірде-бір мәзһабты мойындамауға үгіттейді. Оның пікірінше, ресми мүфтияттың, яғни, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының қызметкерлері де «бидғатшылар». Ата-анамен бірге тамақтанбау, туыстармен байланысты үзу, хаддатшыларды қолдамайтындармен мүлде қарым-қатынас орнатпау сияқты Әбу Мұстафа шығарған «үкімдердің» нәтижесі псевдодіни сенімін хаддадистік бағытқа өзгерткендердің мешітке барудан түпкілікті бас тартуына дейін алып келген.
«Олар мүфтияттың ресми өкілі саналатын имамдардың уағызын тыңдаудан түпкілікті бас тартқан. Көп жағдайда жекелеген үйлерге жиналып, жұма намазын оқиды. Олардың ішкі үгіт-насихат жұмыстары да осындай оңашаланған орталарда өтеді. Сол себепті бұл ағымды ұстанушылар салыстыру мүмкіндігінен айырылып отыр», — дейді мамандар.
Қауіпсіздік органдары таратқан мәліметтерге қарағанда, хаддадизм ағымын ұстанушы атыраулықтар арасында кезінде бір жігіт отбасын тастап, Сирия соғысына кеткен. Соңғы деректерде оның жат жерде жан тапсырғаны айтылып жүр.
«Мәзһаб атаулының барлығын «бидғатқа» балайтын бұл ағымды ұстанушылар дінді сақал өсіру мен балақ қысқарту шеңберіне сыйдырып қойған. Ықылым заманнан бері халқымызда жалғасып келе жатқан келіннің ата-енесіне сәлем салу дәстүрін «Аллаға серік қосу» деп айыптайтын хаддадиттердің діни білімі терең деуге болмайды», — деп пікір білдірді мамандар.
Исламды қараңғылық, түнек ретінде насихаттап жүрген хаддадиттердің бірі болған жігітке қазіргі таңда Қылмыстық Кодекстің 174-бабымен, яғни, «әлеуметтiк, ұлттық, рулық, нәсiлдiк, тектік-топтық немесе дiни алауыздықты қоздырды» деген айып тағылып отыр. Қырықтың қырқасына шыққан оның ендігі тағдырының қалай болатыны белгісіз…
Сіз не дейсіз?
Мұхиддин ОМАРОВ, «Шапағат» деструктивті ағымдардан жапа шеккендерге көмек орталығының теологы:
Олар астыртын саясатты ұстанады
– Хаддадиттер астыртын саясатты ұстанады. Олар мешітке бармайды. Мешітке баратын жамағатпен ешқандай байланысқа түспейді. Бұл қауымның тағы бір белгісі – көп жағдайда жалған сөйлеу. Құран аяттарын, хадистерді өз пайдасы үшін бұрмалап, теріс сөйлеуге әбден дағдыланып кеткен.
Баян Жанұзақова