Жарнама
Қоғам

Адамша сөйлейтін ит

Жер жүзінде бүгінде иттің 400-дей тұқымы мәлім. Тұқымына қарай бірнеше топқа бөлінетін үй жануары өз ішінде күнделікті тұрмысқа қарай тағы да жіктеледі. Аңшы және күзет иттеріне қарағанда, сән үшін үйде ұстап, қолға үйретілген декоративті иттердің де түрі көп. Әсіресе жапон жұрты үшін ғана емес, күллі әлемге адалдықтың айнымас нышаны ретінде таныс жануар – хатико туралы дүйім жұрт хабардар. Ақылымен де, достыққа адалдығымен де тарих бетінде аты қалған бұл жануар акита-ину тұқымына жатады. Хатико тек дене күшімен емес, жан дүниесінің тереңдігі, иесіне деген шексіз беріктігімен ерекшеленетін сирек жаратылған көрінеді.

Көпшілік біле бермейтін қызықты жайт – бүгінде осы тұқымның ұрпағы Атырау жерінде де бар. Есімі де ерекше – Нұргүл. Ол қала өмірінің бір бөлшегіне айналып үлгерген. Ол жайында толығырақ білмек ниетпен біз иттің иесі, Атырау қаласының тұрғыны Нұрбол Қамиевпен арнайы кездескен едік.

– Бір айлық күшікті маған досым сыйлады, — деді ол. – Бастапқыда оның тұқымы жайлы хабарым болған жоқ. Біраз ізденіп, түрлі дереккөздерді қарап отырып, күшіктің жапондық акита-ину тұқымына жататынын білдім. Демек ол адалдығымен әлемге танымал Хатиконың тұқымы. Мұны білген соң мен бұл жануарды жай асырап қоюмен шектелмей, оны өзіммен тіл табысатын, сенімді серікке айналдыруым керектігін түсіндім.

– Әдетте қазақ итке Ақтөс, Тұйғын, Құтжол сияқты есімдерді қояды. Ал, сіздің итіңіздің есімі де өзгеше екен…

– Құжат жүзінде есімі Николь болатын. Бір күні Жайық өзенінің жағалауында серуендеп жүргенімде бір топ жас итке қарап: «Мынау Нұргүлге ұқсайды ғой» деп, өзара әзілдесіп бара жатты. Олар күн сайын жағалауда менімен жолыққан сайын итімді үнемі «Нұргүл» деп қалжыңдайтын. Кейін Нұргүл есімді қыз-келіншектер жолығып, кәдімгідей ренішін білдірді. Мен оларды ренжітпеу үшін: «Әзіл үшін айтқан едім», — деп құтылатын болдым. Сөйтіп, менің итім ел арасында «Нұргүл» деген атпен танылды.

– Нұргүлдің тәрбиесі туралы айтып өтсеңіз. Қалай үйреттіңіз?

– Жануарларға деген әуестік бала кезімнен қалыптасқан. Әкем әрдайым үй жануарларына ерекше құрметпен қарап, оларды жақсы көретін. Сол тәрбие маған да дарыды. Ит үйретуді алғашқылардың бірі болып қолға алған әкем жануарлардың тілін жақсы түсініп, көңіл-күйін сезеді және қажетті әрекеттерін дәл табады. Нұргүлді де қарапайым бұйрықтардан бастап, тамақ ішу тәртібіне дейін жүйелі түрде үйреткен сол кісі. Кейін бұл істі өзім әрі қарай жалғастырдым.

Шынында да, ит асырау – оған тамақ беріп, серуендетуден әлдеқайда күрделі әрі жауапты іс. Жануармен адамша қарым-қатынас орнатып, оның психологиясын түсіну, әрбір қимылына мән беріп, соған сай дұрыс әрекет ету керек. Нұргүлді тәрбиелеу барысында арнайы ит тәрбиесіне арналған әдебиеттермен терең таныстым. Бұл кітаптар тек теорияны емес, практикалық әдістерді де қамтиды. Итті тек бұйырып, күштеп емес, ғылыми негіздер мен жануардың психологиясын ескере отырып үйреттім.

Айтқанды екі етпейтін өте тәртіпті, сабырлы, әрі жан дүниесімен адамға жақын Нұргүлдің мінезі жайдары, ешқашан ызаланып, мінез көрсетпейді. Тамақ ішкенде де шашып-төкпей, бәрін тәртіппен істейді. Балалар тәрбиеленіп жатқан арнайы мекемелерге, оңалту орталықтары мен интернаттарға арнайы шақырту алып, Нұргүлмен бірге жиі барып тұрамыз.

Атыраулықтар Нұргүлді жақсы таниды. Көшеге шыққанда, оны танып амандасатындар көп. Көпшілігі «Хатико қайда бара жатыр?» деп әзілдейді. Бір ғана иттің қала тұрғындарының жүзіне күлкі ұялатып, балаларға қуаныш сыйлап жүргені – мен үшін шынайы бақыт.

– Сіздің пікіріңізше, ит пен адам арасындағы бұл үндестік қалай қалыптасады?

– Иә, сұрағыңыз орынды. Меніңше, осындай ерекше үндестік тек үйретумен қалыптаспайды. Бұл – жүректен шыққан қарым-қатынас, күн сайын бірге өткізген сәттердің, сенім мен мейірімнің нәтижесі. Бұған дейін де асыраған бірнеше иттің әрқайсысының өз мінезі, өз орны болды. Бірақ ешқайсысы соншалықты жақын болған жоқ. Нұргүл менің әр тынысымды, көңіл-күйімді сөзсіз-ақ сезе біледі. Оның мұндай қабілеті туа біткен болса да, арамыздағы терең байланыс бірден пайда болған жоқ, уақытпен қалыптасты.

Ит иесіне қарап қалыптасады. Егер сен оған шын ықыласпен қарасаң, мейіріміңді аямасаң, ол да соған лайық жауап қайтарады. Мен Нұргүлге ешқашан «жануар» ретінде емес, бір тірі жан ретінде, тіпті дос ретінде қарадым. Соның көрінісіндей, ол менің ойымды оқып, адамша сөйлеп тұрғандай көрінеді.

– Нұргүлге қызығып, сатып алғысы келгендер болды ма?

– Уақыт өте келе Нұргүлді байқап, қызығып, сұрап келгендер аз болған жоқ. Бірі көлігін ұсынып, енді бірі қомақты ақша беріп, сатып алғысы келді. Дегенмен итті шын жақсы көрмейтін, оған жауапкершілікпен қарай алмайтын адамның қолына түскен иттің бағы ашылмайтынын түсіндім. Мұндай жануар иесінен мейірім көрмеген соң ішкі күйзеліске түсіп, азып-тозып кетеді.

Кейбір адам итті тек күзетші, сән үшін немесе уақытша ермек көреді. Ал шын мәнінде ит – сезім иесі. Сол себепті, Нұргүлді кез-келген адамға бере алмаймын. Егер сондай сәт туа қалса, оны жан-жақты танып, шын мейірімді екеніне көзім жетпейінше шешім қабылдамас едім. Тіпті келісім берсем де, қайта-қайта хабарласып, жағдайын бақылап отырудан қашпаймын.

– Болашақта қандай жоспарыңыз бар?

– Енді оны балалармен жұмыс істейтін жобаларға, мүмкіндігінше арнайы шараларға қосқым келеді. Оның адаммен, әсіресе балалармен қарым-қатынасы арқылы мейірімділік пен сүйіспеншіліктің қаншалықты маңызды екенін көрсетуді ойлаймын.

Ит асыраудың мәдениеті мен оған деген жауапкершілікті насихаттайтын қоғамдық жұмыстарға да атсалысуды жоспарлап отырмыз. Бұл жұмыстар адамның жануарларға деген көзқарасын өзгертіп, қоғамда үй жануарларына хайуан деп қарамай, қорғауға және дұрыс күтім жасауға қатысты мәдениетті қалыптастырады деп ойлаймын.

– Арнайы уақыт бөліп, адамның сенімді серігі жөнінде толымды ақпарат бергеніңіз үшін рақмет!

Сұхбаттасқан  Тоғжан ЕРМЕК

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button