АДАМГЕРШІЛІК ТӘРБИЕСІНІҢ НЕГІЗІ
Мектеп бітіргеннен кейін ұшқыш болуды армандап, алайда, жанұя жағдайымен бармай қалған бас кейіпкер Украинаның Днепродзержинск қаласындағы орта арнайы білім беретін оқу орнына өзі сияқты жастармен бірге аттанады. Украинадағы ұмытылмас естеліктердің өзінен Елбасының жастайынан ақынжанды, сезімтал болғанын көруге болады. Өте намысқой, жігерлі бозбала қатарының алды болады. Сөйтіп, қазақ деген халықтың атына кір жұқтырмауға тырысады.
Сол кезеңдегі оқиғалар, әсіресе, 1986 жылғы желтоқсан туралы сұхбатты тебіренбей оқу мүмкін емес. Алаңға шыққан жастардың ыза-кегі жанартаудай атылған сәттерде Елбасының да қайраткерлік тұлғасы саяси сахнаға шықты. Халқын жанындай жақсы көретін ол 1990 жылы Қазақстан Республикасының Президенті болып сайланып, халық қолдауына ие болады. Осы кезден бастап, халық үшін жанын шүберекке түйген Нұрсұлтан Назарбаев өз елін әлем халқына таныстыруды, ол үшін алдыңғы қатарда экономикасы қарыштаған елдермен иық теңесіп тұратындай жағдайға жеткізу керектігін басты мақсат етіп алдына қойды.
Менің айтайын дегенім, бұл кітапты оқушыларды адамгершілікке тәрбиелеуде таптырмайтын оқулық ретінде мектептерге таратқан жөн. Оқушылар Елбасының бала кезінде қандай болғанын, қалай өсіп, жетілгенін көрсін. Сөйтіп, олар да осындай болсам деп армандап, өзін- өзі тәрбиелер еді. Елбасының отбасы, ата-анасы, бауырлары, достарымен қарым-қатынастарының өзі жас ұрпақтар үшін тәрбие мектебі дер едім.
Гүлназ ШАЛТАЕВА, №34 Атырау лингвистикалық мектеп-гимназиясының мұғалімі.