Адам құқықтарын қорғауда жаңа бастамалар қолға алынуда
Облыстық тарихи-өлкетану музейінде Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің Атырау облысы бойынша өкілі Амангелді Абдолов ардагерлермен кездесу өткізді. Іс-шараны облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұрат Өтешов ашып, жүргізді.
Кездесу барысында Амангелді Абдолов адам құқықтарын қорғау мәселелеріне тоқталып, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғаудың маңыздылығын атап өтті.
–Адам құқықтары – бұл адамның өз мүдделерін заң шеңберінде жүзеге асыру мүмкіндігі. Іс-шараның басты мақсаты – азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау, сақтау және құрметтеудің мемлекеттік кепілдігін қамтамасыз ету. Сонымен қатар, Адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталықтың Атырау облысы бойынша өкілдігі мемлекеттік аппараттың тиімді қызмет көрсету критерийлерін қалыптастыруды, оның беделін арттыруды көздейді. Елде жүзеге асырылып жатқан «Заң және тәртіп» қағидаттарын ілгерілету арқылы қоғамның мемлекеттік саясатқа деген сенімін нығайту да маңызды бағыттардың бірі. Бүгін біз осы саладағы атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарларымызды талқылайтын боламыз, — деді А.Абдолов.
Кездесуде ардагерлер кеңесінің құрамы өңірдің әлеуметтік дамуына үлес қосқан, адам құқықтары мен бостандықтарын қорғау саласында мол тәжірибесі бар ардагерлермен толықтырылды. Жиын барысында Мұрат Өтешов ардагерлердің мәжіліс мінберінде көтерілген мәселелерге тоқталып, олардың шешілу жолдарын талқылады.
Бұл кездесу аға буын өкілдерімен пікір алмасып, олардың тәжірибесін қоғамның игілігі үшін қолдануға бағытталған маңызды басқосу болды.
Тоғжан ЕРМЕК
Суреттерді түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ