
Адалдық пен сенім – берік отбасының негізі
Қазақ «Отан – отбасынан басталады» дейді. Шынында да, елдің ынтымағы да, берекесі де әр шаңырақтағы татулық пен түсіністіктен тарайды. Осы құндылықты дәріптеу мақсатында С.Мұқашев атындағы Атырау политехникалық жоғары колледжінде «Адалдық пен сенім – берік отбасының негізі» атты облыстық ата-аналар семинары өтті.
Семинар алдында ұйымдастырылған «BOOK Time» бұрышында ұлттық құндылықтарға арналған кітаптар қойылып, ата-аналарға тағылымды ой салды. Сондай-ақ, танымал суретші Аңсаған Мұстафаның отбасылық тақырыптағы туындылары көпшілікті терең толғанысқа жетеледі. «Кітап – білім бұлағы, сурет – көңіл айнасы» дегендей, аталған көрме қатысушыларға ізгілік пен махаббаттың отбасындағы рөлін еске салды.
Отбасының бірлігі – Отанның тұтастығы
Семинардың ашылуында Атырау облысы Білім беру басқармасының басшысының орынбасары Лаура Меңдіғалиева сөз сөйлеп, отбасы құндылықтарының қоғам үшін маңызына тоқталды.
– «Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» дегендей, ата-ананың үлгісі – баланың болашағының темірқазығы. Балаға жақсы тәрбие беру ел болашағына салынған ең асыл қазына, — деді ол.
Осы орайда облыстың әр өңірінен келген белсенді ата-аналарға Алғыс хаттар табысталды. Индерден, Жылыойдан, Махамбеттен, Қызылқоғадан, Исатайдан келген үлгілі отбасылардың еңбегі көпшіліктің алдында лайықты бағаланды.
Шараның негізгі бөлігі – «Отбасындағы әке мен ананың рөлі: жауапкершілік, құрмет, үлгі» тақырыбындағы пікірталас болды. Облыстық әкелер кеңесінің өкілдері қатысқан жиынға Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы республикалық «Аналар кеңесінің» өкілі, Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі бас инспектор Зәмзагүл Хиданқызы Жалмурзина, сондай-ақ қоғам қайраткерлері де шақырылды.
Зәмзагүл Хиданқызы Жалмурзина өз сөзінде отбасының бала тәрбиесіндегі орнын айрықша атап өтті.
– «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» дейді халқымыз. Әке – отбасының тірегі, ана – шаңырақтың шуағы. Әке мен ананың бірлігі мен парасаты баланың болашақтағы болмысына жол салады. Сондықтан әр шаңырақта сыйластық пен сенім орнықса, қоғам да берік, ел де еңселі болады, — деді ол.
Спикерлердің ортақ ойы «отбасы құндылығы мен ата-ананың өнегесі жас буынның басты мектебі» дегенге тоғысты.
Педагогикалық қолдау – ата-ананың серігі
Семинар барысында былтырдан бастап білім беру ұйымдарында енгізілген «Ата-аналарды педагогикалық қолдау орталықтарының» жұмысы таныстырылды. Бұл бастама – ата-ана мен мектеп арасындағы алтын көпір. Мұндай орталықтар баланың үйлесімді дамуына ықпал етіп қана қоймай, ата-ананың педагогикалық мәдениетін арттыруға жол ашатыны айтылды.
Жиын соңында ұстаздар еңбегі де лайықты бағаланып, Алғыс хаттармен марапатталды. «Ұстазы жақсының ұстамы жақсы» дегендей, ата-ана мен мұғалім ынтымақтасса, бала болашағы жарқын болары сөзсіз.
Жалпы, семинар үш бағыт бойынша секциялық отырыстармен жалғасты. Бастауыш, орта және жоғары сынып оқушыларының ата-аналары бөлек-бөлек жиындарда тәжірибе алмасып, бала тәрбиесіндегі өзекті мәселелерді талқылады. Ұлттық тәрбиені заман талабына сай жеткізудің әдістері ұсынылды.
Қазақ «Береке бастауы – бірлік, ел іргесі – татулық» дейді. Бұл семинар да осы бір даналықтың өміршеңдігін тағы бір мәрте дәлелдеді. Өйткені отбасы – қоғамның берік діңгегі, ал адалдық пен сенім – сол діңгектің мызғымас негізі.
Майра ЕРҒАЛИ