Жарнама
Қоғам

АДАЛДЫҚТЫҢ АЛА ЖІБІН АТТАМАҒАН…

Сөйтіп, өмір көші жалғаса берді. Забурын елді мекенінің түрлі жұмыстарына жұмылдырылған отағасы ауылдың соғыс зардабынан арылып, бойын тіктеуіне бір кісідей атсалысты. Жанұя шаттығы артып, ұрпағы жалғасты. Бейбіт күннің бар тартуын көрген Дәуреш ақсақал ұрпақ қызығына бөленіп, 2009 жылы өмірден өтті. Балаларының үйлі-баранды болғанын көріп, немере сүйген қария ұрпағының білім жолына деген талпынысына еш қарсылық танытпастан, бар жағдайларын жасауға тырысты. «Біздің қаріп танымастан, қараңғы болып қалғанымызды қазіргі балаларға бермесе екен, қазір тек білімді ғана барлық арман-мақсатына жетеді» деген қағидатты қатаң ұстанған әкей бас көтерген тұңғышы Шәкимардан ауылдағы жеті кластық мектепті бітірген соң, Гурьевке келіп, Балықшыдағы Жангелдин атындағы мектепте оқимын дегенде бата беріп, жарқын болашақ тілеген-ді. Сөйтіп, орта мектепті ойдағыдай аяқтаған соң, Шәкимардан Дәурешұлы медицина саласын таңдап, дәрігерлік училищенің студенті атанды. Оқу орнын тәмамдаған тұста бірнеше жыл бойы жас маман осы саланың қыр-сырына қанығып, еңбек жолын бастады.

Кейінірек, 1969 жылдан 1972 жылға дейін Балықшыда аудандық кеңес атқару комитетінде ұйымдастыру бөлімінің нұсқаушысы болып табысты қызмет атқарды. Жастық жалыны мен жігерін қоғам өміріне арнаған жас кадр ендігі уақытта сот саласын меңгерсем деген бала күнгі арманын жүзеге асыру мақсатында Самарадағы Бүкілодақтық заң институтына түсіп, соңынан Мәскеуге ауысты. Осылайша, жоғары оқу орнын бас қалада тәмамдап, тиісті дипломын да қолына алды.

Шәкимардан Дәурешұлы өңірге оралып, сот саласындағы табысты қызметінің алғашқы баспалдағын аттады. Махамбет аудандық сотына судья болып тағайындалған ол кәсіби өрлеуге жетелер жолға беттеп, алғашқы сәттен-ақ білімі мен білігін таныта білді. Қай істі болмасын байыппен талдап, соңына жеткізгенге дейін тыным таппайтын судья зор сұранысқа ие болып, көп ұзамай, Гурьев облыстық соты төрағасының орынбасары лауазымына тағайындалды. Үш жыл қатарынан осы қызметті абыроймен атқарып, біліктілігін шыңдай түскен сәтте 1986-1989 жылдары Балықшы аудандық сотының, 1996 жылдан 2002 жылға дейінгі аралықта Жылыой аудандық сотының төрағалығына сайланып, қызметтік сатымен өрлей түсті. Кейін облыстық сотта судья болып, зейнеткерлікке Атырау қалалық сотынан кетті.

Талапшылдық пен турашылдық, сабырлылық пен парасаттылық. Осындай кәсіби қасиеттерді бір бойына топтастыра білген жан ғана аталмыш салада айтулы маманға айналады. Ал, аталған қасиеттерді әңгімелесу барысында кейіпкеріміздің бойынан байқаған біз де, әуелгі сәтте сұсты көрінер келбеттің астарында жылылықтың ұялағандығына куә болдық. «Әрине, судья болу, сотқа төрағалық еткен сәтте таразы басын тең ұстау қажет. Бір басында адам тағдыры тұрса, ендігі басында заң алдындағы жауапкершілік тұрады. Қай істе болмасын, кәсіби біліктілікпен қатар, адами қасиеттен де жұрдай болмау керектігін естен шығарған емеспін» деген Шәкимардан Дәурешұлы бірнеше буын шәкірт тәрбиелеп, үлгі алар өмір мектебі болды.

Сала ардагері, білікті судья, он бес жыл қатарынан облыстық сотқа төрағалық еткен Уагап Трумовтай ұстаздан үлгі-өнеге алған ол әділет басқармасы басшысы болған Төкен Қуанышев, прокурорлар Тоқтар Өтелбаев, Сатан Шуреев, Сұңғат Мұханғалиев, Долда Досполов, Иманғали Сейтовтарды да алдыңғы аға буын өкілдері ғана емес, қызметтік сатымен сәтті өрлеуіне жол ашқан жанына жақын ағаларындай қадір тұтады.

«Осы ізгі жандармен қатар, есімдерін ерекше жылылықпен атайтын қатар қызмет атқарған жолдастарым Тасболат Қабдиев, Ерсайын Шайхиев, Тастанбек Шоңғарин, Сағат Смахов, Болат Темірхановтардың өзі бір төбе. Бірге жұмыс жасаған уақыттарда, қызметтік сыйластығымызбен қатар, аға-іні, бауырлардай жақын араласқан сәттерді бастан кешіргеніміз кейінгі күннің естелігіне де айналып бара жатыр» дейді ол.

Естелік демекші, Шәкимардан Дәурешов туралы пікірлер топтамасын сараптамақ болған сәтте, сөз алған жандардың барлығы аса бір жылылықпен «Біздің ағай…» деп әңгімелерін бастайтынына куә болдық.

«Мен 1973 жылы Балықшы аудандық прокуратурасына тергеуші болып жұмысқа кіріскенімде, аудан прокуроры Тоқтар Өтелбаев мырза да, прокурордың көмекшісі Шәкимардан Дәурешов аға екен. Жас маманмын, білгенімнен білмегенім бірнеше есе көп. Осы сәтте адамға деген қамқоры мол азаматтардың басшы болып отырғанына сан мәрте куә болдым. Білмегенімді үйретіп, балалы екенімді де естерінен шығармай, әрдайым қамқорлап отырды, кезекшіліктерге қалдырмастан, жұмысты ақсатпай, бар тізгінді өз қолдарында ұстап отырды. Жұмысқа келісімен, көмекшіге кіруге көп адамның ынтық екендігін көріп, «көмекшінің жұмысы қызықты екен» деген ойға қалатынмын. Сөйтсем, алдына бас сұққан кез келген жанның айтарын асықпай тыңдап, маман ретінде кеңес беруге әркез дайын тұратын Шәкимардан ағайымның жақсылығының бір белгісі осы екен ғой. Кейін Ш.Дәуреш-ұлы тергеуші, мен көмекші болған сәтте де осы үрдіс өз жалғасын тапты. Ұжымды ұйымдастыру, бірауыздылыққа тәрбиелеу тұсында да ол ағадан үйренеріміз мол болды» дейді Атырау облыстық адвокаттар алқасының төрайымы Айсұлу Омарова

«1984 жылы сот саласына жұмысқа келген сәтімнен бастап, бүгінге дейін ағалы-інідей етене араласып келе жатқан жанның бірі – Шәкимардан Дәурешов ағамыз. Сол жылдары ол Гурьев облыстық сотында судья, ал мен қалалық сотта стажер-судьямын. Жұмыс барысында араласып, ақыл-кеңес алғаным уақыт өте келе сыйластыққа ұласып, жылдарға жалғасқан жолдастығымыздың бастауы болды. Мен бір жылдары Құрманғазы аудандық сотына жұмысқа ауысқанымда, барлық аудандарға облыстық соттың судьялары кураторлыққа тағайындалатын, сол тәжірибе бойынша біздің ауданның үлесіне Ш.Дәурешов ағамыз ие болды. Ауданға ат басын бұрған сайын, қаралу процесіндегі, ендігі кезекте қаралмақ істердің әрқайсысымен жеке-жеке танысып, ақыл-кеңесін, нұсқауын беретін. Алыс ауданның бірі болғандықтан, сот саласындағы соңғы заңдылықтар қолымызға кеш тиіп қалған сәттерде де ағамыз бізге жол сілтеуші болды.

Шәкимардан аға туралы сөз қозғал-ғанда, барлығы кәсіби маман ретіндегі пікірлерін білдірері сөзсіз, осыған орай, мен ағаның адами қырларын айта кетсем. Ол ешқашан көмек сұраған адамға қарсы келген емес. Мейлі, ол таныс болсын, болмасын, ұдайы ақылын айтудан аянбайды. Отбасы, балалары үшін жанын беруге даяр қамқор әке, немерелерінің әр қадамы мен қызығына балаша қуанатын ардақты ата» деген ұзақ жылдар бойы сот саласында табысты қызмет атқарған зейнеткер Есен Атшыбаев та бүгінгі әңгіме арқауына айналған ардақты жанның азаматтық қалыбы қашан да биік тұрғанын айтып өтті.

Облыстық соттың апелляциялық алқа төрағасы Қамбар Нұрышев та пікір білдіргендер легін жалғастырып, жылы лебіздерін жеткізді. «Мен де – сот саласындағы еңбек жолымды Шәкимардан Дәурешұлының қарамағында бастап, оны ұстазым ретінде құрметтейтіндердің бірімін. Сырттай сұсты болып көрінгенімен, маған жылы қабақ танытып, судьялық қызметтің қыр-сырын асқан ыждағаттылықпен үйретті. Істің бүге-шігесіне дейін зерттеген соң ғана шешім қабылдау, сот процесіндегі тараптармен қарым-қатынас орнату, үкім-шешім жазу заңдылықтарын санама сіңіру, өмірлік мектебіме айналды. Бұл күнде зейнет жасына жетсе де, саламен байланысын еш үзбей, қоғамдық шараларға белсенді араласуы арқылы кейінгі буынға әлі де үлгі болып келеді» дейді ол.  

Иә, бұл күнде бақытын еңбектен тапқан Шәкимардан Дәурешұлы зейнет жасында болса да қызметтен қол үзген емес. Қиыны мен қызығы қатар өрілген салаға алғаш қадам басқан сәтте баулыған шәкірттері қазіргі таңда – сот саласының табысты қызметкерлері, белді басшылары. Осының өзі бар ғұмырын бір салаға арнаған жан үшін – зор бақыт.

Ер-азамат – отбасының алтын тұғыры. Ш.Дәурешұлы да тағдыр қосқан жары Муғипамен бірге ортаның сәні болып, талай кештің көрігін қыздыр-ған-ды. Алайда, жазмыштан кім озған, зайыбы өмірден өтіп, кейін Мейрам-гүлмен құрған шаңырағының шаттығы артып, мәуелі бәйтеректей тамырын тереңге жайды. Өмір көші осылайша жалғаса бермек…

Гүлжан Әмірова.

 

 

 

 

 

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button