Адалдықты ар тұтқан еді…
Қаракөл ауылының тумасы Рзағали Тәжиев 1932 жылы Қызылқоға өңірінің Жамбыл ауылдық кеңесінде дүниеге келіп, Бесқала бастауыш мектебін тәмамдаған. Қаракөл орта мектебіне жұмысқа барарымда әкем марқұм: «Сол ауылда Рзағали деген ағаң, Жаңылған атты жеңгең, олардың Майым деген үлкен аналары бар. Үйлері мектеп-интернатқа жақын, демалыста барып тұрасың ғой», – деп тапсырған болатын.
Адалдықты ар тұтқан еді…
Расында, Рзағали аға өзінің адал еңбегімен, адами қасиетімен үлкен жетістікке жеткен азамат еді. Әкесі кедей шаруа отбасында туған, ерте өмірден өткен. Ағалары соғысқа аттанып, одан хабар-ошарсыз кеткен. Анасы, қарындасы үшеуі өз күнін өздері көрген. Тамақ асырау үшін он жасынан еңбекке араласқан. Шөп үю, жер жырту, сабан жинау – осының бәрі бұғанағы қатпаған кішкене баланың атқарған жұмысы. «Біз бала болып ойнамадық. Ересектермен бірге ерте тұрып, кеш жаттық. Сталин атындағы колхоздың шопаны Жалғас Сарыбаевтың қарауында қой бақтық…» деп, мұңая әңгімесін жалғастырып отырушы еді ағамыз.
Ол 1949 жылы Қаракөл орта мектебін бітіріп, Алматы қаласындағы малдәрігерлік-зоотехникалық институтына оқуға түседі. Институтты 1954 жылы тәмамдап, мал дәрігері мамандығын алып шықты.Содан соң Қызылқоға топырағында мал дәрігері, бас мал дәрігері, аудандық ауыл шаруашылығы басқармасының бас мал дәрігері қызметтерін атқарады. Сондай-ақ, Рзекең мал басының аман сақталуына, ауданның әлеуметтік-экономикалық жағдайының өрістеп-өркендеуіне өзіндік қолтаңбасын қалдырды. Ал, 1985 жылдан бастап аудандық малдәрігерлік стансасында аға мал дәрігері болып, сол орыннан зейнет демалысына шығады.
Ұзақ жыл комсомол, совет, партия жұмыстарында қызмет істеген Көбен Карин ағамыз өзінің «Абзал азаматтар» деген естелігінде 1952-1954 жылдары Алматы қаласынан ауыл шаруашылығы жоғары оқу орнын бітіріп келген Қазбек Отаралиев, Мырзаш Ізімов, Мырзабай Айшуақов, Зай Марданов, Рзағали Тәжиев, Сайпол Мұқанов ағаларды колхоз құрылысын нығайту жұмыстарына зор үлес қосты деп атап айтқан болатын. Расында да, бұл ағаларымыздың ауыл экономикасын өрістетуге сіңірген еңбегі ұшан-теңіз еді-ау. Рзағали ағамыз колхоз бен совхоз өндірісін терең білетін, қай істе де ұйымдастырушылық қабілеті жоғары, шыншыл, сабырлы да салмақты, адамгершілігі мол басшы болды. Оныншы бесжылдықта, 1976-1980 жылдары, аудан экономикасының өркендеу кезеңі-тұғын. Осы аралықта қой саны – 7,1, жылқы – 5,5, түйе – 5 пайызға өсті. Айтқандай, әр жүз аналықтан – 110 қозы, 75 құлын, 64 бұзау, 39 бота алынды. Мал шаруашылығын өркендетудегі жетістіктері үшін Рзағали ағаның басшылығындағы шаруашылық Бүкілодақтық жарыстың бірнеше мәрте жеңімпазы атанды.
Рзағали ағамыздың бір тамаша қасиеті – көпшіл, кісі жатырқамайтын. Жанына өзі секілді азаматтарды жинап, бәрін дос, ағайын, бауыр санайтын. Жұмыс барысында кездесіп қалатын уақытша қиындықтарға төтеп беріп, айналасындағы жұртты соған жұмылдыра білетін. Кейін өзі құрметті еңбек демалысына шыққанда:
— Қазіргі тұрмыс жақсы ғой. Үлкендер де, кішілер де не ішем, не кием демейді. Адал еңбек еткен адамға бәрі бар. Тек бойкүйез болмау керек… – деп отыратын.
Ауданның ветеринария саласын дамытуға орасан зор еңбек сіңірген ағамыз талай рет мақтау грамоталармен, медальдармен марапатталып, 2005 жылы Қызылқоға ауданының Құрметті азаматы атанды. Отбасылық өмірде Жаңылған жеңгемізбен үш ұл, алты қыз тәрбиелеп өсірді. Бәрі де жоғары білімді, ел экономикасын өркендету жолында өз үлестерін қосуда. Үлкен ұлдары Нұрберген, Абзалы, Айманы, Толқыны… – бәрі бір-бір саланы меңгеріп, әке аманатын ақтау жолында. Немеренің үлкені Әзілхан – ғылым жолында.
Ұлдай ӘЙТІШЕВА,
Қызылқоға ауданының Құрметті азаматы.