АБЗАЛ – ТАҒЫ ДА АЗИЯ ЧЕМПИОНЫ
Ол рингте 60 келі салмақ дәрежесінде иорданиялық спортшы Адай али Абдулрахиммен кездесті. Айта кетсек, 2011 жылы өткен әлем чемпионатында Адай әлем чемпионы атанған болатын.
Жекпе-жек бес раундқа созылды.
— Бұған дейін қарсыласыммен рингте кездеспеген едім. Сондықтан, бұл додаға дейінгі оқу-жаттығу жиындары кезінде бейнеролик арқылы қарсыластың тактикасын меңгеруге тырыстым. Соққыларына үлкен мән бердім. Алайда, Адай оңай қарсылас емес. Бірінші раундтың басында оған нокдаун ашқан болатынмын. Кейін бар күш-жігерімді жиып, жеңіске жетуге талпындым. Спорттық жетістіктерге жетуге үнемі қолдау білдіріп келе жатқан «ҚазТрансГазАймақ» басшысы Ельдар Тағаш, облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы мен облыстық кикбокс федерациясы басшысы Нұржан Ермұхановқа алғысым шексіз, — дейді Абзал бізбен әңгімесінде.
Азия додасында Абзалмен бірге ел құрамасының мүшелері, отандас кикбоксшілеріміз де бақ сынасқан болатын. Қазақстан құрамасы айқын басымдықпен жеңіс тұғырынан көріне білді.
Ал, жерлесіміз туған жерге оралысымен маусым айында өтетін Қазақстан біріншілігіне дайындық жаттығуларын бастап та кетті.