Жарнама
Қоғам

АҚЫНЫН АРДАҚТАҒАН АТЫРАУ

a2545Ағайындары атынан сөз алған бауыры Қибатолла Қайырмеденов осы іске белсене араласқан Құрманғазы ауданының әкімі Аманкелді Барақатов бастаған белсенділерге, алыстан маңдай тіреген қонақтарға, барлық қатысушы ауылдас ағайынға өзінің риясыз алғыс тілегін жеткізді. 
Ескерткіштің ашылу салтанаты аудандық мәдениет үйінде «Жұмекенді тану» тақырыбындағы конференцияға ұласты. Конференцияны белгілі ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Жазушылар Одағы Атырау облыстық филиалының директоры Қойшығұл Жылқышиев ашып, жүргізіп отырды.
Алдымен, сөзді аудан әкімі Аманкелді Барақатов алды.
— Жұмбақ ақыннан жұлдызды ақынға айналған, иірімі терең, тұжырымы өзгеше Жұмекен – Мемлекеттік Әнұран авторларының бірі. Ол қазақ әдебиетіне ұшан-теңіз жаңалығымен келді. Оның әлемі толық ашылып болған жоқ. Бұл конференцияны өткізу де тани түсейік деген ойдан туындады.
Атырауда өткен Жұмекен оқуларының жеңімпазы Сүйіндік орта мектебінің оқушысы Ернұр Кінама ақынның әкеге арналған өлеңін асқан шеберлікпен оқып, көрерменнің ыстық ықыласын иеленді.
Кезек тақырыптық баяндамаларға келгенде алдымен мінберге Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің профессоры, белгілі ақын, Жұмекентанушы Қадыр Жүсіп көтерілді.
— …Ақынның лирикалық қаһарманы — үлкен интеллект. Оның басты көтеретін мәселесі — адамгершілік, ар алдындағы борыш, ізгі қасиеттер үшін күрес, күллі өмірдегі адам ар-ожданына кереғарлықтардың бәріне қарсы майдан ашу, халықтық проблемалар, бүкіл планеталық мәселелер. Айнала етектен тартқан ескілік, мансапқорлық, көрсоқырлық, аярлық, опасыздық, қаныпезерлік тынышын алып, түн ұйқысын төрт бөледі. «Өлең — сирена» дейді Қадыр Мырзалиев. Жұмекен ақынның әр өлеңі — ақын сезімінің сиренасы. Оның лирикалық кейіпкері өзін әлем алдында, адамзат баласы алдында үлкен жауапкершілік сезінеді.
Ж.Нәжімеденовтің азаматтық үні «Жүрегімде бір тамшы қан болса егер» деп басталатын өлеңінде-ақ анық естіледі. Ақын ойлары кесек айтылған бұл өлеңі -кеудеден қайнап шыққан көңілдің ақ жамбысындай үлкен толғанысты туынды. Лирикалық кейіпкер өзін денені аралайтын бір тамшы қанға балап, сол қан сияқты туған жердің тамыр-тамырын аралайтындығын айтады. Адам қансыз өмір сүре алмайтын болса, ел де адамсыз өмір кешуі мүмкін емес деген ой айта келіп:
Мен кідірсем терім сүртіп
бір сәтке,
Бүкіл дүние тұрып қалар секілді, -деп тұжырымдайды. Ақынның осы шағын өлеңі ақынның бүкіл поэзиясының лейтмотиві деп есептеу керек.
Д.Нұрпейісова атындағы орта мектеп оқушысы Айымгүл Исағалиева Жұмекен бабасының «Қайран шешем» өлеңін айрықша сезіммен көрермен назарына ұсынды.
«Ж.Нәжімеденов шығармаларындағы ақсақалдық тақырыбы» бойынша ҚР Жаратылыстану ғылымдары Академиясының академигі, өлкетанушы Өтепберген Әлімгереев баяндама жасады.
— Жұмекеннің қай өлеңін, керек десеңіз прозасын алып қарасаңыз да қазақи тәрбиенің қазағы болып бір қария жүреді. Сондайда бүкіл Қошалақтың ғана емес, күллі қыр бойының абызы Әжігерей — Нәжімеден асқақтайды. Бір жағында жылжып аққан өзені, екінші жағында арындай аппақ ақ шағылы жатқан Қызылобасын айдай әлем таныған Алатау, Алматыға айырбастамай отырған анасы ойға оралады. Болмаса «Қабылан қарт», тағы да «Қақпа алдындағы қария», «Мұздыбай қарт», «Ештеңе айтпайтын қарт» балладаларындағы аталарды алыңыз. Оларда жалғыздықты жеңе білген ірілік бар. Ұлттық дәстүрде тәрбиеленген бүрге шалдар тазалықтан басқаны жатсынады. Ұрпағының азбауын, дәстүрінің тозбауын ойлайды. Ақын оларды ақылдың кені, ұрпақ тәрбиесінің бастауы деп біледі. Міне, қазына қарттар солар.
Одан әрі баяндаманың өрісін «Өрлеу» АҚ Атырау облысы бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институты директорының орынбасары, филология ғылымдарының кандидаты Алтыншаш Тәжіғалиева ұзартты. Оның тақырыбы Ж.Нәжімеденовтің «Жаңғырық» поэмасындағы ұлттық мүдде мен күрескер ғасырлар сипаты» деп аталады.
Конференция барысында баяндамалардан басқа құнды-құнды пікірлер де айтылды.
Ғарифолла ЕСІМ: — Ахмет Байтұрсынов Абайды «қазақ халқының бас ақыны» деп жазды 1913 жылы. Ол бір қарағанда түсініксіз ақын,-деді. -Түсініксіз болатыны, оның кемшілігі емес, түсінуге дәрменсіз біздің кемшілігіміз. Нағыз ақын — періште. Мына шаң басып тұрған өмірде айналамызды шайтан қаптап кетті. Абай, Жұмекендердің тереңіне бойлау үшін шайтандықтан арылу қажет. Жұмекенді Абайдың деңгейінен іздеген дұрыс. Ол заманынан асып туған ақын. Әйтпесе, сонау бір жылы жазған өлеңі бүгіннің Әнұранына айнала ма? Қысқасы, жүйріктің жүйрігі — Жұмекен. Оны жаратқан Қошалақтың әрбір сынық сүйем жері қасиетке толы.
Сәрсенбай ЕҢСЕГЕНОВ: — «Елдің атын ері шығарады» дейді халық даналығы. Барша қазақтың рухын Әнұранымен жандырған Жұмекенді ер емес деп қалай айта аламыз? Құрманғазы ауданы үшін де, атыраулықтар үшін де қасиетті есім. Серікқали Мұрынов, Шымыр Қарманов деген елжанды азаматтардың арқасында Жұмекендей жыр дүлдүлінің 7 томдық шығармалар жинағын шығаруға қолымыз жетті. Алматыда әдемі тұсаукесері өтті. Өткен жылғы 16 желтоқсан — Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында Астанада тұсаукесері ұйымдастырылды. Оны тамаша етіп жүргізген осы Ғарифолла Есім ағамыз.
Енді екі жылдан кейін Жұмекен ағамыздың 80 жасқа толу мерейтойы келеді. 22 қарашада қайтыс болғанына 30 жыл толады. Соған орай Алматыда үлкен ас берілмекші. Осылардың қарсаңында кіндік қаны тамған жерде ескерткішін ашқанымыз өте бір ел сүйсінерлік іс болды. Мүсінін жасаған жылыойлық Серік Мәтениязов деген азамат. Ол көптеген тарихи тұлғаларды сомдаған белгілі өнерпаз. Ақтауда ол жасаған Қашағанның ескерткіш — мүсіні тұр.
Алда – айтулы жерлесіміздің 80 жылдығы. Бүгінгі тас мүсінінің айналасына жол төселсе, оның маңында жыр оқылса, күй шертілсе, «Жұмекен оқулары» ұйымдастырылса, марқұм ақынның рухы разы болар еді. Өзі жұмыс бабымен келе алмаса да, орынбасары Сәлімжан Нақпаевты жіберіп, осы шараға жоғары маңыз берген облыс әкімі Бақтықожа Салахатдинұлының ыстық сәлемін қабыл алыңыздар, — деді Сенат депутаты өз сөзінде. Сонымен бірге белгілі қаламгер, қоғам қайраткері Сауытбек Абдрахмановтың: «Мұқағали, Қадір, Тұманбайларға еліктеушілер көп, ал Жұмекенге жоқ, себебі оның жауһарлары тым тереңде, екінің бірі қол жеткізе алмайды»,-деген сөзін де есімізге салып кетті Сәрсенбай Еңсегенов. Одан әрі ол ауданның Абай, Бегәлиев, Еңбекші, Нәжімеденов, Әуезов мектептерінің, мектеп-жатақхана директорларына Жұмекен ақынның 7 томдығын өз қолымен үлестірді. Қалған мектептерге де жететіндігін айтып өтті.
Өмірзақ ҚАЖЫМҒАЛИҰЛЫ: — Жұмекен өмірде өте қарапайым болды. Туған жеріне дабыраламай үн-түнсіз келіп-кетуші еді. Ақ шағыл, ыстық құмына армансыз аунап-қунағанына мәз. Ол осынау бір таңғажайып әнімен қазақтың рухын көтерсе, өзі әлі халқына толық таныла алмай жатыр. Осыдан бес жыл бұрын дайын етілген ескерткіші бүгін ғана қойылды. «Жұмекенді өзіміз дұрыс тани алдық па?» деген сұраққа қиналатынымыз шындық. Меніңше, Жұмекенді танудың әліппесі бүгін ашылған сияқты. Оқулары әр ауылда, әр мектепте ұйымдастырылуы керек. Аудан орталығына кәдімгі бойымен тұрған ойлы ескерткіш-мүсіні керек-ақ. Ол бір ғана округтің аясында қалатын жан емес, бүкілхалықтық бірегей тұлға ғой, — деді.
Осы арада Сәрсенбай Құрманұлы қайыра сөзге араласты. — Мына Ғарифолла ағамыз Төле бидің тойына шақырыла тұрса да осында бас бұрды. Абайды, Шәкәрімді жазды, енді «Жұлдызды Жұмекен» деген кітабына кіріспекші, — деді ол.
Әкесі Жұмекенге көрсетілген осындай риясыз ықыласқа орай арнайы келген ұлы Мағжан Жұмекенұлы облыс, аудан әкімдеріне, ат үстінде жүрген белсенділерге, Жұмекен десе ішкен асын жерге қоятын ел-жұртқа отбасы, әулеті, ұрпақтары атынан алғыс айтты.
Жергілікті сазгер Мақуза Бабакиеваның белгілі ақын Ақұштап Бақтыгерееваның сөзіне жазылған «Қоңыр аға» әнін аудан өнерпаздары Гүләйім Селеуова, Әлия Шайхымова тамылжыта орындады.
Конференция жұмысын облыс әкімінің орынбасары Сәлімжан Нақпаев қорытындылады.
— Айрықша тәрбиелік мәні бар шара жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Халықтың, туған жерінің Жұмекенге деген махаббаты айрықша көрініс берді. Қасіретті де, қасиетті Желтоқсан оқиғасы кезінде өктем саясатқа қарсы тұрған ұрпақтың осы әнді айту үстінде көз жұмғаны қаншама? Елді, жерді сүю, қастерлеу деген отаншылдық ұғым бастауында Жұмекеннің тұрғаны анық. Осыны ұрпақ санасына сіңіре білейік. Облыс әкімі сол үшін де Жұмекенге арналған бүгінгі ұлығылауға өте жоғары маңыз берді, -деген ол осы шараға арнайы келген Ғарифолла Есімге, Сәрсенбай Құрманұлына, атыраулық ғалым-жазушыларға, Аманкелді Барақатов бастаған аудан белсенділеріне зор ризашылық тілегін жеткізді.

Таңатар ДӘРЕЛҰЛЫ.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button