Жарнама
Қоғам

Ақұштап БАҚТЫГЕРЕЕВА: «Шынайы ана болу — ең күрделі мамандық»

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ақын.

аку

Томиристен басталған тектілік

– «Анасыз ұрпақ болмайды, адамзат өсіпөнбейдіАлып та, ақын да, батыр да, данышпан да анадан туады. Ана жайлы күні-түні сөйлеуге болады, сонда да теңізге тамған тамшыдай көрінер еді» деген тәмсіл бар. Ана туралы бұдан асырып бір нәрсе айту да қиын. Десе де, осы сөздің парқына жете алып  жүрміз бе?

–  Өмірден көрген, өз басымнан кешкен оқиғалардан түйгенім, ана – дүниедегі ең қасиетті, ең қадірлі адам.  Бірақ, шындығы сол, біз өсіп-өніп болғанша, ананы ұмыта тұрады екенбіз. Содан кейін барып мерекелерде, жан қиналғанда, ол өмірден өтерде ғана ананы іздейміз. Асылында, тіршілікте ана баласына бар мейірімін беретін, өзін құрбандыққа шалатын адам. Баласы үшін бәріне төзетін адам.

Оның ішінде, қазақ әйелінің образы, ерекше болмысы сонау тарихымыздан Томирис, Айғаным, Зере, Ұлпан, Хиуаз ұлағатымен жалғасып келе жатыр. Шариғаттың өзінде «Жұмақ – ананың аяғының астында» дейді. Мұның барлығы ана болудың үлкен ерлік екендігін көрсетеді.

Рас, жұмыр басты пендеге барлық мамандықты игеруге болады. Дүркіреген бизнесмен де, мықты заңгер де, сонау мұхиттарды бағындыра алатын басшы да бола аласыз. Бірақ, шынайы ана болу – ең күрделі мамандық. Себебі, ана болу деген сөз — өзіңді құрбандыққа шалу. Ал, ол үлкен төзімділікті, кең жүректі қажет ететін дүние.

– «…Ұлыңнан аулақ жүрдім, бөлек те өстім,

Мінезім бірақ ерсі демепті ешкім.

Мен сені жасартпадым, қайран ана,

Тезірек қартаюға көмектестім.

Өмірге аяқ бастым, құлап келдім.

Одан соң ақыл сұрап, жылап келдім…»

Жыр жолдарыңыздан алынған осынау үзіндіден өкініш табын көбірек байқауға болады… Себебі неде?

– Сан ғасыр бұрын Асан қайғы желмая мініп іздеген Жерұйықта біздер, яғни, бүгінгі заман ұрпағы өмір сүріп жатырмыз. Өйткені, ашық аспан, бейбіт заман. Жанға керектің, іздегеннің барлығы бар. Бірақ, солай бола тұра біз «Қарттар үйінің» қатарын көбейтіп алдық. Тірі балалардың ата-анасы сол үйлерде шерменде болып отыр. Ана ешқашан еңбегін сатпайды. Демек, мейіріміне жауап күтпейтін табиғаттың ғажайып сыйын  құрметтеу туралы әңгіме көктем мерекесінде ғана емес, күнделікті өмірде де талқы тақырыбынан түспеуі тиіс.

Ұлттық педагогиканы жаңғырту керек

– Ене мен келін сыйластығы соңғы кездері жиі қозғалатын тақырыптардың біріне айналды. Жалпы, осы мәселеде біз нендей дүниелерді назардан тыс қалдырып жүрміз?

– Ене мен келін – мәңгі тақырып. Біреулер «келінімді қызымдай көремін» деп жатады. Бірақ, сүтіңді ембеген, өз құрсағыңнан шықпаған баланы өзіңдей көру мың миллионнан бір жағдайда ғана болуы мүмкін. Себебі, бөтен үйдің көзқарасымен тәрбиеленіп, есейген келіннің өзіндік ойы, пікірі болады. Қазір жастардың көп бөлігі ата-енемен бірге тұрмай жатады. «Үйлесіп кетсін» деген оймен ата-ене де бірден жастарды әрі итереді. Осыдан келіп, біздің ұрпақ ата-әже тәрбиесінен алшақтап барады. Рас, бүгінгі ғасырдың қыздары жан-жақты, білімді. Бірақ, ата дәстүрден тәлім үйрену дегенді біз оларға уақытымен айта алмадық. Асылында, ата-баба тәлімі  тұнып тұрған ұлттық педагогика еді ғой.

Жаңа дәуір дегеннен шығады, кейбір енелердің қазіргі заманның ұрпағын қабылдай алмайтыны да шындық. Сөйтеді де, өзінің дегенін иіп-бұрып салғысы келеді. Мұндай әдіске бұрынғының келіндері көнді. Себебі, олар он үш-он төрт жаста босаға аттады. Ал, қазіргі 25-тен асып, 30-ға таянған келіннің қалыптасып қалған өз көзқарасы бар. Демек, бұл мәселеде үлкен ақыл, білім, парасат керек. Келін енеге, ене келінге иіле түскенде ғана ымырашылдық туады.

Әр халықты ұлттық ерекшелік даралайды

– «Әр халықтың, әр ұлттың өзіне-өзі ұқсағаны жақсы». Бұл Халық қаһарманы Бауыржан Момышұлының сөзі. Әңгімемізді осы сөзбен түйіндесек…

— Халық өз алдына, аспанда ұшып жүрген құстың өзі бір-біріне ұқсамайды. Мысалы,  бозторғай басқа,  қарға басқа, аққу басқа. Сол сияқты, әр халық өзінің болмысын сақтауы керек. Және бұған жаһандану дәуірі сылтау бола алмайды. Ащы да болса шындық сол, қазіргі заманның кей қыздары Италияға барып тұруды армандайды. Аралас некенің қоғамға әбден еніп кеткені де жасырын жағдай емес. Мейлі ол Еуропа, мейлі Африка болсын, жат жерге кеткен қыздарымыз қартайғанда, бәрібір қазақтың кемпірі болатынын ұмытпаса деймін. Әлеуметтік-экономикалық талаптарды ысырып қойып, адами өлшем тұрғысынан алсақ, қырғызды біз басындағы айырқалпағынан тани кетеміз. Қылышын байлап жүрмесе де, беліндегі белбеуінен, папахасынан, қоңқиған мұрны, мінез-құлқынан таулықтарды ажыратып аламыз. Мейлі ол базарда, иә далада тұрсын, өзбектерді басындағы тақиясынан-ақ біле қоямыз. Ал, қазақты араластырып жіберсең, таппай қаласың.

Әр халықты, ең алдымен, оның ұлттық ерекшелігі даралайды. Сондықтан, қазақ халқы да, қандай заманда да, өзінің даралығынан, даналығынан ажырамауы тиіс. Сайып келгенде, мұның барлығы ұрпақ тәрбиесіне тікелей байланысты.

 

Баян Жанұзақова

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button