Жарнама
Қоғам

АҢСАҒАН АЛҒАШҚЫ АДЫМ

Жалпы, Ресейдің Тула қаласының медицина қызметкерлері Атырауға бұрын да келген. Аталмыш компания бұл бағытта қажетті қаражат бөлген. Жасалған сәтті ота нәтижесінде бірқатар бөбек аяқтарына тұрып та кеткен. Өзгелері де оңалған. Сондықтан, ата-аналар тулалық дәрігерлердің ғажайып іс тындырғанына таң қалып, оларды «сиқыршылар» деп те атайды. Ал, соңғылары «біз тек күнделікті жұмысымызды атқарамыз, ал әке-шешенің көп көмегі керек» дейді.

Биыл сал ауруына ұшыраған атыраулық 25 балаға кеңес берілді. Кейбіріне ота да жасалды. Сәбилердің бірі дәрігерлер алдына бұрын да келген болса, екіншісі алғаш рет қаралып отыр. Әрине, бәрінің де жалғыз ғана арманы бар, ол – аяғына нық тұру.

Тулалық дәрігерлер сырқаттарды Атырау қаласындағы онкология орталығында қабылдады. Бес жасар Мира дәрігерлер алдына аяғын сүйретіп әрең келді. Мамандар титімдей қыздың диагнозын анықтаған соң әке-шешесіне ота жасау қажеттігін жеткізді. Жалпы, Ульзибат тәсілі бойынша істелетін мұндай шара небәрі 20-30 минутқа созылады. Еш ауырмайды. Әрине, бірден оң нәтиже күту де қиын. Рас, отадан соң-ақ аяғына тұрып кететіндер кездеседі. Бірақ, біраз уақыт күтуге тура келетіндер де бар. Мамандардың айтуынша, осы тәсіл арқылы үш жастан жоғары көптеген сырқат балаларды қамтуға мүмкіндік бар екен. Тіпті 40 жастағылар да ота жасатуға келетін көрінеді. Қайтерсің, бәрі де үміттенеді. Өз аяғымен нық жүретін күнді аңсайды.

Толғанай жақында жеті жасқа толады. Өмірге келген сәттен-ақ қимыл қозғалысы шектелген. Бұдан екі жыл бұрын тулалық дәрігерлер ота жасаған-ды. Осы жолы кеңес алуға келіпті.

— Менің қызым бір аяғын мүлдем баса алмайтын. Тулалық дәрігерлер ғажайып іс істеді, — дейді кішкене қыздың анасы Хиуаз.

Толғанай дәрігерлердің және басқалардың көзінше еркін жүріп көрді. Оған ота істеген дәрігер Валерий Николин бүлдіршінді танып та жатыр. Анасын да мақтап қояды. Өйткені, Толғанайдың аяғын басып кетуі – екі жақты бірлескен әрекеттің жемісі. Жалпы, дәрігерлердің ата-анаға ұдайы айтатыны – отадан соң сәбилермен тұрақты жаттығулар жасауы. Күніне кем дегенде үш рет денесін қозғап, шынықтыру шарт.

— Сал ауруының жеңіл түрінде, — дейді тулалық дәрігер Валерий Николин, — кейбір балалар өздігінен оңалып кетеді. Көлденең көз байқамай да қалады. Ал, ауыры да болады. Мұндайда емдеу, әрине, қиын.

Жоғарыда айтқанымыздай, атыраулық сал ауруына тап болғандарды емдеуді КТК-Қ акционерлік қоғамы ұйымдастырып отыр. Кәсіпорын тулалық бес дәрігердің жолсапарын, осында алаңсыз жұмыс жасауын қаржылай қолдайды. Компанияның жұртшылықпен байланыс бөлімінің аға маманы Любовь Евстифееваның айтуынша, әр отаның құны орташа есептегенде 1200 доллар шамасында.

— Біз тулалық дәрігерлерді тағы шақырып отырмыз, — дейді компания өкілі, — балалардың жүріп кеткенін көріп, қатты қуанамыз. Бұрын қозғалыссыз болған сәбилер жағдайының сәл жақсарғаны да көңілге демеу. Дертінен айыққан бүлдіршіннің де, ата-ананың да жанарынан бақыт сезімін көру – біз үшін де бақыт. Ендеше, осы орайдағы шаралар жалғаса береді.

Бұған қоса айтарымыз – бұл іске Надежда Кирпичникова жетекшілік ететін «Детский орден милосердия» қоғамдық бірлестігінің де әдеттегідей белсене қатысуы. Осы үкіметтік емес ұйым сал ауруына шалдыққан балалардың үйлеріне хабарласып, оларға дәрігерлер жөнінде хабарлайды. КТК-Қ компаниясына өтініш білдіріп, 800 мың теңгеге ортопедиялық құралдар алуға да жәрдемдесіпті.

Бұған дейін тулалық дәрігерлердің көмегін көрген жас қыз жақында «Біздің қолымыздан бәрі келеді» байқауына қатысқан. Ғажайып емес пе, алдында ол мүгедек арбасымен ғана қозғалатын. Ал, сәтті шыққан отадан кейін жүріп кеткен, тіпті билеп те берген.

Ақырында, КТК-Қ АҚ-ның ұйымдастыруымен тулалық дәрігерлердің Атырауға келуі – аталмыш компанияның өңірде әлеуметтік саланы сауықтыруға бағытталған көптеген шараларының бірі. Мұнайлы мекендегі мүгедек балалардың бірқатары аяқтарына тұрды. Бүлдіршіндерінің сан жылдар бойы аңсаған алғашқы адымын көріп, ата-аналары да бақытқа бөленді.

Меңдібай СҮМЕСІНОВ,

Надежда ШИЛМАН.    

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button