АҚПАРАТ АЙДЫНЫНДА – «АТЫРАУ ЖАСТАРЫ»

Облыс жастарының тыныс-тіршілігінен хабардар ететін «Атырау жастары» атты сайт іске қосылды. Бұл туралы жастар саясаты мәселелері басқармасының ұйымдастыруымен өткен баспасөз мәслихатында белгілі болды.

- «Атырау жастары» сайтына облыс жастарының өмірі, олар қолға алған істер, жастар ұйымдарының атқарып отырған жұмыстары, үздік жобалар мен белсенді жастар жайындағы ақпараттар енгізіліп отыр. Сондай-ақ, жастарға қолайлы болу үшін клубтар мен ұйымдардың, өзге де мемлекеттік мекемелердің мекен-жайлары көрсетілген. Басты ерекшелігі – мұнда жастардың электронды жұмыс биржасы жұмыс жасайды. Яғни, бос тұрған жұмыс орындары жайында ақпараттар беріледі. Жұмыс іздеген жасқа бұл да бір жаңа мүмкіндік болады деген ойдамыз. www.zhasatyrau.kz мекен-жайын енді өңіріміздегі кез келген жас қолданып, сайтымызды алдағы уақыттарда қалай дамыту керектігі жөнінде ұсыныстарын айта алады,- деді сайттың тұсаукесерінде «Жас Отан» жастар қанаты Атырау облыстық филиалының атқарушы хатшысы Асқар Бопылдықов.

Аймағымызда тұңғыш ашылып отырған облыс жастарының сайты екі тілді болмақ. Ал, оны кең ақпарат беретін белді сайттардың біріне айналдыру жастардың өздеріне байланысты. 
Сонымен қатар, бұл апта ішінде 12 тамыз – Халықаралық жастар күніне орай түрлі шаралар легі өтпекші. Бұл жайында айтқан Атырау облысы жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Мейірім Қалауи қоғамның белсенді күші саналатын жастарды апталықты жоғары дәрежеде өткізуге шақырды. Айтуынша, тамыздың бесінен бастау алатын шаралар тізбегі айдың 12-не дейін жалғасын табады. Өткен жылдарға қарағанда мерекені атап өту өзгешелігі де осында. Мереке аясында, «King of the beat 2013» жастар биінің халықаралық ашық фестивалі, ұлттық өнерімізді насихаттау бағытындағы «Домбыра Party» флеш-мобы, бүгінгі жастардың 2050 жылғы жастарға жолдауы – «Уақыт капсуласын» орнату, отбасылық спорттық ойындар сынды түрлі іс-шаралар өтпекші. Ерекше айта кетерлігі, Ораза Айт мерекесімен тұспа-тұс келіп тұрған апталықта «Айт мерекесі – жастардың рухани қазынасы» тақырыбында ашық алаңда пікірлесу ұйымдастырылатын болады.
Оқу орындарын жаңадан аяқтаған және жұмыссыз жастарды жұмыспен қамту үшін тоғызыншы тамыз күні таңертеңгілік сағат 10-нан бастап бос жұмыс орындары үшін жәрмеңке өтеді. Облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар, жастар саясаты мәселелері басқармасы ұйымдастырып отырған жәрмеңкеге бүгіннің өзінде түрлі мекемеден 130 бос жұмыс орны жайында ақпарат келіп түскен.

Мәлике ҚУАНЫШЕВА.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз